Негізгі бет  /  мақалалар  /  Орта Азия «ИМ»-ге қарсы тұра ала ма?

Орта Азия «ИМ»-ге қарсы тұра ала ма?

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
953
Орта  Азия «ИМ»-ге  қарсы  тұра  ала  ма? Орта Азия Республикаларына бір қауіп­тің төнгені рас. Өйткені Таяу Шығысты қанға бөктірген «Ислам мемлекеті» атты қан­дыбалақ содырлар тобы күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда.

Ирак пен Си­рияның тең жарымын басып алған бұл топ тек онымен шектеліп қалмайтын сын­ды. Орта Азия елдерінде де өз «ошақтарын» ашуға ниет ете бастаған сынды. Қазірдің өзін­де ауған жерінде бұл топтың бөлімдері қан­ды әрекеттерін жүзеге асыра бастады. Егер де ауған елімен шектесіп жатқан тә­жік, өзбек, түркімен шекарасын бұзып, қа­­ра туын көтеріп, қаптап бері өтетін бол­са, бұл аймақ Ирак пен Сирия секілді қан қасапқа айналып жүре бермей ме? Бәрі мүмкін. «Ислам мемлекеті» тобы жасаған жос­пардың бір тармағына осы Орта Азия елдерін басып алу кіретіні белгілі. Оның алғышарты да жоқ емес. Өйткені «ИМ» то­бында көптеген Орта Азиядан шыққан ойы бұзық адамдар жүр. Мәселен, «ИМ» то­бында өзге республикаларды есеп­теме­генде, Тәжікстан мен Өзбекстанның 4 мың­ға тарта азаматы бар көрінеді. Сондай-ақ «ИМ» осы маңға келетін болса, оларды қолдайтындар да жергілікті халықтың ара­сында мыңдап табылады. Кейбір дерек­терге сүйенетін болсақ, «ИМ» тобы Орта Азияда тұрақсыздық ұйымдастыру үшін 70 миллион доллар бөліпті-мыс. Лаңкестік топтың негізгі мақсаты, Фергана жазығын­да, яғни қырғыз бен өзбектің оңтүстігінде бей-берекетсіздік орнату. Лаж болса, хали­фат құру.  Алдарына осындай мақсат қой­ған «ИМ» Орта Азия жастарынан құрылған «Мауренахр» тобына үлкен үміт артып, қор­жынына қаржы салды. «Әрине, бұл мәселенің қаншалықты нақты екенінен хабарсызбыз. Бірақ осындай сыбыс бар. «ИМ» Таяу Шығыстағы қанды жорықтарға қатысып, әбден ысылған осы ортаазиялық топтың арқасында Өзбекстандағы тұрақ­тылықты шайқауға тырыспақ. Қауіпті ай­маққа Қырғызстан да енбек. Өйткені лаң­кестік топтың әрекет етер аймағы екі елдің де оңтүстігі» дейді Қырғызстандағы «Дін, құқық және саясат» сараптама орталы­ғының директоры Қадыр Мәліков. Өткен жылдың күзінде «Өзбекстандағы Ислам қозғалысының» басшысы Усмон Гозин «қоз­ғалыс ИМ»-мен біріге отырып, «Үлкен Өз­бекстан» мемлекетін құруға ұмтылады» деп мәлімдеген. Қазіргі күні «ИМ» Таяу Шығыста қысқа уақыттың ішінде Ирак пен Сирияның жартысын басып алып, Сауд Аравия елінің шекарасына келіп тоқтағаны белгілі. Біраз тобы Ливияда әрекет етіп жатыр. Іс-әрекетінен әлем түр­шіккен бұл қанды қол топқа Ирак пен Си­рияның тұрақты армиясы да қайрат көрсете алмады. Қазір АҚШ бастаған коа­лицияның ұшақтары да пәлендей күй­рете соққы бере алмай отыр. Ирактың 400 мың­дық, Сирияның 300 мыңдық мұздай қару­ланған армиясы небары 30-50 мыңдық  жа­байы топқа ештеңе істей алмағанда, Ор­та Азия Респубикаларының ешқандай сыннан өтпеген, саны кем, қару-жарағы ескі қарулы күштері төтеп бере ала ма? Мәселе – сонда. Осының бәрін безбенге салған Ұжым­дық Қауіпсіздік Шарты ұйымы жақында ғана тәжік жерінде аяқасты әс­кери оқу-жаттығу жиынын өткізді. Бұған Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Белоруссия және Арменияның жедел қимылдайтын әскери құрамалары қатысты. Қазір дәл осындай әскери дайындық Түр­кіменстанда да өтуде. Өйткені ауған елімен шекараласатын болғандықтан үлкен қауіп бұл елге де төнуде. Белгілі сарапшы Алек­сандр Князев: «ИМ»-ның Орта Азияға шабуыл­­дауы – тым асыра айтылған дүние. Олар үшін ең бастысы – өздері басып алған сол мұнайлы аймаққа тұрақты орын теуіп, мемлекет құру. Одан әрі оның шекарасын кеңейту. Қажет болса, Сауд Аравиясын өз дәр­­гейіне көшіру. Кейбір деректерге арқа сүйей­тін болсақ, ол елдегі жастардың 80 пайы­зы ИМ тобының идеясын қолдайды екен. Бұл – жақсылықтың нышаны емес. Ал Ор­­та Азияда ол топтың идеологиясын қол­дай­тындар аз» дейді. Әрине, бұл – бол­жам ға­на...