Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қанатты қызын халқы ұмытпайды

Қанатты қызын халқы ұмытпайды

Айқын-ақпарат
1351
Қанатты қызын халқы ұмытпайды Хиуаз Доспанова – Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майданда ерлікпен шайқасқан әскери ұшқыш-штурман, қазақ қызы. Атырау топырағында дүниеге келген қайсар қыз соғыс кезінде атақты ұшқыш Марина Раскова басқарған түнгі бомба­лаушы-ұшқыштар полкінде қызмет атқарған.

Қанатты қыз Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Германияны жаудан азат ету жолын­да әуеге үш жүз мәрте көтеріліп, жау күшін әлсіретіп, жеңіс күнін жақындатты. Хиуаз Қайырқызы «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапат­талған. Дегенмен әуеде оқ пен оттың ортасында ұшып жүріп, талай ерлік көрсеткен Хиуаз Доспанованың ерлігі Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты болғанмен, бұл атақ беріл­меді. Тек жарты ғасырдан астам уақыт­тан соң, қанатты қыздың Отаны – Қазақ елі ұшқыш қыздың ерлігін Халық қаһарманы атағымен бағалады. 

Хиуаз мектепте оқып жүргенде-ақ ұш­қыш болуды армандады. Ол асқақ арманы­на жету үшін мектептегі оқуымен бірге Орал қаласындағы аэроклубта қатар оқыды. Алғашқы ұшу сапары, парашютпен секіру секілді жауапкершілікті сынақтардан мү­дірмей өткен қайсар қызға облыстық әс­кери комиссариат «Запастағы ұшқыш» де­ген атағы жазылған куәлікті табыс еткенде Хиуаздың ойында «Мен ұшқышпын. Енді қайтсем де Марина Расковамен кездесуім керек» деген ой ғана болды. Бірақ қарша­-дай қыз бұл арманы екінші дүниежүзілік со­ғыста ғана орындаларын білмеген еді.

Атақты ұшқыш М.Раскованың коман­дирлігімен әйелдерден құрылған әуе полкі­не Отан алдындағы перзенттік парызын өтеуді мақсат еткен қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова да қабылданды. Бала күнгі арманы орындалған Хиуаз өзіне ұшақты басқаруды сеніп тапсырған М.Расковамен бірге ұшқан алғашқы күнін әсте жадынан өшірген емес. 
Көп ұзамай ұшу сапарлары аңызға айналған ұшқыш Марина Раскованың барлық тәжірибесінен өткен әйелдерден құрылған полктің де майданға аттанар сәті келді. Кәсіби ұшқыш М.Раскова полкті майдан шебіне дейін өзі бастап апарды. Тұнғыш рет әйелдерден құрылған түнгі жеңіл бомбардировщиктер полкін аға лей­те­нант Е.Бершанская басқарды. Майдан ше­біне жетіп, алғашқы әскери тапсырманы алғанға дейін 18 жастағы өрімдей бойжет­кендер соғыс деген тура келген ажал екенін жете түсінбегендері анық. Бірақ соғыс деген атының өзі қайғы екенін жас жүректері сезген еді...
ПО-2 ұшағымен кейде тәулігіне жеті-сегіз рет дамыл көрместен немістерге қарсы шабуылға шыққан қазақ қызы талай мәрте өлім аузынан аман қалды. Сондай оқи­ға­лардың бірі 1943 жылы ауа райының қо­лайсыздау күні орын алды. Кезекті әскери тапсырмадан оралған Юля Пашкова бас­қарған ұшақ қону кезінде сәтсіздікке душар болды. Хиуаз бен Юляның естерін жия сала іздегендері пистолеттері болды. Жаудан алыс болса, оқ атып, дыбыс беріп, көмекке шақыру, болмаса немістердің тұзағына түскенше өз-өздерін өлтіруге бекінген ұш­қыштарды өз полкындағы қыздар тауып алып, майдан госпиталіне жеткізген. Сол күні Юля ауыр жарақаттан көз жұмып, Хиуаз өте ауыр жараланып, бірнеше ай бойы бүкіл денесі гипстеліп, төсекке та­ңылып жатты. Сонда да қанатты қыздың бар ойы әуеде ұшып, дұшпанға қарсы со­ғысу болғаны ақиқат еді...
Хиуаздың денсаулығы сәл жақсара келе штурман қызметіне қайта кіріс­ке­нін, тіпті жауынгерлік тапсырманы орындау үшін денсаулығына байланысты ұшағында қонып, штаб командиріне рапортты ұшақ ішінде отырып беріп, майдан даласына ат­танғанын сол кездегі әскери жазушылар газеттерге жазып жатты. Хиуаз туралы со­ғыс даласында алғаш қалам тербеген май­дандық газеттің тілшісі, ақын Сағынғали Сейітов болды. Хиуазбен бірнеше рет ұрыс даласында кездескен ол қазақ қызының ерлігін тарихтың парағына жазып, бүгінге жеткізді. 
Хиуаз Доспанова ауыр жарақат алған­нан кейін де Қырымды азат етуде ерліктің үлгісін көрсетті. Қазақ қызының осы ерлігі «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Кавказды азат еткені үшін» медалімен бағаланды. Хиуаз бен оның құрбыларын немістер «Түнгі перілер» деп атап, осы «перілердің» әуеден соққысын үрейлене күтіп, талай бо­зала таңды көз шырымын алмастан қарсы алғанын айту парыз. Тіпті М.Раскова жа­сақтаған тұңғыш әйел ұшқыштар туралы Гитлердің өзі әрбір атып түсірілген әйел ұшқыштар экипажы үшін солдатына темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жібе­руге уәде берген деген әңгімелерге ұшқыш қыздардың өздері де қанық болды. Немістер марапатқа ие болуы үшін нендей әрекет етпеді десеңізші... Бірақ сауысқандай сақ ұшқыш қыздар олардың құрығынан аман қалу үшін біліктіліктеріне сенетін. Әйтсе де, жаудың оғы Хиуаздың бауырындай болып кеткен құрбысы Дуся Носальдың өмірінің қыршыннан қиылуына себепші болды.
 Д.Носаль өмірден өткен соң оған Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Жау­ын­­герлік тапсырмамен кеткен Полина Бел­кина мен тағы да біраз қыздардан құ­рыл­-ған экипаждар қайта оралмады...
Хиуаз Доспанова еліне оралып, қоғам­дық, жауапкершілігі маңызды қызметтер атқарды. Қазақстан комсомолының Орта­лық комитетін басқарып, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Алматыдағы «Медеу» мұз айдыны спорт кешенін, «Горный гигант» алма ба­ғын тұрғызу, Министрлер кеңесінің ауру­ханасы, емханасы, дәріханасының тұтас кешенін, «Ғалымдар үйі» ғимаратын салу, театрда «Абай», «Шоқан» драмасының сахналануы секілді маңызды жұмыстардың басы-қасында өзі жүрді. Осыншама тыңды­рымды еңбегіне қарамастан, Хиуазды сол кездегі билік басындағылар партияның 
ХХ съезінен соң, бар-жоғы 37 жасында ғұ­мырлық зейнеткерлікке шығарып жі­бер­ді. Олар үшін Хиуаздың соғыста төрт мәрте ауыр жарақат алуы негізгі себеп болып шы­ға келді. Өзін «керексіз» еткендерге сыр білдірмей, 1960 жылы «Под командованием Расковой» (орыс тілінде), «Халқым үшін» (1963 жылы, қазақ тілінде) майдан есте­лік­терін жарыққа шығарды. Бұдан соң ұзақ үн­сіздік, қанатты қыздың бар-жоғы елеусіз қала берді.
Еліміз егемендік алып, көк байрағымыз көкте желбіреді. Еліміздегі соғыс ардагер­лері, майдан тілшісі қызметін атқарған азаматтар мен зиялы қауым Хиуаздың ес­керусіз қалғаны туралы дүркін-дүркін ма­қалалар жазып, республикалық, облыстық газеттерге жариялады. 
2004 жылы Н.Ә.Назарбаев қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағын беріп, қайсар ананы қайта қатарға қосты. Осылайша елі «Қанатты қыз» атап кеткен Хиуаз Доспанова халқымен қайта қауышты. Оралдық Мұрат Жәкібаев есімді азамат Хиуаз апайдың ерлігін паш ететін «Успеть бы поклониться» атты деректі фильм түсі­ріп, халық назарына ұсынды. Хиуаз апай­дың өзі көзі тірісінде бұл фильмді көріп, авторларға алғысын айтқаны көңілге бір демеу. Атырауда Жеңістің 65 жылдығында Хиуаз Доспанова бюсті тұғырына қойылды. 
Әлия мен Мәншүк халқымен қалай та­бысқан болса, Хиуаз да дәл сол биіктен кө­рінуге лайық тұлға. Осы орайда соңғы жыл­дары халық арасында қоғамдық пікір ту­ғызған, осы мақала авторының «Атырау халықаралық әуежайына» қазақтан шық­қан тұңғыш әскери ұшқыш Х.Доспанова есімін беру туралы бастамасы Үкімет тара­пынан қолдау тапқан жағдайда, Хиуаз есімі өз биігінде тұрарына халық сенімді. 

 

Тұрсын ҚАЛИМОВА, Атырау облысы