Негізгі бет  /  мақалалар  /  Көргенді келін көбейді ме?

Көргенді келін көбейді ме?

Жолдасбек Дуанабай
942
Көргенді келін көбейді ме? Ресей Бірінші арнасында «Давай поженимся!» деп аталатын телебағдарлама бар. Қазақтың қанына да, жанына да жат бағдарлама.

 Сөзге кезек бермейтін, келін болуды көксегендердің көңілдестеріне дейін сұрап мазасын алатын үш жүргізушінің бірі, «Ресейдің бас жеңгетайы» атанған Роза Сябитова 25 жастағы ұлына қалыңдық іздестіріп жатыр. Келешек келінінің күнде өзі көретіндей көкбет, ештеңеге қыры жоқ қырсық болғанын қаламаған ол ұлының болашақ жары мұсылман, онда да қазақ қызы болғанын қалайды екен. 

Сябитованың мәлімдемесі жұрттың зор қызығушылығын тудырған. Кейбі­реу­лер бұл пікірді «жарнама» деп қабылдаса, енді біреулер Розаның таңдауын құптап жатқан көрінеді. Пікір қалдырушылардың арасында «қазақ қыздары тәрбиелі, сол себепті жеңгетай дұрыс таңдау жасауда» деп ойлайтындар да бар екен.
Қазақ қызына қызығатындар көп. Тіпті Алла Пугачева да қазақтан келін түсіре жаздады. Оның немересі Никита Пресняковтың Аида Қалиеваға үйлен­бекші болып, екі жастың Америкадағы тосын суреттері жұртты дүрліктірген еді. Ақыры не болды? Жастардың көңілі жараспаған сыңайлы...
Мейлі делік, қазақ қыздары кімге келін болмай жатыр? Мәселен, қызылордалық Меруерт Рысбекова он айдан бері қызы­ның жүзін көруге зар болып жүр. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі үш жастағы бүлдіршінді серуенге алып шығып, сол күйі қашып кеткен. 18 жасында отбасын құрып, төрт жыл Қырғызстан азаматымен бірге тұрған. Былтыр заңды түрде ажыра­сып, ақыры жалғыз бала дауға айналды. Қызылорда облыстық Сот актілерін орын­дау департаменті заңның солқылдақ­тығынан қырғызға кеткен бүлдіршінді қайтара алмай отыр. Істі құқық қорғау­шыларға тапсыру үшін заңға сай әлі 6 ай уақыт керек көрінеді. Тергеу-іздестіру шараларын жеделдетуге күйеуінің шетел­дік азамат екендігі кедергі келтіріпті. Бұл қазақ қыздарының басынан кеш­кен бір-екі ғана оқиға. Ал тізе берсек, ушық­қан жараның бетін ашамыз. 
Ең бастысы, қазақ қызына берілетін тамаша тәрбиенің әлсірегені өкінішті. Қыздарымыздың болашақ жарының ділі мен дініне, ұлтына қарамауы қорқынышты нәрсе. 
Елімізде жыл сайын кәмелетке толма­ғандар арасында 3000 неке тіркеледі екен. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Мысалы, 2009 – 2013 жыл аралығында 8000-нан астам жасөс­пірім некеге тұрған. Алғашқы орында – Алматы. Одан кейін Атырау, Алматы және Қарағанды облыстары тұр екен. 
«Әйелдердің шығармашылық ынтасы» қоғамының басшысы Әсел Хайрулли­на­ның айтуынша, кәмелетке толмағандар арасында жылда 2-3 мың неке тіркеледі. Олардың барлығы дерлік мәжбүрлеп неке­лестіру ретінде болған (былтыр 2 200 мәж­бүрлі ерте неке тіркелген).
Өкінішке қарай, бұрын теледидарды кінәлайтын жұрт енді интернетпен алы­суда. Қазір барлық оқушылар интер­неттен сабаққа керекті нәрсені ғана емес, ертерек есеюді армандататын бейнеролик­терді жиі тамашалайды. Ақыры ертерек «өмір көруге» қадам басады. Олардың қыз­дардың бүгінін емес, ертеңін ертерек ойлауына, бір үйге ары таза келін болып баруға ықыласының нашарлығы шошы­тады.
Естеріңізде ме, жақында Оңтүстік Қа­зақстан облысында бір мектепте жоғары сыныпта оқитын қыздардың ар тазалы­ғына күмән келтіруіне байланысты шу шықты. Бастама көтерген ұстазға оқушы қыздар өре түрегеліп, ата-аналардың айт­пағаны қалмады. Бірақ олар қандай жағ­дайда да қыздарының келін болатын жеріне абыроймен баруын ойлады ма? Бұл – үлкен мәселе... 
Бір қарағанда, ұят тақырып. Бірақ қазақ қызының қадірін арттырып, көр­генді келіндер көбейгенде ғана біз шуақты шаңырақтарға бақыт құсының ұя салғанын көре аламыз.