Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мұнайлы еліміз қайтсе мұңлы болмайды?

Мұнайлы еліміз қайтсе мұңлы болмайды?

Айхан ШӘРІП
967
Мұнайлы еліміз қайтсе мұңлы болмайды? Ел Үкіметі Елбасы тапсырмасын орындауға, соның ішінде 4-мұнай өңдеу зауытын салуға шұғыл кірісуі керек!

Ел Үкіметі Елбасы тапсырмасын орындауға, соның ішінде 4-мұнай өңдеу зауытын салуға шұғыл кірісуі керек! Кеше «Қазақстанның мұнай-газ секторын дамыту проблемалары мен перспективалары» тақырыбымен өткен парламенттік тыңдауда Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаева Үкімет мүшелеріне осындай кеңес берді. Осы және басқа да ұсыныстар парламенттік тыңдаудың ұсыным-рекомендациясы түрінде Үкімет басшысының атына жолданады.

 

– Біз елімізде мұнай өндіру көлемінің 1991 жылғы 5 миллион тоннадан 2014 жыл­ғы 80 миллион тоннаға дейін артқандығын мақтан тұтамыз, – деді Дариға Назарбаева. – Бірақ әлі күнге жақсы сападағы бен­зин­нің жетіспеушілігінен зардап шегудеміз. Ал­дағы күзде жанармай құю стансалары ай­наласындағы дүрбелең тағы да қайталана ма деген қауіп бар. Бұл мәселе біздің ар­найы парламенттік тыңдау өткізуімізге түрт­кі болды. Әлемдегі мұнайлы ірі мем­ле­кеттердің бірі бола отырып, біз мұнай өнім­дерінің импортына тәуелді болып қалу­да­мыз. Егер Елбасы айтқан 4-мұнай өңдеу зауы­тын салуға шұғыл түрде кіріспесек, бұл тәуелділік ары қарай да сақталмақ!

Дариға Нұрсұлтанқызының мәліме­тінше, «қолданыстағы 3 МӨЗ модерни­зация­лаудан өткеннен кейін елімізде мұнай өңдеу деңгейі 1991 жылғы көрсеткішке же­­теді» екен: «Бұл әрине, мүлдем көңіл көн­шітерлік перспектива емес! Себебі Қа­зақстанда автокөліктер саны осы жылдар ішін­де ондаған есе артты және арта бермек. Тиісінше, жанар-жағармайды тұтыну кө­лемі де ондаған есе ұлғайды». Оның үстіне рес­публикада Үдемелі индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр: жаңа өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық ны­сандар да мұнай өнімдерін тұтынады.  
– Көтерме нарықта да, бөлшек сауда на­рығында да мұнай өнімдерінің сапасын бақылау жүйесінің жоқтығы бізді қатты алаңдатады. Мұнай және мұнай өнімдерінің ішкі нарықтағы бағаларын қалыптастыру саясатына қатысты сұрақтар да қордаланып қалды. Ол айқын, ашық емес. Біз Үкіметтен баға қалыптастыру саясатындағы «мөл­дір­лікті» қамтамасыз етуге бағытталған ше­шімдер күтеміз. МӨЗ-дерге келіп түскенше, мұнай делдалдар арқылы бірнеше рет қайта са­тылады, – дей келе, ол Үкіметке мәселе­нің шешімін ұсынды: «жер қойнауын пай­даланушылар мен МӨЗ-дер арасында тек бір ғана делдал болуға тиіс». 
«Азаматтарымыздың денсаулық жағ­дайын жақсарту және дамыған 30 елдің қа­тарына кіру бойынша Елбасы қойған мін­детті шешу үшін біз экологиялық ах­уалға және қалаларымыз бен ауылда­ры­мыз­дағы ауаның тазалығына қатысты ай­рықша талапшыл болуға міндеттіміз!» де­ген Дариға Назарбаева көліктерді газға бір­те-бірте көшіру және газбен толтыру стан­саларының желісін кеңейту бұған елеу­лі түрде септесетіндігін айтты. 
Парламенттік тыңдауда есеп берген Пре­мьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев бүгінгі таңда 4-мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салуға әзірлік жүріп жат­қан­дығын мәлім етті: 
– Мұнай өңдеу өндірісінің қазіргі кө­ле­мі жанар-жағармайға Қазақстанның өз қа­жеттіліктерін де өтемейді, – деп мойын­да­ды 1-вице-премьер. – Нәтижесінде, біз импортқа, соның ішінде негізінен, Ресейге жүгінеміз. Импортқа тәуелділікті азайту мәселесін шешу мақсатында Үкімет қол­даныстағы үш МӨЗ-ді қайта құру және мо­дернизациялау бойынша шаралар қа­был­дауда. Осы жаңғырту қорытындылары бойынша 2017 жылдың аяғына қарай біз ашық түсті мұнай өнімдерімен өзімізді то­лық қамтамасыз ете аламыз деп отыр­мыз. 

Оның айтуынша, зауыттар қуатын арттыру сыртында, мұнайды өңдеу тереңдігі де арттырылады. Яғни мұнайдан басқа да жаңа өнімдер алына бастайды. «Сондай-ақ мұнай өнімдерінің сапасы Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына дейін көтеріледі. Бұған қоса, Елбасының тапсырмасымен, Үкімет бүгінде 4-МӨЗ-ді салу мәселелерін белсенді пысықтау үстінде. Оның техникалық және экономикалық параметрлері, тиімділігі анықталуда. Биылғы жылы 4-зауыттың құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленетін болады. Жұмыс жүргізілуде» деді Бақытжан Сағынтаев. 
Шетелдік мамандардың болжамынша, Қазақстанның мұнайы 2050 жылы, яғни 35 жылдан кейін таусыла бастайды. Әрине, бұл жерде тек барланған қоры туралы сөз болып отыр. Өйткені отандық мамандардың байламынша, қазақ жерінің терең қойнауында әлі беті ашылмаған алапат көлемдегі «қара алтын» қоры жатыр. 
– Ірі жобаларды қоспағанда, бүгінде қазақстандық мұнай кен орындарының жартысынан астамы ендігі өндірісінің шырқау шегінен өтіп кетті және көнерген, шығатын қоры аз қалған болып есептеледі, – деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары Б.Сағынтаев. – Елбасы мұнайды шығару коэффициентін қазіргі 30%-дық деңгейден ең кем дегенде тағы 5-7%-ға арттыратын технологиялық саясатты жүзеге асыру туралы Үкіметке тапсырма жүктеді. Өйткені әлемде бұл көрсеткіш 50%-дан асты. 
Осыған орай, оның ақпарынша, биылғы жыл соңына дейін еліміздегі мұнай кен орындарының өндіріс тиімділігін арттыру бойынша жобаларды іске асыру жос­парларына, жай-күйіне және бол­жамдарына талдамалық зерттеу жүр­гізілетін болады. Әйтпесе, кейбір мұнай-газ компаниялары шикізаттың жеңілірек алынатын бөлігін ғана өндіреді де, қалғанын «рентабельді емес» деп, тастап кетеді. Ол кен орны кейін су жиналып, тағы басқа да өзгерістерге ұшырап, ары қарай жарамсыз болып қалады. Осыған бай­ланысты мемлекет жер қойнауын пайдаланушыларды кен орындарының мұнайын барынша толық алуға ынта­ландыру бойынша нақты шаралар қабылдауды жоспарлауда.
Мысалы, Энергетика министрі В.Школьниктің мәліметінше, «мұнайды шығару коэффициентін 1%-ға арттыру Қазақстанға қосымша 150 миллион тонна мұнай әкеледі». Яғни жаңа кен орнын ашқанмен бірдей. Президент тап­сырмасымен, осы коэффициентті жо­ғарылату бағытындағы талдау жұмыс­тарымен Школьниктің ведомствосы, министрлікке қарасты ғылыми институттар айналысуда екен. 
Өз сөзінде Б.Сағынтаев Қазақстанның «әлемдік үш супергигантының» қазіргі жағдайына да тоқталды:  
– «Қашаған» кен орнында қалпына келтіру, тұрба құбырларын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. «Солтүстік Каспий жобасы» операторымен және мердігер компаниялармен барлық даулы мәселелер реттелді. Мұнайды коммерциялық өндіру «Қашағанда» 2016 жылдың соңына қарай қайта басталады деп жоспарлануда. Басқа бір ірі жобамыз «Теңізге» келсек, онда «болашақ кеңейту» жобасын жүзеге асыру көзделуде. Соның аясында ТШО мұнай өндірісін 1,4 есеге, яғни қазіргі 27 миллионнан 38 миллион тоннаға дейін ұлғайтпақ. Объектілерді іске қосудың болжамды мерзімі – 2021 жыл. «Қара­шығанақты» кеңейту жобасы аясында Үкімет онда жер астына айдалатын газ көлемін арттыруды және сұйық көмір­сутектерді өңдейтін жаңа технологиялық желіні салуды қарастыруда. Іске қосу 2022 жылға жоспарланған, – деді 1-вице-премьер.    
Министр Владимир Школьник жетекші әлемдік эксперттер жүргізген зерттеулерге сүйеніп, Каспий жағалауы ойпатының терең қойнауында мұнайдың алапат көлемі – 60 миллиард тоннасы жасырын жат­қандығын айтады. Соны барлау және игеру үшін Қазақстанда «Еуразия» жобасы қолға алынуда. Салыстыру үшін айта кетейік, «BP’s Statistical Review of the World Energу» дерегінше, Қазақстанда қазір мұнайдың барланған қоры 5,5 миллиард тоннаны немесе бүкіл әлемдік қордың 2,9%-ын құрайды.
Энергетика министрі «Еуразия» жобасы инновациялық геологиялық  техно­логияларды қолдануды және 15 шақырым тереңдікке дейін «аса терең бұрғы салуды» қарастыратындығын хабарлады. Бұл жобаға тиісті технологиялары бар бірқатар әлемдік жетекші мұнай-газ компаниялары қы­зығушылық танытуда. 
Қазіргі уақытта консорциум құрылуда. Үкімет «еуразияшыл» инвесторларға фискалдық және фискалдық емес қандай жеңілдіктер мен преференциялар беретіндігін пысықтап жатыр. 
Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау да геологиялық жұмыстарды жандандыруға күш салы­натындығын жеткізді: 
– Бұл бағыттағы жұмыстар Елбасы жариялаған «100 нақты қадам – Ұлт жоспарына» қосылды, – деді ол. – Бұл міндет өте дұрыс қойылып отыр. Өйткені жері үлкен Канада, Австралия секілді елдерге қарағанда, Қазақстан өз аумағының әрбір шаршы шақырымына шаққанда, әлдеқайда аз инвестиция тартуда. Бүгінде Тұжырымдамасы ендігі дайын. Бұл ретте геологиялық барлау жұмыстарын қосымша құн салығынан, коммерциялық барлау бонустарын төлеуден босату көзделуде.  
А.Раудың айтуынша, мемлекет басшысының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру үшін құрылған Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның тобы «мұнай заңнамасын және қатты, қазба байлықтар бойынша заңнаманы ажыратып, бөлу туралы» мәселе қоюда екен. Әйтпесе, қазіргі кезде «Жер қойнауы туралы» бәріне ортақ заңнама ғана бар.    
Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова жеке Геология және геологиялық барлау органын құруды ұсынды.
– Мұнай-газ секторындағы қазіргі көптеген проблемалардың түп-тамыры геологиялық салада жатыр, – деді депутат. – Геология бүгінде қолдауға және дамуға зәру. Теңіз бен Қарашығанақ секілді екі ірі кен орнымыз 2025 – 2031 жылдары мұнай өндірісінің шырқау шегінен асып кетеді, содан кейін олардағы өндіру көлемі тек кеми береді, ал шығындары арта түседі. Орта және ұсақ кен орындары бұл межеден ендігі өтіп кетті. Мысалы, Қызылорда облысында. Мамандардың есептеуінше, 2050 жылға қарай Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі жылына 62 миллион тоннаға дейін азайып қалады. Бұған мұнайдың жаңа кендерін барлаудың –  мұнай өндірісінен қалып қоюы себеп.
«Нұр Отанның» Мәжілістегі фрак­циясының мүшесі, парламенттік тыңдауды дайындау бойынша арнайы комиссияның басшысы Шавхат Өтемісов Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытудың ұзақмерзімді тұжырым­дамасының жоқ­тығын қынжыла айтты.
– Ал 2014-2018 жылдарға арналған мұнай-газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар «Нұрлы жол» бағ­дарламасынан бұрын қабыл­данғандықтан, онда көптеген ауқымды мақсаттар мен міндеттер ескерілмей қалған. Сондықтан мұнай-газ саласын дамытудың ұзақмерзімді тұжырымдамасын қабылдау қажет. Онда «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамының» 74 және 75-қадамдарындағы пайдалы қазбалар қоры жөнінде есеп берудің CRIRSCO халықаралық стан­дарттар жүйесін енгізу арқылы жер қойнауларын пайдалану саласының мөлдірлігі мен болжамдығын арттыру және пайдалы қазбалардың барлық түрлері үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдалана отырып, келісімдер жасаудың оңтай­ландырылған әдісін енгізу ерекше назарға алыну керек! – деді депутат Ш.Өтемісов. 
Оның дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстанда мұнай өндіру бойынша 63 контракт жұмыс жасап тұр.