Негізгі бет  /  мақалалар  /  Азғындық алаңы

Азғындық алаңы

Жолдасбек Дуанабай
1124
Азғындық алаңы Өткен ғасырда қазақ жұрты ашық-шашық жүретіндер мен жезөкшеліктің қазіргідей қанат жайғанына куә болған емес.

Рас, пойызбен сапарға шыққан бірен-саран адамдар саудагерлердің қолында жүретін жалаңаш суреттер бейнеленген карталарды көріп қалатын. Бірақ оларды тәртіп сақшылары ұстап алса, екінші мәрте ұят тірлік жаса­майтынына кепілдік беріп құтылатын. Қазір ше?
Порнография – тәуелсіз­дікпен бірге келген дерт. Мұның өзі ертедегі гректердің «жезөкше, жазу, суреттеу, бейнелеу» деген сөзінен шыққаны былай тұрсын, өте арсыз құбылыс екендігін екінің бірі елемейтін деңгейге жеттік. Көркем шығармаларда кестеленіп, суреттер арқылы сананы улаған ұятсыздық бүгінде жат құбылыс саналмай барады. Мұны Батыс пен мұхиттың арғы бетіндегі «мәдениеттанушылар» өнердің бір бөлігіне қосып қойды.
Адамзат пайда болғалы жат құбылысқа жаны ашыған мем­лекет басшылары, шіркеу қызметкерлері адамды азғыратын әрекеттерге ұдайы қарсы шығып келеді. Бірақ жаудың беті жаман. Жыл өткен сайын тасты басқан қынадай қаптап барады. Грекия мен Римде көшелердегі жалаңаш ескерткіштерді ел мұрасы санағандар «эротиканың ешкімге зияны жоқ» деген пікірді тықпалаудан тайынған емес. Өйткені мұның арғы жағында порнобизнес жатыр.
Естеріңізде ме, бір кездері Қазақстанда сауда дүңгіршектері түгілі, көшелерде де анайы суреттерімен жастардың назарын аудартқан журналдар, газеттер қаптап кеткені. Тіпті күнтізбе­лерде, ашықхаттарда бейнеленген суреттер, майлы бояумен салынған картиналар көшеде еркін жүруден қалдырған. Тіпті оқушылардың сөмкелерінен де табылатын сол суреттердің 90 пайызы нарықтан ығыстырылды. Одан соң эротикалық кинолар басталды. Аттан салып жүріп, ауылдағы бейкүнә баланы да бұзған киноларды да азайтқан секілдіміз. Алайда бұл бизнестің алаңдататын тұстары аз емес. 
Порнографияның парасатты ойдың өзін бұзып, халықты азғындық жолға түсіретіндігін білгендер ертерек қам жасаған. Айталық, 1857 жылы әлемде алғаш рет Ұлыбритания парла­менті заң қабылдап, порногра­фияға тыйым салған. Бұдан соң «жүрісі түзелген ағылшындар көбейді» деуге болмас. Себебі арсыздық ауру секілді елді іштей ірітті. Отбасылық құндылық дегеннің құруы да осыдан басталған.
Порнографияны ұзақ уақыт көру адамға кесірін тигізеді екен. Мұны ғалымдар дәлелдеген. Нәпсісіне ие бола алмағандар кез келген жерде кез келген әрекетке барады. Діндарлар мұның адамдар арасындағы сыйластықты бұза­тынын айтады. Соған қарамастан, Батыстың бірқатар елдері жеңіл-желпі порногра­фияны тама­шалауға 16 жастан асқан азамат­тарға рұқсат етіп отыр. Ал Сауд Ара­биясы, Иран, Сирия, Бах­рейн, Мысыр, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Кувейт, Малайзия, Индонезия, Сингапур секілді мұсылман мемлекеттері, сондай-ақ Кения, Үндістан, Куба, Қытай жалаңаш суреттерді ойға да алмауды заңмен шегелеп тастаған. 
Бірақ қазір жан дүниені бұзатын жаудың іс-қимылы мен әрекеті де өзгерген. Енді порно­графияңыз да, эротикаңыз да интернетке көшкен. Осылайша, интернет игіліктің көзі ғана емес, иттік жасаудың да көзіне айналды. Кабельді телеарналарда анайы киноны жазылу арқылы көресіз деген бос сөз. Эротикасыз кино болмайды. Ал ғаламтор қалаған киноңызды да, суреттеріңізді де демде алдыңызға тоса қояды. Тіпті қажетті нәрсеңізді іздеу үшін де отыра қалсаңыз, опасыз тірлік қылаң береді. Қазіргі кезде Австралия, Ұлыбритания, АҚШ секілді 33 мемлекет балаларға залалын тигізетін порногра­фия­лық суреттерді жасауға, сақтауға, сатуға қатаң шектеу қойған. Бірақ дәл осындай тыйым интернет­терінде бар ма екен? 
Қадағалауы күшті Қытайда тұрғындар порно қараудан әлемде жетекші орында келеді. Бұл туралы «Gizmodo басылымы PornHub» порносайты хабарлаған. Қытай жұрты порноны орта есеппен күніне 14 минут 34 секунд көреді. Дәл осындай қызығушы­лығы күшті елдердің көш басында Филиппиндер, Непал, Оңтүстік Корея, Нигер, Буркина-Фасо, Бенин, Камерун, Сенегал, Бот­с­вана және Мадагаскар тұр. Бізге арсыздық алдымен көрші­лері­мізден төніп тұрғаны ақиқат. Осы орайда Ресей халқы 7 минут 46 секунд көрсеткішпен бесінші орында тұрғанын да айта кет­кеніміз орынды. 
Әлемдегі ең ірі порносайттарға күніне 20 миллионнан астам адам кіреді. Өкінішке қарай, «мемлекет үшін маңдай терін төгіп жүр» деген шенеуніктердің өзі қолы қалт етсе, соңғы үлгідегі қалта теле­фондары арқылы порносайт­тарды тамашалайды. Бұған мысал да бар. Жақында бразилиялық депутат Жоао Родригес парла­ментте ұялы телефонынан порно көріп отырған жерінен ұстал­ғанын әлемдегі барлық ақпарат құралдары сүйінші сұрай ха­барлады. Әлеуметтік-демокра­тиялық партияның өкілі элек­трондық сайлау реформасының пікірталасында отырып, порноны әріптестеріне де көрсеткен. Ха­лық­тың қалаулы азаматтары сөй­тіп жүргенде, өзгелер не істемейді?
Қазақстандықтар да қарап жүрген жоқ. Порнография мен эротика елді бұзып жатыр. Көше мен қонақүйлерді босатпайтын бикештер тірлігінің төркіні де ғаламторда жатыр. Осыған қарсы тұруды көздеген шаралар да қолданылуда. Дегенмен...
Айталық, осы мезгілге дейін 500-ге жуық порносайт жабылған. Бұл туралы Tengrinews.kz тіл­шісіне Қазақстанның интернет-қауымдастығының жетекшісі Шавқат Сабыров айтты.
Порнографиялық сайттарды жабу үшін Астананың Есіл ау­дандық сотының 12 шешімі қажет болған, яғни барлық 486 сайт бір шешіммен жабылмаған. «Мем­лекеттік өкілетті орган аталған сайттарда порнография бар екені туралы талап арыз береді, содан кейін оған соттың шешімімен тыйым салынады» деп түсіндіреді Сабыров мырза.
Өткен жылы шілдеде бас­талған бұл бастама «түпкі мақса­тына жетті» деу қиындау. Себебін жоғарыда айттық. Мұны халық қалаулылары да жоққы шығар­майды. «Интернетте сіз кез келген бағдарламаны аша аласыз, айталық, сізге қажетті сөздік де­йік. Сол кезде сіздің алдыңызға бірден порносайттың мекенжайы ашылады, солай емес пе? Бұл жайт балалардың назарын ау­дарады, әрине, оларға кері әсер етеді. Сол сияқты, көрсетіліп жат­қан фильмдерді алайық... «Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін ақпараттардан қорғау туралы» заң жобасында ұғымдар мен жас ерекшеліктері нақты көрсетілген» дейді депутат Гүлмира Исімбаева.
«Балалар кіретін ресурстарды порносайт сілтемелерінен неге тазартпасқа?» деген сауалға ол: «Біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз, ол – өте күрделі мәселе, заң жобасын жасаушылар ретінде біз оны жақсы түсінеміз» деп жауап берді.
Тағы да өкінішпен айтылар мәселе, іздеген нәрсеңізді табу үшін алдымен «порноны бір көру әдеті» тоқтаған жоқ. «Қазақте­леком» өкілдері соттың шешімі­мен заңға қайшы ақпараттары бар сайттарға қосылудың шекте­ле­тінін түсіндіргенімен, IP-м­е­кен-жайларын ауыстырған кей­бір порносайттар әлі күнге дейін жұ­мыс істеп тұр дейді мамандар.
«Хостинг-провайдерлер сайт­тардың IP-мекенжайларын ауыстырып отырады, соның салдарынан тыйым салынған ресурстар уақытша болса да қолжетімді күйінде қала береді. Сот шешімі шығарылған IP-мекенжайлар анықталған жағ­дайда «Қазақтелеком» АҚ желі­лерінде түзетулер жүргізіледі» дейді «Қазақтелеком» АҚ қо­ғаммен байланыс жөніндегі қызметінің жетекшісі Юлия Исакова.
Қалай десек те, қарнымыз ашатын көріністер, жалған уәде көп. Балалар үшін бәрі таңсық. Олар үшін интернет деген – әлемді аралау. Сондықтан кейде қызығушылықтың қалай құр­татынын, сананы қалай улай­тынын балалар біле бермейді. Бір мысал, Ақтаудағы кейбір мектеп­терде порнографиялық және экстремистік мазмұндағы сайт­тарға еркін кіруге болатындығы туралы Lada.kz басылымы қы­зықты ақпарат жариялады. Про­курорлар бір жыл тексеру барысында кейбір мектептерде интернет «сүзгісі» жоқ екені анық­талған. Білім беру бағдарла­масынан тыс сайттарға, соның ішінде, экстремистік және порно­графиялық сайттарға шектеу қойылмаған.
«Бұл мектептерде орташа есеппен 850-900 бала оқитынын, ал информатика пәнін оқыту­шылар біреуден үш адамға дейін екенін ескерсек, оқушылардың қандай сайттарды қарайтынын, нені оқып отыратынын бақылау мүмкін емес» дейді қала про­куроры Талғат Әлібаев.
Қазақстанда дамыған мемле­кеттердің (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, т.б) тәжі­рибесі бойынша мәжілісмен­дер қолға алған «Балаларды олар­дың денсаулығы мен дамуына нұқ­сан келтіретін ақпараттардан қорғау мәселелері бойынша Қазақ­станның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басы жасалып жатыр дейді біле­тіндер. Заң жобасында интернет желісіне қолжетімділік қызметін ұсынатын байланыс оператор­ларында балалардан олардың денсаулығы мен дамуына нұқсан келтіретін, соның ішінде, порно­графиялық сипаттағы ақпарат­тарды шектейтін техникалық және бағдарламалық мүмкіндік­тердің болу міндеттілігі қарасты­рылады. Мұндай техникалық және бағдарламалық мүмкіндік­терді қолдану абоненттің келісі­мімен іске асырылады. Интернет желісіне қоғамдық қолжетімділік қызметін ұсыну кезінде техника­лық және бағдарламалық мүмкін­діктерді қолдану абоненттің келісімінсіз міндетті түрде іске асырылады. 
Айтары жоқ, жақсы әрі дұрыс бастама. Бірақ заң іске қосылған­ша да балалардың бір бөлігі арсыздық пен ұятсыздықтың отына күйіп барады.