Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мадуро жоспары жүзеге аса ма?

Мадуро жоспары жүзеге аса ма?

Жұмабек ЖАНДIЛДИН
839
Мадуро жоспары жүзеге аса ма? Әлемдік тауар биржаларында мұнай баррелі 68 доллардан астамға бағалана бастап еді, АҚШ жағы тоқтатылған ұңғылардан мұнай соруға кірісетін шығармыз деп шыға келді. Бұл да жаман емес, тәубе деуге тұрарлық баға.

Десек те, жаңа жылдың басынан бері дәл осы мәселеге ерекше алаңдаушылық танытып, мұнайлы әлемді шарлап шыққан Венесуэлла президенті Мадуро «ОПЕК картеліне мұнай баррелін 100 доллар деңгейінде ұстап тұру жөніндегі жоспарымызды ұсындық, картел оны қарастыратын болады» деп шықты. 

Иә, Венесуэлла үшін ғана емес, мұндай баға барлық мұнай экспорттаушы елдер үшін аса қажеттілік. Өйткені олар қазіргі таңда ерекше құнды табиғи байлықтарын бар-жоғы боялған және шартты түрде құнды қағаз аталатын, солай бола тұрса да құнын қас-қағым сәтте түсіруі мүмкін долларға сатып жатыр. Бұл үлкен қателік. Егер әлемдік экспорттағы 40 пайызды  ен­шілейтін ОПЕК картелі мен 20 пайызға жетеғабыл үлесі бар Ресей Федерациясы өндіріс пен экспорт мөлшерін бірдей деңгейде түсірер болса, онда байлықтары бағаланар еді де, мұнайдың экспорттық аз мас­сасына қазір көп массаға алып жүрген ақшаны еншілер еді. Есеп білетін адам осылай істер болар. Өйткені АҚШ бастаған дамыған елдер үшін мұнай бағасының арзандығы барлық құнды­лықтардан да қымбат. Біз АҚШ жағы ОПЕК картелі мен Ресей Федерациясы Мадуро жоспары бойынша, келісімге келер болса, онда мұнай баррелі 100 долларға бағаланған кездің өзінде барлық ұңғысын іске қосса да бұл бағаны түсіре алмас деп ойлаймыз. 
Сонымен, мұнай баррелі 100 долларлық бағаны көрсете ме? Әбден мүмкін. Біріншіден, Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт және Катар секілді мемлекет бас­шылары мұнайдың аз массасына бүгінгідей көп массаға алған ақшаны ала алатынын түсінеді деп ойлаймыз. Екіншіден, бұл түсіністік Ресей және басқа мұнай экс­порттаушы жақтар да қол­дайтын дұрыс іс болар еді. 
Ал дүниежүзілік экономика бұдан ұта ма, ұтыла ма? Бір жақты кесіп айту мүмкін емес. Солай бола тұрса да біздің есебімізше дамыған елдер өзіндік құнның өсуі арқылы аздап шығындалса да (қазіргі жағ­дайдағымен са­лыстырғанда) түптің түбінде олар да ұтысқа шығады. Өйткені мұнай экс­порттаушы дамушы елдердің кірісі көбейіп, сатып алу қабілеті өседі. Ал бұл дамыған елдер үшін қажетті басты шарт. Екіншіден, жоғарыда айтып кеткеніміздей, шикізат экс­порттау арқылы қарқынды дамуға ұмтылған Қазақстан секілді елдердің кірісі көбейіп, эко­номикасын әрта­раптандыруға еркін мүмкіндік ашылады. Қысқасы, мұнай бағасы өске­німен ол жалпы адамзаттық экономиканы баррелдің 100 долларлық деңгейі жағдайында тежеуішке айналуы мүмкін емес. Ал АҚШ болса жаңа шикізаттан жанармай мен газ алу техно­логиясын іске қосса да табиғи мұнайды сатып алушы жақ болып қалары сөзсіз. Өйткені ол мұнай сатып алушы ғана емес, жанар-жағармай мен газ экс­порттаушы алпауыт екенін де естен шығармау керек. Сондай-ақ бұл елде табиғи мұнай мен газдан туынды жаңа шикізат алатын технология да ежелден пайдалы сала болып келеді. Мұны олар тоқтата алмайды. Өйткені бұл шикізат экономика мен тұрмыстың барлық тұс­та­рында қолданысқа ие тауарлар береді. 
Қорыта айтқанда, біз күтіп жүрген дұрыс қадамды Венесуэлла президенті жасады. Енді ол жүзеге аса ма, жоқ па, күтейік.