Негізгі бет  /  мақалалар  /  Есірген еркектерге ескерту

Есірген еркектерге ескерту

Жолдасбек Дуанабай
1210
Есірген еркектерге ескерту Жамбыл облысының Меркі ауданында 4 жасар баланы зорлап өлтірген оқиға жұрттың жағасын ұстатқаны даусыз.

Демде қолға түскен күдікті кінәсін мойындап, қылмысты қалай жасағанын да түсіндіріп берді. Көрші тұратын кеңкелестің жасы да біразға келген. 55 жаста елге бас болатын басбұзардың қаны қарайғаны соншалық, баланы зорлап болған соң, өлі денесін сол үйдегі тоңазытқышқа екі бүктеп салып қойған. Қанішердің әйелі де жантүршіктіретін қылмысты біле тұра жасырмақ болғаны да жаға ұстатады. Бүлдіршіннің жақындарымен бірге баланы іздеуге атсалысқан. Тек тәртіп сақшыларының иісшіл итінен сескенген ол күйеуі жасырған өлі денені тауып алған болып, әке-шешесіне өз қолымен тапсырған. Қаскүнем баланы үйге алдап кіргізіп, алдымен ұрып өлтірген. Содан соң зорлаған. Полиция мен әскерилер ауылды қоршаған соң, ұсталатынын білген педофил қылмысын мойындаған. Осылайша, тып-тыныш отырған бір отбасы әп-сәтте аңырады да қалды. Мұндайда адам «өз жолымен келген өлім болса бір жөн-ау» деп те ойлайтыны шын. Ал бұл қазаның қасіреті бөлек.

Бәрінен де баса атап өтетін мәселе –  Қазақстанда балаларға қарсы жасалатын қастандықтың күн санап өршіп бара жатқаны. Тіпті өз ата-анасынан да, бауыры мен туыстарынан да таяқ жеп, о дүниеге аттанып жатқандар бар. Олардың қатарын пе­дофилдердің толықтыруы заңды қатайтуды қажет етеді. 
Күні кеше Орталық коммуникация қызметінің брифингінде ІІМ Әкімшілік ювеналды полиция комитеті бөлімінің басшысы Әсет Оспанов қоғамда кеңінен талқыға түскен педофилдерді химиялық піштіру мәселесі үкімет деңгейінде қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Оспанов Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмысқа барғандардың жазасы қатайтылатындығын жеткізді. Айталық, 2010 жылғы түзетулерден кейін кәмелетке толмағандарды зорлағандар ең көбі 10 жыл емес, 15 жыл қамауға алу жазасы тағайын­далатын болған. Ал 14 жасқа жетпегендерді зорлағаны үшін қылмыскер 20 жылды арқалайды. «Ана мен баланы қорғауға қатысты Елбасының тапсырмасы шең­берінде ағымдағы жылдың қаңтарынан күшіне енген жаңа Қылмыстық кодексте де кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасаған­дардың жазасы қатайтылды. Ал химиялық піштіруге келетін болсақ, бұл мәселе парламент деңгейінде қарас­тырылып жатыр. Әзірге бұл мәселе – тек талқылау деңгейінде» деді Оспанов мырза.
Оспановтың ойы дұрыс, бірақ біздің заңды талқылау барысында солқылдақтық таныта беретініміз өкінішті. Тағы да теріміз басылып, ашуымыз тарқаған соң, болар-болмас қана шешім қабылдай салмасақ, жарар еді. Алайда, депутаттар балаларды зорлау мен қорлау оқиғаларының өршіп бара жатқанын ұмытпағаны жөн. Мысал көп. Мәселен, Алматыда 52 жастағы азғын қаршадай қызбен подъезге ілесе кіріп, еш қымсынбастан 10 жасар қызды зорламақ болғанын бүкіл ел көрді. Егер қыз айғайлап көмек сұрамағанда, бейнебақылау камерасы болмағанда, бұл оқиға қалай аяқталарын білесіз бе? 
Ақтөбе облысының Шалқар қаласының 48 жастағы тұрғыны 4 жыл бойы өзінің туысын жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеп келген. Алғаш зорлық әрекетін жасаған кезде жеткіншек небәрі 14 жаста болған. Күдікті кінәсін мойындамағанымен, сот-медициналық сараптаманың қоры­тындысы оның оқиғаға қатысы барын анықтаған. Күдікті енді 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Атырау облысында педофил деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталды. Ол ойын алаңында жүрген балаларға балмұздақ ұсынып, кейін кішкене қызды моншаға ертіп кіргенін байқап қалған тұрғындар дереу полицияға қоңырау шалған. Сақшылар күдікті кішкентай қыздың киімін шешіп жатқан сәтте кіріп келген. Оқиға бойынша ҚК 125-бабының 2-бөлімі «Д» бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 
Семейде де бір азғын белгілі болды. Бірінші сынып оқушысын зорлап кеткен адам туралы ақпаратқа 100 мың теңге беруге дайын отырғандар бар. Тәртіп сақшылары педофил бостандықта жүре берсе, тағы бір баланы зорлауы мүмкін екендігін айтады. Қарағандыда 3 сыныптың екі оқушысын зорлаған педофил ұсталды. Ал Жамбыл облысында біреу 12 жасар қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Ол да ұсталды. 
Осы секілді деректердің көптігі деліқұлы­лардың да көбейгенін аңғартады. Бала торыған педофилдерден құтылудың жолы піштірумен бітпесі де анық. Белгілі заңгер Уткиннің айтуынша, егер педо­филдерді күштеп піштіру жазасы енгізілсе, тергеу органдары тарапынан «қателіктер» орын алуы мүмкін екен. «Полицейлер қылмыстың ашылу деңгейін көтеру мақсатымен кінәсіз адамдарға жала жабуы мүмкін» дегенді заңгер жоққа шығармады. Оның ойынша, қазіргі тергеу мен соттың деңгейінде зорлыққа бар­ғандарға піштіру жазасын енгізу дұрыс емес.
Дегенмен, Конституция мұндай заңды қабылдауға тыйым салмайтын көрінеді. «Конституцияда педофилдерді піштіруге болмайды деген ереже жоқ. Демек, Консти­туция қарсы шықпайды. Ал өркениетті қоғам өлім жазасына қашан да қарсы» дейді заңгер.
Енді не істеуге болады? Бәлкім, кейбір жағдайларда өлім жазасын қолдануды қайта қолға алу керек пе екен? Қалай айтсақ та, педофилдерге қолданылатын жаза дені дұрыс адамның төбе шашын тік тұрғызатындай болуы керек секілді. Қатыгездіктің қасіретін шеккендердің жүрегін жылыту оңай емес. Балаларынан ажыраған немесе ел алдында масқара болған ата-ананың көңілін орнына түсіретін – тек заңның қаталдығы ғана.