Негізгі бет  /  мақалалар  /  Оңтүстікте 101 білім ұясы салынады

Оңтүстікте 101 білім ұясы салынады

Айқын-ақпарат
877
Оңтүстікте 101 білім  ұясы салынады Президентіміз Н.Назарбаев жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауында әлеуметтік мәселелерді басты назарда ұстайды.

Оның ішінде жастар тәрбиесі мен білім беру саласына айрықша мән беретіні анық. Елбасының «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол атты Жолдауында: «Бірінші кезекте, бұл апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс» делінген. Шыны керек, Оңтүстік Қазақстан облысында бұрындары бұл мәселелердің күрделі болғаны рас.Еліміздің демографиясына мол үлес қосып отырған Оңтүстікте апатты және үш ауысымды мектептердің көптігі, балабақшалардың жетіспеушілігі проблемасы таяу жылдары шешімін таппайтындай көрінетін.

Шүкір, Оңтүстікте өзге салалармен бір­ге білім беру саласының да дамуы қар­қын­ды жүріп жатқанын мақтанышпен айта ала­мыз. Мәселен, өткен бір жылдың өзінде 54 нысан салынып, пайдалануға беріліпті. Оның 34-і мектеп болса, 13-і балабақша. Со­нымен бірге 17 ғимаратқа қосымша құры­лыс жүрген. Жалпы, 64 апатты және 30 үш ауысымда оқитын мектептің мәселесі шешімін тапты. 2017 жылға дейін өңірде үш ауысымдағы мектеп болмайды. Облыста са­маннан салынған мектеп саны 327 болса, бүгінде оның 174-нің құрылысы қайта жү­ріп, мұндай білім ошағының саны 153-ке ке­міді. Алайда, бұл мәселенің де түйіні ал­дағы жылдары шешімін табады деп кү­тілуде. Биыл республикалық, облыстық бюд­жет есебінен 23,6 млрд теңгеге 2 мек­теп, 14 балабақша, 5 қосымшақұрылыс, жал­пы 101 білім ордасын салу жоспар­лану­да. 
Ал «Балапан» бағдарлама­сымен ­бал­­­ғындарды балабақшамен қамту жылдан-жылға артып отыр. Мәселен, 2010 жылы бұл көрсеткіш 30 пайызды ғана көрсетсе, 2014 жылы 76 пайызға орындалып отыр. Де­мек, төрт жылда балабақшамен қамту 46 есе­ге өсіп, бала саны да 105 мыңға көбей­ген. Бүгінгі таңда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі орынмен қамтитын 1444 ұйым жұмыс істеп тұр. 890 балабақшаның 338-і мем­лекеттік болса, қалғаны – жекенің мен­шігінде. Ал 554 шағын орталықтың 85-і – жекеменшік. Жалпы, 637 жекенің мен­ші­гіндегі мектепке дейінгі ұйымның 604-і мем­­л­екеттік білім беру тапсырысымен жұ­­­мыс істейді. Сондай-ақ жыл соңына дейін 12 мың орынға есептелінген мектепке дейінгі 95 ұйым ашылады.
Айта кету керек, облыста 562621 шәкірт 1022 жалпы білім беретін оқу орнында тә­лім алады. Сонымен бірге, Шымкент қа­ласында екi Назарбаев зияткерлік мектебі бар. Бұл туралы облыс әкімдігі жанынан ашылған «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингіде айтылды. Облыстық бі­лім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы А.Елшиева бұ­дан бөлек өңір оқушыларының өткен оқу жылындағы жетістіктеріне де тоқталды. Оқушылар облыстық, республикалық пән олимпиадаларынан ғана емес, Болгария, Франция, Ресей елдерінде өткен Халық­аралық олимпиадаларда топ жарып, жүлде­лі орындарды алып жүр. Биыл 2-8 маусым аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тесті тапсыруға 30982 бітіруші түлектің 18592-і ниет білдіріп отыр. 
Міне, оқу жылы да аяқталды. Жазғы ка­никулда Оңтүстіктің 50 мыңға жуық оқу­шысы маусымның 5 жұлдызынан бас­тап балаларға есігін айқара ашатын 24 жазғы сауықтыру лагерінде демалады. Ал 6500 бала өзге өңірлер мен шет елдердегі лагерь­лер­ге барады. 

 Г. ҚАЛМЫРЗА, Оңтүстік Қазақстан облысы