Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қашаған мұнай өндірісі саласына тың серпін береді

Қашаған мұнай өндірісі саласына тың серпін береді

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
1073
Қашаған мұнай  өндірісі саласына  тың серпін береді Ел арасында «Қара алтын» деп әспеттелген мұнайға деген сұраныс осыған дейін болған, алдағы уақытта да бола береді.

 Былтырдан бергі  бұл өнімнің  бағасындағы  қалыпты құлдырау өнімге деген сұранысты  тым төмендетіп жіберді дей алмаймыз. Сұраныс бұрынғыша. Ел бюджетінің қомақты бөлігін құрайтын бұл салада 1991 жылдан бастап 2014 жылға дейін  өнім өндіру көлемі 3 есе артқан. Ел тәуелсіздігін алған жылдары небәрі 25 миллион тонна мұнай өндірген болсақ, былтыр бұл көрсеткіш 80,8 миллион тоннаға жетті. Мұнай қоры жөнінен әлемде 12-орында болсақ,  осы өнімді өндіруден 17-орынға табан тіреп тұрмыз. Жылдар өте келе  қара алтынды өндіруден  жетекші орындарға қол жеткізуіміз әбден мүмкін. Себебі мұнай-газ саласының дамуы бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға негізделген.  Мұндайда алдымен ауызға ілінетін ірі жобалар –  Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған. Бұл кеніштердің  мұнай қоры 1 миллиард тонна мұнай эквивалентінен асып жығылады. 

Еліміздегі  мұнайлы өлке болып саналатын  Атырау облысы әдеттегідей мұнай өндіруші  аймақтардың  көшін бастап тұр.  Бұл өңірдің дайын өнім өндіру көлемі 32,2 миллион  тонна. Маңғыстау,  Батыс Қазақстан, Жамбыл,  Қызылорда, Ақтөбе,  Шығыс Қазақстан облыстары да  қара алтын өндіруден ел бюджетіне қомақты үлес қосып отырған аймақтар. Биыл мұнай өндіру көлемі шамамен 81,8 миллион тоннаны құрайды деген болжам бар.
Осы жерде «Әлемдік нарықта  мұнай бағасы түсіп жатқан кезде қазба байлығымызды сақтай тұру керек пе?» деген сауал да  кесе-көлденең кездесетіні рас. Кейінгі күндері халықаралық нарыққа назар аударғандар 2015 жылдың екінші жартысы мен 2016 жылы мұнайға деген сұраныс арта түсіп, бұл бағаның көтерілуіне әкеліп соғады деген болжамды байқар еді. Ел арасында ОПЕК аталып кеткен, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ) таяуда ғана мұнай өндіруге арналған квоталар күніне 30 млн баррельдік бұрынғы қалпында қалады деген шешімге келді. Бұл шешімді ОПЕК  конференциясының 167-отырысынан кейінгі баспасөз мәжілісінде Сауд Арабиясының мұнай министрі мәлімдеді. Ұйым мамандарының болжамынша, 2015 жылдың ІІ-жартысы мен 2016 жылы қара алтынға деген әлемдік сұраныс артады. Сонымен бірге ұйымға мүше емес елдердің ұсынысы күніне 700 мың баррельден аспайды. ОПЕК елдері мұнай нарығындағы бағалар өндірушілер әрі тұтынушылар үшін де ыңғайлы деңгейде қалуы тиіс дегенмен, келісетіндіктерін растады. Хатшылық көмірсутегілер нарығында алдағы айларда болатын оқиғаларды мұқият қадағалап отыратын болады. ОПЕК-тің келесі отырысын 2015 жылдың 4 желтоқсанында Венада өткізу жоспарланған.
Мұнай өндіру, оны халықаралық нарыққа шығару жайлы сөз болғанда тап осы күні Қашаған кенішіне арнайы тоқталмай кете алмаймыз.  Тіпті қазіргі таңда бүкіл әлем назары қазақстандық Қашаған кен орнында ауып тұр деуге толық негіз бар. 2000 жылдың 30 маусымында ашылған кеніш әлемдегі соңғы 40 жылда ашылған ең ірі  кен орындарының бірі, сондай-ақ көлдегі ең ірі  мұнай кен орны. Жаңа кен орнының ашылғаны жайлы құлағдар болған шетелдік алып мұнай өндіруші компаниялар бұл жобадан тыс қалмауға барын салды. Нәтижесінде, отандық «ҚазМұнайГаз» компаниясымен бірге бұл жобаны игеруге  шетелдік Eni, ExxonMobil, Royal Dutch Shell, Total, Inpex және CNPC компаниялары да  асқан қызығушылықпен іске кірісті. Қазірдің өзінде бұл жобаға 50 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. 
Каспий қайраңындағы кеніштен мұнай алу оңайға түспей отыр. Жоба бірнеше рет кейінге ысырылып, әзірлік жұмыстары ұзаққа созылды. Алғашында 2005 жылы өнім ала бастаймыз деген жоспар болғанымен, нәтижесінде, ол тағы кейінге ысырылды. Алғашқы өнім алуға 2013 жылдың қыркүйегінде әрекет жасалды. Бір айдан соң «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тартылған құбырдағы ақаудың  анықталуына байланысты  Қашағаннан мұнай алу үдерісі тоқтатылды. 
Содан кейін кен орны мен кешенді қондырғы арасын жалғаған құбырды ауыстыру мәселесі ұзақ талқыланды. Мол өнім алып, пайдаға шаш етектен батамыз деген үміт әзірге ақталмай тұр. Дегенмен, Каспийдегі  мұз еріп, жұмыс жасауға қолайлы мүмкіндік туғаннан кейін  ақаулы құбырларды алмастыру жұмысы қызу қолға алынды. Жоба операторы, North Caspian Operating Co (NCOC) консорциумы осы жылдың сәуірінде кеніштегі  газ және мұнай құбырын толығымен  ауыстыру керек деген шешім қабылдады.
Деректерге қарағанда, 1 миллиард долларға 200 шақырым құбыр сатып алу жоспарланған. Алдымен теңіздегі өндіріс алабы мен құрлықтағы «Бо­лашақ» деп аталатын алып құрылғыны байланыстыратын құбырлар төселмек. Қашағандағы қара алтын өндірісіне жан бітсе, бұл елдің әл-ауқаты мен қаржылық қауқарын еселей түспек.Мамандар жоба 2016 жылдың аяғында іске қосылады деп болжам жасап отыр. Күні бүгін Каспий қайраңындағы жасанды аралдарда 20 ұңғыма қазылды. Келешекте олардың саны 40-қа жететін болады. Жоба іске қосылған алғашқы айда Қашағаннан тәулігіне 90 мың баррель мұнай алынады деп күтілуде.Одан кейінгі алғашқы 6 айда Каспий қайраңындағы мұнай өндірісі тәулігіне 180 мың баррельге жетеді, Қашаған кен алаңы іске қосылған соң бір жылда Каспий қайраңынан тәулігіне 370 мың баррель қара алтын алынады деген жоспар бар. Қашаған еліміздің мұнай өндірісі саласына тың серпін бермек. Өткен жылы 80,8 миллион тонна мұнай өндірген болсақ, Қашаған кенішін пайдалану арқылы 2017  жылы мұнай өндіру көлемі 102 миллион тоннаға артпақ.  
Энергетика министрі Владимир Школьниктің  мәлімдеуінше,  қазір жөндеу жұмыстары  қарқынды жүргізіліп отыр.Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қашаған кен орнындағы технологиялық кемшіліктерді жою 2016 жылдың аяғында аяқталады. Содан кейін ғана мұнай өндіру басталады. Министр мырза да Қашағаннан алынатын өнімге бей-жай қарай алмайды. Оның пікірінше, жобаның рентабельділігі тек 2 жылдан кейін ғана белгілі бола бастамақ. 
Қашағандағы құбыр алмастыру үдерісі Елбасы Н. Назарбаевтың да жіті бақылауында. Таяуда ол «Қашаған жобасына қа­тысушы компаниялар  қазіргі таңда «ҚазМұнайГаз» ҰМК-мен бірлесіп өте белсенді жұмыс жасап жатыр. Бағдарламасы жасалған, құбырларды алмастыру жұмыстарына екі миллиард долларға жуық қаражат қажет екендігі, жұмыстар аяқталған соң өзіміз діттеген мұнайды алып,  одан түскен қаражатты болашақтағы бағдарламаларымызды іске асыруға жұмсайтын боламыз» деген болатын.
Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалинге де  БАҚ өкілдері тарапынан жиі қойылатын сауал осы Қашаған мәселесіне байланысты. Министр солтүстік Каспийдегі Қашаған кен орнын әзірлеу күрделі мәселелерге негізделіп тұрғанын растайды. Ол Солтүстік Каспийдегі ауа райының жағдайы, мұнайлы қабаттардың тереңдік ерекшелігі және көмірсутекті шикізаттың химиялық құрамы сияқты бірқатар қиындықтарға байланысты екенін атап өтті.«Өткен жылы кен орнын іске қосқанда ұңғымалардың бәрі қалыпты жұмыс істеп тұрған, жағалаудағы және жасанды аралдағы күрделі жабдық та ырғақты жұмыс істеп тұр. Алайда қарапайым цилиндрлік дене – құбырға келгенде жұмысымыз бәсеңсіп қалды» дейді ол. Енді, сол құбырларды ауыстыру жұмыстары қызу жүзеге асырылып жатыр. Қашаған  табиғатты қорғау аймағында орналасқандықтан  мұндай мәселелерге жіті назар аудармаса болмайды. Қалай дегенде де, экологиялық ахуал бірінші кезекте.  Оның артында адам денсаулығы, қоршаған ортаны қорғау мәселелері тұр.  Тек өнім өндіріп, пайда табу мақсат емес. Сондықтан да «әліптің артын бағып», Қашағанның «қара алтынының» қызығын  көрер күн алда демекпіз.