Негізгі бет  /  мақалалар  /  ҰБТ – АЛЫНБАС АСУ ЕМЕС

ҰБТ – АЛЫНБАС АСУ ЕМЕС

Жолдасбек Дуанабай
2275
ҰБТ – АЛЫНБАС АСУ ЕМЕС Алматыда Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, №159 гимназия директоры Аягүл Төреқызы Миразова басқаратын білім ордасы жыл сайын «Алтын медаль» иегерлері мен озат оқушылар даярлаудан алдына жан салмай келеді.

Бұл гимназияның толағай табыстарын айтып тауысу мүмкін емес. Қала бойынша «Ең таңдаулы мектеп» атанған гимназияда тек өткен оқу жылында ҰБТ-ға қатысқан 52 оқушының 13-і «Алтын белгі» алды. 47 оқушы 100-ден жоғары, 4 оқушы 90-нан жоғары, 1 оқушы 80 балл жинады. Мектептің орташа балы – 109,6 болды. Ал 11-«Ә» сынып оқушысы Марат Әсия 125 балл жинап, санаулы қазақстандық дарындылар қатарына қосылды.

Бізді қызықтырған жағдай – осы білім ордасында оқушыларды ҰБТ-ға алдын ала қалай даярлайтындығы еді. Осы орайда мектеп мақтанышына айналған, шәкірттерді ҰБТ-ға даярлауда үздік ұстаз атанған тәжірибиелі ұстаздарды әңгімеге тарттық. 

 

Дайындық күзде басталады

Эльмира БИДАЙБЕКОВА, оқу ісінің меңгерушісі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері:

ҰБТ білімді тексерудің бір түрі болғандықтан, мектеп бітіруші түлектер жақсы көрсеткіштерге жету үшін, ең басты міндет оларды психологиялық жағынан дайындау деп есептеймін. Кез-келген 11-сынып оқушысы «ҰБТ тапсыруға дайынмын ба?» деген сұраққа жауап беруі тиіс.

ҰБТ-ға дайындық оқу жылының басында-ақ басталады. Мұғалімдердің пән бойынша ҰБТ-ға әзірлік жоспарының дайындалуын қадағалаймын. Мектепте ҰБТ-ға кіретін пәндер бойынша бұрыннан 11-сынып оқушыларымен дайындық жүргізетін тәжірибелі мұғалімдердің тобы белгілі. Оқушылар туралы мәліметті, олардың білім деңгейін анықтап, ҰБТ-ға дайындалатын оқулықтардың болуын қамтамасыз етемін. Одан кейін ҰБТ-ға дайындайтын мұғалімдер бұйрықпен бекітіліп, әр пән мұғалімі 11-сыныптар үшін дайындық кестесін жасап, жұмысты қыркүйектен бастайды.

Дайындық сабақтарының басында мұғалімдер негізінен оқушылардан бақылаушы тест алады. Оның мақсаты – тест тапсырмалары бірнеше сыныптардың материалынан аралас болатындықтан, нені біліп, нені білмейтінін, қай сынып бойынша оқушының ақсайтынын анықтау. Одан ары жүйелі, төменгі сыныптардан бастап құрастырылған тест тапсырмалары мен оқулық бойынша қайталау (оқулық параграфтары, тараулары, бөлімдері бойынша ) қатар жүргізіледі. Бұл әрекеттің де артықшылығы бар екенін айтқым келеді. Әр пән мұғалімінің жеке ҰБТ-ға дайындау әдістемесі бар.

Мен өз тәжірибемде байқағандай, әр оқушы ҰБТ-ға дайындықты 10– сыныптан бастап қолға алғанын құптаймын. Әсіресе, математика, Қазақстан тарихы, сонымен бірге таңдау пәнінен дайындықты ерте бастағаны жөн. Әрине, барлық оқушының қабілеті бірдей емес, дегенмен оқушы ең бастысы өзіне жүктелген міндетті сезініп, ҰБТ-ға дайындалу үрдісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Әр оқушы жетістікке жету үшін еңбектенуі керек, оқушыны өсіретін де, көзделген межеге жеткізетін де­­ – еңбек. Сонымен бірге, мектеп, аудан, қала бойынша алынатын байқау тесттерінен кейін бізде әр пән мұғалімі тест тапсырмаларындағы сұрақтарға талдау жасап, әр оқушымен жеке жұмыс жүргізеді. Тест тапсырмасындағы қиын сұрақтарға тосылмай, біріншіден, жеңіл сұрақтарға жауап беріп, кейін сол қиын сұрақтарға біртіндеп көшу керек екенін, сұрақтарға берілген бес түрлі жауаптың нақтысын табуды үйретеді. Бізде әр оқушының қабілетіне қарай тест тапсырмаларымен жұмыс жасау әдістемесі де бар. Ол жеке, топпен жұмыстар арқылы да жүргізіледі. ҰБТ-ға дайындық барысында тек бір пәнге ғана көңіл бөлмей, бес пәнге бірдей, қатар дайындалуды үнемі қадағалап отырамыз. Егер оқушы бір пәнге ғана назар аударса, қалған пәндерден байқау тесттерінде байқайтынымыздай, балл төмен болады. Білім деңгейі төмен, орташа оқушыларды жақсы үлгеретін оқушылардың қатарына қосу ­– басты міндетіміз. Әр оқушының қандай пән бойынша төмен екенін байқап, оған үнемі талдау жасай отырып, кемшілігін түзеу үшін шара қолданамыз. Соның бірі – оқушымен жеке жұмыс жасау, оған ата-ана, мектеп психологы тарапынан көмек беру және оны қолдау.

Гимназияда ҰБТ-ға дайындық жұмысын жүргізетін мұғалімдердің тәжірибесі мол болғандықтан, 11-сынып оқушылары мектептен сырт жаққа барып дайындалмайды. Олардың таңдауы – гимназияда сабақ беретін мұғалімдер. Гимназияда оқушылардың өзіне деген сенімді арттыру, көңіл-күйді көтеру, қарым-қатынасты дамыту, стрессті болдырмау, қобалжудан арылу үшін тренинг, жаттығу сабақтары кесте бойынша жүргізіліп тұрады.

Байқау тесттері алынып, оған терең талдау жасалады, онда 50 балл жинай алмаған оқушылардың білім сапасын арттыру үшін оқушылармен жеке психологиялық жұмыстар да жүргізіледі. Осы үлгермеушілікті болдырмау мақсатында психологиялық даярлығын жақсарту үшін, оқушыларға жеке ұсыныстар жасалып, сынып жетекшілеріне, ата-аналарына хабарланып отырады. Қорыта айтсам, оқушы тек оқуды ойлағаны жөн, оқыған, еңбектенген оқушы ғана ҰБТ-дан сүрінбейді.

Жақсы оқу мақсатқа жеткізеді

Назерке МҰҚАНОВА, оқу ісінің меңгерушісі:

– Жыл сайын білім саласына қойылатын талап күшейіп келеді. Қоғамда ҰБТ туралы неше түрлі көзқарас болса да, әзірше мектеп түлегінің білімін тексерудің одан артық баламасы жоқ. Мектептегі оқушылардың барлығының қабілеті бірдей деп те айта алмаймын. Сондықтан, ҰБТ тапсыруды өз міндетіне алған оқушы дайындықты 9-10-сыныптардан бастағаны дұрыс. Себебі, осы  сыныптарда білімінде олқылықтары бар оқушыларға ҰБТ тапсыруда қиындықтар туады, сондықтан ерте қамданғанның еш артығы жоқ.

Оқушының ҰБТ-да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуі – ең алдымен оқушының өзіне байланысты. Ісіне тыңғылықты қарайтын, жауапкершілігі бар оқушылар діттеген мақсатына қол жеткізеді.

ҰБТ оқушы үшін де, ата-ана үшін де жауапты іс. Сонымен бірге, ата-ана тарапынан үлкен қолдау мен көмек көрсетілгені дұрыс. Сыныптағы оқушыға айналасындағы жақсы оқитын оқушылар да әсер ете алады, неғұрлым білімге кұштарлығы басым оқушылары бар сынып болса, сол сыныптың оқушылары да жоғары көрсеткішке қол жеткізе алады.

ҰБТ-ға дайындықты жыл сайын жүргізіп келе жатқан мектеп мұғалімдері баланың қабілетін ашып, оны шыңдауға ықпал ете алады. Білімі төмен, орта, жоғары оқушыларды анықтай отырып, бізде ҰБТ-ға дайындалу сабақтарын жүргізетін тәжірибелі мұғалімдер белгілі бір жүйемен жұмыс жасап келеді. Нәтижесі де жоғары деп айта аламын.

Гимназия оқушылары ҰБТ-ға дайындық сабақтарын тек өз мұғалімдерімізден алады. Оның бір ерекшелігі – оқушылардың әртүрлі қабілеттерін ескере отырып, дайындық сабақтарын жекелей жүргізуі. Сонымен бірге, пән мұғалімі, сынып жетекшісі, ата-ана болып жұмыла жұмыс істеуі де өз жемісін берері анық. ҰБТ алдындағы оқушының өз бойындағы қорқынышты жеңе білуі, өзіне деген сенімділікті оятуы, жауапкершілікті қатар ала жүруіне гимназиядағы оқу-тәрбие үрдісіндегі жүйелі жұмыстар да септігін тигізеді. ҰБТ-ға дайындық сабақтарын жүргізетін мұғалімдердің дұрыс іс-жоспар құруы, оқушы білімін көтерудің тетіктерін білуі, жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуінің өзі білім нәтижесіне оң ықпалын тигізеді. Тынбай еңбектенген, жүйелі жұмыс істеген, ҰБТ-ға жан-жақты дайындалған оқушы өзінің көздеген межесіне қол жеткізеді. Оқушы тек өзіне ғана сенуі қажет. Барлық пәндер бойынша дайындықты қатар алып жүріп, оптимистік көңіл-күйде, ұзақ мерзімді есте сақтау қабілетін шыңдап отыруы тиіс. Мұғалім мен оқушының белсенді педагогикалық ынтымақтастығы көп нәрсеге қол жеткізеді. Байқау тесттері оқушының үнемі есте сақтау қабілетін арттырады, белсенді ойлау қабілетін дамытады.

Гүлназ ТҰҢҒЫШБАЕВА, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Жыл мұғалімі» байқауының бас жүлдегері:

– Қазіргі таңда білім беру сапасына үлкен ықпал етіп отырған ҰБТ екені бәрімізге белгілі. Мен оны былтыр ғана мектепті бітірген өз сыныбымнан білемін. Сыныпта қабілеті әртүрлі балалар оқыды, алайда сынып оқушыларының ортасы көбіне жақсы оқитын оқушылардан құралғандықтан, сыныбым ҰБТ-ға дайындықты ерекше сезінді. Сыныптың ҰБТ-ға дайындалудың дұрыс жолын таңдай білуіне сынып жетекшісі ретінде өз үлесімді қостым.

Ең алғашқы әрекетім – оқушыны ҰБТ-ға психологиялық жағынан дайындауда ата-аналарға кеңес беруім болды. Онда ата-ана баласының ҰБТ–ға барар алдындағы алдын-ала байқау тесттері кезінде алып жүрген ұпайларына немқұрайдылықпен қарамай, дұрыс ақыл-кеңес беруге тырысуын сұрадым. Үйде күнделікті ҰБТ-ға дайындалатын белгілі бір уақыт, орны болуына жағдай жасауын талап еттім. Сонымен бірге, баланың көңіл-күйіне, денсаулығына әрқашан назар аударып отыруын, өз баласының алдағы уақытта жетістікке жететініне үнемі сенім артуын, шамадан тыс ауыртпалық жүктеп, шаршамауы мен дұрыс демалуын қадағалауды тапсырдым.

Баланың ҰБТ тапсыратын уақыты жақындаған сайын қатты қобалжуын заңды деп түсінемін. Сондықтан, оларды ақылға шақырып, сабырлы болуды сұрадым. Сыныбымда оқушыларды үнемі жақсы оқуға, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге шақырып отырдым. Жақсы оқитын оқушыларды ынталандырып отыруға, мақтау айтуды әдетке айналдырдым. Оқушылардың отбасында ата-аналарының балаларының дұрыс білім алып, жақсы оқуына жағдай жасап отыруын қадағаладым.

ҰБТ-дан кейін қатты қуанғаным – шәкіртім Марат Әсияның 125 балл жинауы болды. Бұл мектеп пен ата-ананың бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесі. Әсия Марат бастауыш сыныптан үздік оқыды. Зейінді, ынталы, есте сақтау қабілеті жоғары оқушы болды. Ол ҰБТ-ға дайындалудың дұрыс жолын тауып, жүйелі түрде дайындалды. Өзінің жеке басындағы ұяңдық, мінезінің салмақты болуы, әрбір іске тыңғылықты, жауапкершілікті болуы оны үлкен жетістікке қол жеткізді деп есептеймін. Биік межеге қол жеткізу үшін Әсияның бабымен қоса, бағы да жанды деп ойлаймын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, егер ізденіп оқымасаң, алға қойған мақсатыңа жете алмайсың. Оқушының қашанда оқи отырып, қинала отырып, оптимистік көзқараста болғаны жөн.

Бәрі бастауыштан басталады

Гүлзина ҮРЖІГІТОВА, бастауыш сынып мұғалімі:

– «Білім мен тәрбие – егіз» деген қағиданы еске алсақ, бұл екі ұғымды еш уақытта бөліп қарауға болмайды. Сапалы білім қажет дегенмен, ең әуелі, балаға тәрбие бермейінше, білім беру мүмкін емес. Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді, жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. «Туа жаман жоқ, жүре жаман бар» деген қағиданы ескерсек, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ұстаздың, ата-ананың, мектептің басты борышы деп қарауымыз керек.

Ғалымдардың зерттеулері баланың даму үрдісінде үш түрлі күш пен үш түрлі фактор қатысатындығын дәлелдейді. Олар: биологиялық фактор, әлеуметтік фактор, баланың өз белсенділігі. Даму үрдісіне әсер ететін бұл үшінші күш болып саналады. Оқитын пән қандай да жаңа, бағалы болмасын, мұғалімнің шеберлігі қаншама жоғары болмасын, егер мұғалім баланың өз белсенділігін туғыза алмаса, оған ұсынылған іс пен еңбекте баланың әрекетке қатынасуы күткен нәтиже бермейді. Баланың организм ретінде дамуы мен жеке бас ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асырылады. Баланың даму процесі, оның қоғамның белсенді де пайдалы мүшесі, азамат ретінде қалыптасуы осы үш фактордың қатысуымен қамтамасыз етіледі.

«Білім негізі – бастауышта», әрине, бастауыш сыныптағы оқушының бойында өзінің белсенділігі күшті фактор басым болса, бастауыш сыныптан бастап ол келешекте де үздіктер қатарынан көрінеді. Өзінің бойында белсенділігі күшті оқушы – баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процесін ескере отырып, денсаулығына қамқорлық жасайтын, баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыра алатын, еңбекке құлшынысын арттыратын, өзіне өзі қызмет ету дағдыларына дұрыс үйрете алатын отбасында қалыптасады.

Ұстаздың ең бірінші қабілеті­ – ұғындыра білу, көкейіндегісін оқушыға оңай жолмен тез жеткізе білуде болса керек. Мұғалім сынып оқушысымен жұмыс істей жүріп, ең алдымен тәрбие негізіндегі мақсаттарын дұрыс қоюы қажет. Баланың өзін-өзі дамытуына қолайлы жағдай туғызу, өз бетінше білімін жетілдіріп, дамытуына ықпал ету, өзін-өзі басқара білуге үйрету керек. Осындай басты мақсаттарды жүзеге асырып, бастауыш сынып оқушысына сапалы білім мен тәрбие берген мұғалім, ол оқушыдан келешекте де үздік оқитын оқушы тәрбиелей алады.

«Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі» деген екен аяулы алаш азаматы Жүсіпбек Аймауытов.

Бала ұдайы ата-ана, ұстаз назарынан тыс қалмауы қажет, әсіресе, ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. «Балаңды сүйсең, тәрбиесін де сүй» дегендей, бала тәрбиесінің негізі, түп-тамыры отбасы мен өскен ортасынан басталса керек. Үнемі қадағалау мен жеткілікті көңіл бөлінген бастауыш сынып оқушысының тәрбиесі мен білімі де дұрыс болады. Үздік оқитын оқушының қалыптасуында тікелей ата-ананың да рөлі зор. «Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген екен көне грек философы, ал сол ғажайыпты жасау, толық мәніндегі адамды тәрбиелеу, қалыптастыру қаншалықты маңызды, әрі жауапты екендігі баршамызға аян.

Математикасыз білім болмайды

Бақытжамал ДҮЙСЕБАЕВА, математика пәні мұғалімі:

– Математика – нақты ғылым. Сондықтан, сабақ үрдісінде пәннің ғылыми тұрғыдан тереңірек түсіндірілуіне көбірек көңіл аударған дұрыс. Дегенмен, бірнеше жылдық өз тәжірибемде зер сала отырып қарағанымда, математикалық ұғымдарды түсіндіру, бекіту кезеңдерінде оқушылардың жалпы оқу дағдыларының белгілі бір алгоритмдері болғанын шарт деп түсінемін.

Ол ең алдымен оқушының математика оқулығымен жұмысы болып табылады. Ол мазмұны бойынша тапсырманы таба алу, тақырыпқа ат қою, пункттің немесе параграфтың мазмұнын оқу, түсініксіз сөздер мен тіркестерді ажырата білу, олардың мағынасын анықтау, оқу барысында сұрақ қоя білу, оларға жауап қайтаруға дайын болу, негізгі түсініктерді бөліп көрсету, негізгі теоремалар мен ережелерді, анықтамаларды бөліп көрсете алу. Бастауыш сыныптан негізі қаланатын амалдарды орындау және оның меңгеру дағдыларын оқушы жақсы білсе, орта және жоғары сыныптарда оқушы математиканы жақсы түсініп оқи алатын болады.

Сонымен бірге, анықтамаларды, теоремаларды үйрену, мәтіндегі нақты мысалдарды талдау және өздігінен мысал келтіру, дәптерде теореманы дәлелдеуді өздігінен жүргізе алу, кестелер, схемалар, суреттер, сызбалар құрастыра алу сияқты дағдыларды жыл сайын, сыныптан сыныпқа көше отырып, математика пәнін оқушының терең меңгеруі оның 11 сыныпта ҰБТ-ға дайындалуда еш қиналдырмайтыны анық.

Оқушының математикадан ҰБТ-ға дайындалуда есте сақтап қалу тәсілдерін қолдана отырып, материалды есте сақтау (жоспар, сызба, схема бойынша айту, математикалық тәсілдер, қиын тұстарды қайталау), мәтіндегі нақты сұрақтарға жауап беру, осындай сұрақтарды іздестіріп, өзіне қоя білуі де маңызды.

ҰБТ-ға дайындалуда математикадан жауап жоспарын құрастыру, ол негізінен анықтама беруді қажет ететін түсінікті бөліп көрсету, дәлелдеуді және түсіндіруді қажет ететін теоремалар мен ережелерді бөліп көрсете алу дағдысы да оқушыға өте керек.

Математикада теорема мен ережені дәлелдеуді құрастыру, жауап беру уақытында тақтаға жазуды ойластыру, теореманың (ереженің) қай жерде қолданылатындығын көрсете алғаны дұрыс. Мен үшін ең бастысы – оқушының қорытынды жасай алуы.

Теореманы меңгеру тәсілінде оқушы дәлелдеудің басқа да жолдарын табуға әрекеттенгені құнды болып табылады. Өздігінше теореманы дәлелдеу, өз сызбасын жасауы қажет. Теореманы меңгеруді бақылауда оқушының белгілі бір мақсатқа жеткенін тексерген дұрыс. Математикадан ҰБТ-ға дайындалуда қосымша сабақтарда сынып жұмысы мен үй жұмысын ұйымдастыру шеберлігі мұғалімдерде жоғары болуы тиіс. Жазбаша үй тапсырмасын орындатып, тапсырманың шешімін әртүрлі жолдармен тексеру, толық немесе кейбір бөліктерін орындатып отыру менің басты ұстанымым болып табылады. Оқушы тапсырманың шешілу жолдарын тексерудің жалпы әдісіне жолдасының осы есепті шығарған жолын тексеріп көргенін пайдалы дер едім.

Кесте құрастыру алгоритмінде оқушының өзінің пікірімен мәтінді толықтырып, оларды кестеге жүйелей алуы шарт. Осы жерде бағалау критерийлерін қолданған дұрыс. График салуда параметрлер мен масштабты анықтап, шартты белгілерді таңдап, координаторлар түзуін сызу, оған параметрлік белгілерді көрсете отырып, график сызу және қорытынды жасай алуы маңызды.

Қысқасы, математика сабағында оқушылардың ойлау қабілетін дамыту, таным-ой қабілеттеріне басты назар аудару, өздігінен жұмыс істеуге бағыттау, оқушыларды үнемі көтермелеп, мадақтау, оқушылардың белсенділігін, тапқырлығын дамытуда үлкен рөл атқарады дегім келеді. Жақсы оқитын оқушылардың қабілеттерін одан әрі ұштап отыру, білім деңгейінің өсуін, білімге ынта-ықыласын арттыру менің басты мақсатым. Ең бастысы – оқушыны ҰБТ-ға дайындауда математика пәнінен жоғары балл алуды меже етіп белгілеу.

Баланың көңілі далада болмауы тиіс

Әлия БҮРКІТБАЕВА, психолог:

– ҰБТ-ға дайындауда әр пән бойынша оқушы әрбір материалды, тақырыпты қалай қабылдады, қабылдаса құба-құп, қабылдамаса, оның сыры неде екендігіне, әсіресе оқушының жас ерекшелігі мен психологиялық (ерекшелігі) жаратылысына, оның қоғамдық ортасы мен әлеуметтік жағдайына терең үңілетін болсақ, оны дұрыс зерттеудің көздерін білсек, нәтижелі жұмысқа қол жеткізуімізге көмек береді.

ҰБТ-ға дайындалуда оқушы оған дайындалу барысында әр пән бойынша оқу, меңгеру барысында өзін өзі таба алуы тиіс. Егерде адамға берілген тапсырма оның икемділігіне, қызығушылығына сәйкес келмесе, тапсырманы ешуақытта орындай алмайды. Атқарған еңбегіне рахаттанып, рухани ләззат ала алмайды. Содан кейін өзіне-өзі күдік, сенімсіздік пайда болады. Яғни, бұл қолымнан келмейді, орындай алмаймын деген түсінік бойын билеп алады. Мұндай жағдайда барлық еңбегіміз нәтижесіз болып шығуы мүмкін. Ал сенімсіздік белгілі мәселелерге сенімсіздікпен қарауға, өзіндік қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты принципсіздік, жауапсыздық, өзіне риза болмаушылық пікір, көзқарастар пайда болады. Біздің іс-әрекетіміз тиімді болу үшін оның шарттарын білуіміз керек. Әр пәннен сабақ беретін ұстаз өзінің объектісіне әсер етуді ұйымдастырғанда, оқушының психикалық ерекшеліктерін, соның заңдылықтарына байланысты дамитынын білуі қажет. Оқушының қабылдауы, түсінігі, есіне сақтауы, еркі мен мінезіне, жалпы және арнайы қалыптасуына және т.б. ерекшеліктеріне байланысты болады. Көбінесе педагогикалық әсер мен психикалық ерекшелік үйлесімді келгенде, тым тәуір нәтиже шығады. Себебі, өмір ағымына сай оқушы өзгеріп тұрады.

Біз сабақ процесінде әрбір оқушының өзіндік жеке тұлға ретінде оның табиғи жаратылысы мен психологиялық ерекше қасиетіне мән бере жұмыс жасасақ, оң нәтиже берері ақиқат.

Пән мұғалімі оқушылардың жалпы темпераментіне байланысты сабақты қабылдау, ерекшелігі мен сабақтан соңғы іс-әрекеті мен белсенділік сипатын көрсететін сызбаны жасап алуы қажет. Әр пән мұғалімі әр оқушының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, ҰБТ-ға дайындықты жоспарлап, жұмыс жасағаны дұрыс.

Мен осы жерде мынандай психологиялық қызметтiң мiндеттерiн атағым келеді:

– психологиялық және әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан қиындық көрiп жүрген балалардың мәселелерін (проблемаларын) анықтап, оларға дер кезiнде көмек көрсету;

– Проблемасы бар балаларды жан-жақты зерттеп, оны туғызған себебiн анықтау және түзету, дамыту жұмыстарын жүргiзу;

– Психологиялық қасиеттерiн зерттей отырып, психологиялық тренингтер ұйымдастыру.

Оқушыны психологиялық жағынан ҰБТ-ға дайындауда ата-аналарға төмендегідей кеңес берер едім:

1.        Баланың ҰБТ-ға барар алдындағы алдын-ала тестілеу кезінде алып жүрген ұпайларына немқұрайдылықпен, салғырттықпен қарамай, дұрыс ақыл-кеңес беріп отыруға тырысу;

2.        Баланың үйде күнделікті ҰБТ-ға дайындалатын белгілі бір уақыт, орны болуына жағдай жасау;

3.        Әр ата-ана баланың көңіл-күйіне, денсаулығына әрқашан назар аударып отыру;

4.        Әр ата-ана баласының алдағы уақытта ҰБТ тапсыруда жетістікке жететініне үнемі сенім арту;

5.        Баланың дұрыс тамақтануына, әсіресе есте сақтау қабілетін арттыратын жеміс-жидектерге, дәрумендерге көп көңіл бөліп және оны үнемі қамтамасыз ету;

6.        Ата-ана балаға шамадан тыс ауыртпалық жүктеп, шаршатпай, дұрыс демалуын қадағалағаны дұрыс;

7.        Ата-ана ешқашан баланы сынап-мінемегені дұрыс. Ақырындап ақылмен ұғындырып, сабырлы болуға шақырғаны жөн.

Тек, осылай бірлесе атқарған іс-әрекет түбінде оң нәтиже беріп, биік көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

 

PS: Биылғы ҰБТ былтырғыдан өзгерек болмақ, талап қатайтылған. Ал жауапкершіліктің қаншалықты екендігін әр баланың, ата-ананың іші сезетін болар. Ұстаздар болса, 11 жыл берген білімінің жемісін көрмек. Сол жемістің қаншалықты дәмді боларын уақыт көрсетеді.

Ең бастысы, уақытты босқа жібермеген ұстаздың да, оқушының да, ата-ананың да бағы жанары анық. Тек тамаша тәжірибені меңгеріп, үздік ұстаздардың өнегесін үйренуден жалықпаған жөн деп білеміз.