Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ел Үкіметінің ерікпегені дұрыс

Ел Үкіметінің ерікпегені дұрыс

Айхан ШӘРІП
752
Ел Үкіметі мен Ұлттық банк биыл теңгенің күрт құнсыздануына жол бермейді. Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов осыған сендірді.

Қалаулылар жиын кезінде Министрлер кабинетінің және Есеп комитетінің «2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есептерін тыңдаған болатын. Сол себепті отырысқа орталық атқарушы органдардың барлығының дерлік басшылары қатысты. 

Қ.Келімбетовтің мәлімдеуінше, Үкі­мет пен ҰБ ағымдағы жылы ұлттық валюта бағамының күрт құбылмауын қарасты­ратын жоспарды ұстанатын болады.
– Өткен жылғы қараша-желтоқсан айларынан бастап, девальвацияны күту-дің жоғары болуына байланысты шы­нында, банктердің, корпоративтік құ­ры­­лымдар­дың көпшілігі өздерінің бос қа­ра-
жаттарын долларға ауыс­ты­рып алды. Бі­рақ біз, Үкі­мет пен Ұлттық банк­тің бір­лескен мә­лім­де­месінде жарияланға­нын­дай, биылғы жылы айыр­бас бағамының күрт құбылуына жол бермеуді жоспарлап отырмыз, – деді ол. 
Дегенмен «бас банкирдің» бай­ла­мынша, теңгеге екі алапат фактор қы­сым көрсетіп отыр. Біріншіден, әлем­дегі мұнай бағасы былтыр күрт құл­дырады және баға бұрынғы «1 бөшкесі үшін 150 доллар» ме­жесіне енді қайтып оралмауы мүмкін. Екіншіден, тауар­ларымызды сатып алушы басты әріптестердің бірі – солтүстік көр­ші­міздің экономикасы құлдырауын жал­ғастыруда. Қарапайым тілмен айтқан­да, «сатып алу қабілеті» төмендеуде.
Үкімет есебін қорғаған Қаржы ми­нистрі Бақыт Сұлтанов өткен жылы, дағ­дарыстық кезеңге қарамастан, мем­ле­кет­тің өз мойнына алған барлық әлеу­меттік міндеттемелерін орындап шыққандығын мәлімдеді. 
Алайда Есеп комитетінің төрағасы Қо­зыкөрпеш Жаңбыршин Үкіметтің бюд­жеттік тәртіпті әлі де күшейте түс­кені жөн екендігін қадап айтты. Оның мәлі­метінше, өткен жылы бюд­жетке құйылған түсімнің шын мәнін­дегі көлемі 5,9 трил­лион теңге болды. Яғни Үкіметтің нақ­тыланған төл жос­пары­нан 125,2 миллиард теңгеге неме­се 2,1 пайызға аз! Айтқандай, былтырғы жыл соңына таяғанда шенеу­ніктер Пар­ламентке жүгініп, бюджетті қай­та түзетіп алғаны есте: сонда олар жа­һанды жағала­ған дағдарыстың кесі­рінен қазақстандық экспорттың тө­мендеуін жә­не басқа да факторларды алдан тартып, бюджеттік түсімнің әл­деқайда кем бо­ла­тындығын нұсқаған. 
Қалаулыларды қайран қалдырғаны сол, өз аттарына сын айтылып жат­қанда, Үкіметтің кейбір мүшелері зейін қоя тың­дап, бар кеңес пен ақылды қойын дәптер­леріне түртіп алудың орнына, Мәжіліс залы­на кіріп-шығып жүрді. Ақыры бұл жайт палата төрағасының ашуын туғызды. Оның байламынша, осыдан-ақ кейбір шен­ділердің өз ісіне жауапсыздығы көрі­ніс береді. Спикер Үкімет басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Са­ғын­таевқа қайырылды: 
– Мен қарап отырмын, кейбірі келіп-кетіп жатыр. Мүмкін, осы мә­селені күн тәртібінен алып тастап, сіз­дерді өз істері­ңізбен айналысуға жі­бере салуымыз керек шығар?! Онда Мәсімовпен бірге басқа күні келуге әзірленіңіздер. Досаев (Ұлттық эко­­номика министрі) әлдеқайда кетіп қалды, тағы басқалары да орнында жоқ. Бұл не деген көзқарас?! – деп ашынды Мәжіліс төрағасы. 
Қ.Жақыпов Қаржы министрі Б.Сұл­та­новтың баяндамасына көңілі толмаған­дығын білдірді: «Жыл сайын ескі жыр қай­талана береді. Баяғыда-ақ тәртіп орна­туға болатын еді. Өз мін­дет­темелеріңізге мұндай көзқараспен қарауға болмайды. Бюджет ойыншық емес. Орталық Азия­дағы кейбір ел­дердің бюджетінің жарты­сына жуы­ғын құрайтын орасан көлемдегі қаржы игерілмейді, қаншама қаржылық бұ­зушылықтар анықталады. Ал сіздер жағаларыңыз жайлауда, «бұл мил­лиард­тардың мәні анау-мынау» дей­сіздер де, сонымен бәрі бітеді. Кейбір министр­лерден, кейбір ұлттық ком­паниялардан сұрау болуы керек» деп қынжыла бас шайқады спикер. 
Бір айта кетер жайт, бюджеттің атқа­рылуы туралы Үкімет есебін Пар­ламенттің бекітпеуі Министрлер каби­нетінің отстав­каға кетуіне ықпал етеді. Мәжіліс ондай төтенше, шектен тыс шараға баруға алғы­шарт жоқ деп тап­ты. Сондықтан қалау­лы­лар талқылау соңында есептерді бекітті.