Негізгі бет  /  мақалалар  /  Алпыс балаға киім-кешек берді

Алпыс балаға киім-кешек берді

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
871
Алпыс балаға  киім-кешек берді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы облыстық №1 Балалар үйінде қайырымдылық концерт өткізді.

Бағдарлама барысында филар­монияның жеке орындаушысы, республикалық байқаулардың лауреаты Біржан Бәзілжан халық әні «Гүлдариға», «Молдабайдың әні» және Несіпбек Айтұлының өлеңіне жазылған Мейрамбек Жанболатовтың «Ән-домбыра» әнін тарту етті. Хор капелласының солисі Ерболат Еңсебаев Оспанәлі Иманәлиевтің өлеңіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем», Серікбай Оспановтың өлеңіне жазылған Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым, Алматымды» әнін шырқады. Халықаралық байқаулардың лауреаты Фархат Кубиев Қадыр Мырза әлінің өлеңіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», ал жас әнші Жанар Құрмасынова балаларға арналған «Айгөлек», «Бала тілі» әндерін орындады. Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің домбырашылар триосы күй тартысты. Өз кезегінде балалар үйінің тәрбиеленушілері де өз өнерлерін ортаға салып, ризашылықтарын білдірді. 

Филармония директорының орынбасары Есқайыр Абаханов және гастрольдік-концерттік бө­лім басшысы Амантай Берғалиев балаларды мейрамымен құттықтай келе, әрдайым қолдауға дайын екендіктерін жеткізді. Соңынан өнер мекемесі атынан 60 балаға киім-кешек, оқу құрал-жаб­дық­тары және тәтті тағамдар үлес­тірілді.
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасымен Мә­дениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер қызметкер­лері күні аясында рес­пуб­ликалық Мәдени айлық өткізуді қолға алған болатын. 21 мамыр-21 мау­сым ара­лығында жүзеге асатын шарада барлық мәдени меке­мелер мен өнер ұжымдарына қарттар мен жетім балаларға және жастарға әлеуметтік көмек­тер көрсетіп, басқа да қайырым­дылық акциялар, көрме, кон­церттер ұйымдастыру жүктелген. Осыған орай әрі мереке күні қамкөңіл бүлдіршіндерді қуан­тып қайтайық деген ниетпен балалар үйіне арнайы келдік. Мұндағы жеткіншектер ата-ананың назарынан тыс қал­ғанымен, мемлекеттің қамқор­лы­ғынан айырылған жоқ. Қо­ғам­ның толыққанды мүшесі. Сондықтан біздің мақсатымыз осындай жүз­десулер арқылы оларды ізгілікке үйретіп, жақсылыққа баулу. Қамқорлық жасап, мейірімділік көрсету. Алдағы уақытта да тығыз қарым-қатынас орнатып, филар­монияда өтетін түрлі шығарма­шылық кештерді та­машалауға шақырып отыратын боламыз, – дейді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Ақан Абдуалиев.