Негізгі бет  /  мақалалар  /  Инновацияға арналған жеке көрме

Инновацияға арналған жеке көрме

Айхан ШӘРІП
852
Инновацияға арналған жеке көрме «Kazenergy – 2015» Х Еуразиялық форумы аясында инновацияларға арналған жеке көрме өтеді.

«Kazenergy» қауымдастығының бас директоры Әсет Мағауовтың мәлім­деуін­ше, осыдан 2 жыл бұрын мемле­-кет басшысы аталмыш форумда инно­вацияға тиісінше көңіл бөлінбей жат­қанын ескертіп, олқылықтың орнын толтыруды тапсырған. 

– Алдыңғы форумда бiз Ұлттық энер­гетикаға қатысты баяндаманы та­ныстырған болатынбыз. Мемлекеттiк органдар мен бизнес қауымдастық өкiлдерi баяндамаға оң бағасын бердi. Баяндамада отын-энергетикалық ке­шеннiң дамуы мен ел iшiндегi уран, кө­мiр, мұнай-газ өнеркәсiбiнiң келешегiне талдау жасалған болатын. Биылғы фо­румда қатысушыларға баяндаманың екiн­шi бөлiмi таныстырылады. Соны-мен қатар еліміздегі және дүние­жү­зіндегі инновацияға арналған жеке көрме ұйым­дастырылады. Бұл шара бiздiң энер­гетикалық қауымдастыққа Қазақ­стан өз алдына қандай әлеуеттердi қою керек екенін айқындап бередi, – деді ол.
Бас директордың баяндауынша, Еуразиялық форум мұнай-газ саласы­ның барлық энергетикалық өндірісі 
мен кәсіпорындарын біріктіретін бе­делді әрі ықпалды сұхбат алаңына айна­лып үлгерді. Бұған шараға қатысатын делегаттар құрамы дәлел болып отыр. 
– Алдағы халықаралық шараға IHS вице-төрағасы, «Өндіру» кітабы үшін Пулитцер сыйлығын иеленген Дэниел Ергин, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі және Тұрақты энергетика жөнін­дегі бастаманың бас директоры Канде К.Юмкелла, Жаңаратын энергетика жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Аднан З.Амин, Дүниежүзі­лік мұнай кеңесінің президенті Йозеф Тот, Энергетикалық хартияның бас хат­шысы Урбан Руснак атсалысады, – деді Ә.Мағауов. 
Оның сөзінше, «Kazenergy» еуразия­лық форумының биылғы жұмысы қа­зіргі заманғы энергетикалық оқиға­лар­дың күн тәртібіндегі басты оқиғаларды, мұнай-газ және энергетика нарығында болып жатқан трансформацияларды талқылауға арналады.
– Осы ретте жаһандық өңірлік сын-қатерлерге жауап ретінде «100 нақты қадам» ұлт жоспары аясында саланы дамытуға ерекше назар аударылады. Ал жекелеген талқылаулар интеграциялық процестердің рөліне, ұзақ мерзімді сау­да экономикалық және энергетикалық серіктестік құруға, әсіресе, Еуропа мен Азия өңірлерінде жаһандық энерге­ти­калық тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталады. 
Форум бағдарламасында Ха­лықара­лық энергетикалық агенттіктің, Жаңа­ратын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің, Халықаралық хартия хат­шы­лығының, Дүниежүзілік мұнай ке­ңесінің, Инженер-мұнайшылар қо­ғамының және басқа да ұйымдардың сарапшыларымен бірлескен шаралар өткізіледі, – деп қорытты сөзін қауым­дастық басшысы. 

 

Қанат МАХАМБЕТ, Астана