Негізгі бет  /  мақалалар  /  ТАҒЫЛЫМДЫ «ТЕМІРҚАЗЫҚ»

ТАҒЫЛЫМДЫ «ТЕМІРҚАЗЫҚ»

Жолдасбек Дуанабай
1011
ТАҒЫЛЫМДЫ «ТЕМІРҚАЗЫҚ» Белгілі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының «Алаш – темірқазық» атты жаңа кітабы жарыққа шықты. Бұл – автордың әр жылдарда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне берген сұхбаттарының жинағы.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасы кезінде тиісті басылымдардың оқырмандарынан лайықты бағасын алған жарияланымдарды топтастырып, зиялы қауымға ұсынып отыр.   

Кітапта бір ғана тақырып – Алаш тарихы мәселелері қозғалған. Өзге тақырыпқа шашылмай, ғылыми ізденісін Алаш қозғалысы төңірегінде ғана өрістеткен ғалымның жетістігі де осында. Диханның қаламгер ретінде берген сұхбаттары да, алған сұхбаттары да баршылық. Оның бәрі де алаштану жайына арналған. Бұл жинақта ол журналистпен әңгімелесушінің ролін атқарады.
Жастайынан бұрынғы одақтың беделді мұрағаттарын аралап, тың дерек, құнды мәлімет іздеу еншісіне тиген зерттеушінің айтары мол, жазары жеткілікті. Оқу бітіре сала ғылымның соқпағына түскен жас жігіттің ізденістері Алаш арыстарының ақталған сәтімен тұспа-тұс келді. Ол тынымсыз еңбек етіп, қазақ руханиятының тарихына көп жаңалық қосты. 1922 жылы Ташкентте құрылған «Талап» ұйымының жарғысы, 1924 жылы Мәскеуде дүниеге келіп, елге таралған «Алқа» әдеби ұйымының айқындамасы, 1917 жылы Мұстафа Шоқай шығарған «Бірлік туы» газеті, Қызылжарда шыққан «Жас азамат» газеті – Диханның түрлі мұрағаттар қойнауынан тауып, ғылыми айналымға қосқан құнды дүниелері. Оған қоса, қазақ театрының тарихы Қошке Кемең­герұлының 1926 жылы қойылған «Алтын сақинасынан», еліміздің жоғары оқу орнының тарихы 1920 жылы Орынборда ашылған Қырғыз халық-ағарту инс­титутынан (КИНО), жастар баспасөзінің тарихы 1918 жылы жарық көрген «Жас азаматтан» басталатынын нақты дәлел­дермен ғылыми негіздеп берді. Бұл айтулы даталар қазір жұрттың зердесіне әбден орнықты. Бүгінде Дихан Қамзабекұлы осы саланың жоғын жоқтайтын зерделі зерттеушіге айналды.  
«Алаш – темірқазық» жинағы оқырманның танымын мазмұнды мәлімет­пен, дәйекті дерекпен, құнды құжатпен байытады. Кітап авторы азаматтық көзқарасын, ғылыми ұстанымын айқын таныта білген. Батыл қадам, тәуекелшіл әрекет Дихан Қамзабекұлы зерттеулерінің шоқтығын биіктете түседі. Бұл жинақта мұның мысалдары жетіп артылады. 
Кіріспе сөзінде айтылғандай, жаңа кітап Алаш қозғалысы, Алаш тұлғалары, Алаш мәдениеті, Алаш баспасөзі, Алаш ұйымдары жөніндегі сұхбаттардан түзілген. Бұл сұхбаттардың бәрі де бір деммен оқылады, оқырманға ой салады, ұлттық танымды санаға сіңіреді.
«Алаш – темірқазық» жинағы – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор  Д.Қамзабекұлының осы кезге дейін жарық көрген «Смағұл Сәдуақасұлы», «Руханият», «Алаш және әдебиет», «Ағартушылық және әдебиет», «Пайым», «Алаштың рухани тұғыры», «Түркістан алқасы» атты ең­бектерін қамтитын Алаштану галерея­сына еркін енетін тағылымды дүние.

Бауыржан ОМАРҰЛЫ