Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шырайы кірген шағын ауыл

Шырайы кірген шағын ауыл

Айқын-ақпарат
1135
Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданындағы Бір­­лік ауылдық округіне Қарақожа, Амангелді (Ақ­бұзау), Бірлік елді мекендері жатады. Бірлік – аудан орталығына ең жақын орналасқан ауылдың бірі.

Айта кетер бір жайт, қазақтың танымал жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Әзілхан Нұр­шайықов Бірлік ауылының Ақбұзау жерінің тумасы. Бұл – ауыл үшін мақтанышты жайт. Бұл жерде туып-өсіп, Бірлік-тің атын шығарып жүрген ұландар баршылық. Мысалы, респуб­ликаға таны­мал ат спортының ше­берлері Мақсат Отынбаев, Айдар Сапақов, Мер­хат Жұмаханов, ұлттық ойындар дәрежесіндегі төреші – Еле­мес Жыл­қыбаевтар. Бірлік ауылынан ат ойындарының спорт түрлерінен аудандық мектеп ашыл­ғанының өзі ұлттық ойынға көп мән беруінің айғағы. 
Округтегі қазіргі кезеңдегі ең негізгі міндет – білім сапасын көтеру. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын 22 бала аттайды, осы деректің өзі-ақ ауылдың келешегі бар екенін көрсетеді. Ауыл халқына кітапхана, клуб, фельдшерлік пункт қызмет жасайды. Ауылда қазіргі өркениетке сай, сандық телефон, телеарна бар. Елді­ ме­кенде шағын және орта бизнес өркен жайып келеді. Ауылдық округте 25 шаруа қожалығы тіркелген. Бұл шағын ауылдың бизнесі күн өткен сайын дамып, шарықтап келе жатқанын дәлелдейді. Ауылда шаштараз, тігін шеберханасы, нан пісіру наубайханасы, малды қолдан ұрықтан­дыру пункті, сүт қабылдау пунктімен қатар, клуб ашылып, жаңадан жұмыс орнымен толықтырылды. 
– Округте шағын және орта бизнес біртіндеп дамып келеді. Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкер Күлзипаш Нысанғалиева «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасы аясында несие алып, нан пісіру наубайханасын аш­ты, бүгінгі күні ауыл тұрғындарын нанмен қамтамасыз етуде. Жастар дипломмен ауылға келіп, жұмыс істеуде. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бағдарламасының 2-бағыт шеңберінде көптеген жоба іске асы­рылуда. Жаңадан «Имадилов Е.М.» шаруа қожалығы ашылып, 137 бас асыл тұқымды «Жабы» жылқыларын Ұлан ауданынан сатып әкелдік. Қожалыққа жаңадан МТЗ тракторы, 4 млн теңгеге Күнмен жылыту тех­никалары сатып алынды. Қазіргі уақытта 608 гектар егістік жер толығымен игеріліп отыр. «Имадилов Е.М» шаруа қожа­лығы басшысы Ерболат Мұ­ратұлы Имадилов «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы сүт таситын «Газель» автокө­лігін, «Fresh Milk» контейнерін Мәскеу қаласынан ООО «Прогресс»-тен сатып алып, сүт қабылдау пунктін ашты. Бірлік ауылында орналас­тырылган сүт қабылдау пункті 2015 жыл­дың 15 мамырынан бастап ауыл тұрғындарынан сүт қабылдап, 3 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр, – дейді Бірлік селолық округінің әкімі Нұрлыбек Ақыл­бекұлы Нұрғалиев. 
Бірлік ауылы бойынша барлығы 184 аула бар, оның ішінде 143 аула мал шаруашылығымен айналысады, оның ішінде сауын сиырды ұс­тайтыны 
125 аула болып отыр. Қазіргі таңда «Имадилов Е.М» шаруа қожалығы «Багратион» ЖШС-мен шикі сүт сатып алуға келісімшарт жасады. Бас­тапқы кезеңде күніне 388 литр сүт жиналатын болса, бү­гінгі күні бұл көрсеткіш күніне 1 тонна 200 литрге жетіп отыр. Мұны бәрі «Багратион» ЖШС-ға апарып өткізілуде. «Ақбұлақ» бағдарла­масы аясында Бірлік ауылында су құбырының құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта барлық аула­лар таза сумен қамтамасыз етілген. Тұрғын үйлерге ыстық суға арнал­ған «Аристон» жүйесі қойылды, салыстырмалы түрде қарағанда, қала тұрмысынан еш кем емес. Аудан әкімінің қолдауымен округта клуб ашылып, ауыл жастары ара­сында мәдени-спорттық іс-шараларға жиі қатысады. 
– Округте әлеуметтік жаңадан жұмыс орнын ашу, жастар іс-тәжірибесі бойынша жұмыс жүргізу – басты міңдетіміз. Бірлік ауылдық округі әкімінің аппараты Елбасының алға қойған міңдеттерін орындап, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жұмыс істейді. Келешекте Бірлік тірек ауылдардың қатарына кіріп, дамыған, үлгілі ауылдардың біріне айна­ла­тынына сенемін, – дейді округ әкімі Нұрлыбек Нұрғалиев.


Еркін ҚАЛДАН