Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЖАНЫМНЫҢ НҰРЛЫ ЖАНАРЫ

ЖАНЫМНЫҢ НҰРЛЫ ЖАНАРЫ

Жолдасбек Дуанабай
855
ЖАНЫМНЫҢ НҰРЛЫ ЖАНАРЫ «Адамның жаны ешкім білмейтін, өзге біреу аша алмайтын құпия сандық іспетті. Әркімнің кеудесінде күмбірлеп қаншама арман бұлқынып жатса да, сол биік мақсаттың жолында қорықпай қадам басып, шідерін бұзып, алысқа қанат қағатындар санаулы-ақ.

 Ол санаулылар қайдан шығады? Ол – арманының қанаты қиылмай, еркін қиялдай алатын  баладан шығады. «Дүниедегі барлық бала арманшыл ғой» дерсің. Рас, алайда сол жүректегі ізгі ойды  нәр беріп өсіретін де, су сеуіп өшіретін де – ата-ана. Өмірдің бітпейтін күйбеңіне көмілген ата-аналарға мүмкіндігімізше көмектесу – біздің парызымыз» дейтін. Қолда барында жақсы адамның қадірін білмейтініміз, аузынан шыққан сөзінің алтыннан да қымбат екенін бағалай алмайтынымыз өкінішті. Әрбір ісін ерекше махаббатпен атқарған, талғамы биік, өрелі жандардың артында айтылған, жылдар бойы жаңғырып, қайталана беретін жақсы сөздері арқылы мәңгі жасайды. Ұрпақ санасында қалады. Сондай жандардың бірі – Сокитбаева Мақпал Аманжолқызы еді. 

2009 жылы «Атадан қалған мұра» қоры құрылды. Ақша тауып, пайдаға кенелуді емес, уа­қыттың уысында сығымдалып, тынысы тарылып бара жатқан балалар өнерінің тамы­рына тамшыдай болса да су тамызуды ойға алған қордың мақсаты биік еді. Арманымен алыс­қа қарайтындар көп болғанымен, жо­лын­дағы қиындықтар мен ізденістерге төтеп бе­ретіндер де соншалықты көп емес. «Атадан қалған мұра» қорының алғаш қолға алған ісі  – бүгінгі баланың санасына ізгілік нұрын, бі­лімнің нәрін құюдың оңтайлы да, түзу жолы болды. Сондай оймен Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай жас көркемсөзшілердің байқауын ұйымдастырды. Қазақтың біртуар перзентінің өмір жолын зерттеу барысында бір мысқал болса да жүректеріне ұлтшылдық рухы сіңсе деген арманы болды. Қорытынды кеште батыр атаның келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың айтқан естелікке толы та­ғылымды әңгімелерінен балалардың көз­де­рінде жанған жалыны мен кішкентай жү­рек­терінде оянған махаббаты Мақпал Аман­­жолқызын одан сайын қанаттандырды. Қазақ ба­ласының, алыс ауылдарда тұншығып жат­қан талантты бұлақтың көзін ашсам деген ықы­ласпен шаршамай тынымсыз еңбекке кірісті. Ізгіліктің үлкен-кішісі болмайды деген қағидамен атқарған шаруасына көз жүгіртсем – бірнеше продюсер, бірнеше ме­нед­жер мен әкімшінің жұмысын бір өзі ат­қа­ра берген екен. Әр жолғы ұйымдастырған бай­қаулары, мерекелік шаралары бір-біріне ұқсамайтын, қазақылықтың иісі мен аналық қолының табы сезіліп тұратын. Ұлттық та­ғылым мен ырымды қатар ұстана отырып, тізбектесең санынан жаңылатын, бірнен-бірі өткен сансыз жобалар мен байқауларды ұйым­дастырды. Д.Қонаев, Н.Тілендиев, 
Р.Бағ­ланова атындағы байқаулар, дәстүрлі ән мен күйдің мәртебесі үшін ұйымдастырылған «Ақжелең», Қазақ хандығының 500 жылдығы мен Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналған балалар байқауларының келер ұрпаққа берер тәлімі мен үйретер тағылымы шексіз еді. Қа­зақ радиосымен бірлесе атқарған «Тай­жарыс» радиобайқауының мәртебелі нүктесін халық­аралық байқауға ұластырып, Түрік жеріндегі халықаралық додаға мыңдаған балаларды жетелеуі – міндеттелген жұмысы емес, жаны­ның қалауымен атқарған шаруасы еді. Шет-елді көрсем деген ой үш ұйықтаса түсіне де кір­мейтін алыс ауылдың қаншама баласын әуе­ге көтеріп, шетелдің сахналарында жұл­ды­зын жақты. 
Қазақтың талантты домбырашысы, ел мақ­таны болған Мұрагер Сауранбаевтай ұлды дү­ниеге әкеліп, ұлттық өнермен ауыздан­дыр­ған, бойына қазақ мақтанарлық барлық қа­білетті сіңірген ардақты да көрегенді ана бол­­ды. Талғат пен Рамазандай қос ұлды сүйеу етіп,бір кездегі асқақ арманын көлемі, атқа­рар шаруасы мен жүгі ауыр «Атадан мұра» атты қоғамдық қорға айналдырды. Алайда осын­ша ізгі дүниенің шамын жағып, жол бас­таған Мақпал Аманжолқызының қапияда көз жұмғаны, сағынышты сағымға айналғаны жанымызға батады-ақ. Жақсының аты, ха­кім­нің хаты өлмейтін болса, Мақпал Аман­жолқызы бастаған салауатты істің жалғасын та­батынына, қордың мәңгі жасайтынына се­німіміз мол.
Жастарды жанына жиып ана болған, са­ли­қалы жол көрсетіп, талай жасты бауырына бас­қан ардақты жан жаныңыз жәннатта бол­сын!
Гүлбағыш БОСТАН, 
журналист