Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жәнібекке жету қайда?!

Жәнібекке жету қайда?!

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
890
Жәнібекке  жету қайда?! Талдықорғанда бокстан Қа­зақ­стан Республикасының IV жазғы Спар­такиадасы аяқталды. Бұл жа­рысқа барлық өңірден келген жуан жұдырықты жігіттер қатысты.

Бірден айта кетейік, еліміздің бірінші нөмір­лі былғары қолғап шеберлері арасы­нан тек әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Жәнібек Әлімханұлы ғана «Жастар» спорт сарайында бой көрсетті. Ал өзге мықтыларды ұлттық құрама бапкерлері Спартакиададан босат­қан екен. Алайда, жарыстың қызығы одан еш кеміп қалған жоқ. Керісінше, еліміздегі өзге де жалындап өсіп келе жатқан жастарға осы жолы өз­дерін түбегейлі мойындатуға тамаша мүмкіндік туындады. 

Басты жұлдыз – Жәнібек! 
 Бір байқағанымыз, «Жастар» спорт сарайына жиналған жанкүйерлер мен мамандардың біраз бәсекелерді аяғына дейін тамашалауға зауқы соқпады. Жекпе-жектер өтіп жатқан кездің өзінде кейбіреулер таза ауамен тыныстап қайту үшін далаға жиі шықса, кейбіреулер өзара әңгіме-дүкен құрып, өткен-кеткенді мәз-мейрам болып еске алып жатты. Олардың жайы түсінікті. «Жастарға» ат басын бұрған көрермендердің көбі – республи­камыздың әр өңірінен жиналған белді боксшылар мен білікті бапкерлер немесе кезінде сол саңлақтармен қатар жүрген үзеңгілес әріптестер мен қимас достар. Бір сөзбен айтсақ, өзара еске алатын оқи­ғалар көп. Ал дәл осылайша бас қосатын мүмкіндік көп бола бермейді. Сондықтан да көпшілік осындай сәттерді қалт жі­бермеуге тырысады. 
 Алайда, жүргізуші Жәнібек Әлімхан­ұлының есімі аталған бетте мүлде басқа көріністің куәсі болдық. Жиналған жұрт­тың барлығы өзге шаруаларын ысырып қойып, рингтің маңына көптеп қайта жинала бастайды. Сыртқа шығып кеткен көрермендер асыға-үсіге өз орындарына жайғасады. Барлығы да шаршы алаңнан көз алмай, 75 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Алаштың алтын жұдыры­ғының әрбір қимыл-қозғалысына там­сана қарап, таңдай қағып отырды. 
 Иә, кезінде Алматы облысының Ала­көл ауданына қарасты шалғайында жат­қан Жыланды ауылында спорт үйір­месі болмаған. Болса да, атағы алысқа жа­йыл­ған жоқ. Сол елдімекеннің жастары ары кеткенде аудандық жарыстарда жүлде алу­мен шектеліп жүрді. Содан бұл ауылға Мұрат Сиқымбаев сынды жас бапкер келеді. Кезінде Одақ көлеміндегі жарыс­тарда атой салған Алматының жігіті өзіне жүктелген міндетке бел шеше кіріседі. Ал сол Мұраттың бойында білікті бапкерге тән қасиеттің бар екенін байқаған белгілі кәсіпкер, қазақтың атымтай жомарты Бауыржан Оспанов еді. Жас маманды Жыландыға шақыртқан ауқатты азамат оның еш алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдай жасайды. 
 Арада бір жылдай уақыт өтеді. Қауырт жұмыстан қолы бір босағанда Бауыржан Оспанов өз ауылына ат басын бұрады. Бір жиында Мұрат Сиқымбаевпен жолықты. Аман-саулық сұрасқаннан кейін: «Қалай, жұмысың оңды ма? Жыландыда мықты жігіттер бар ма екен?» деп тіл қатты. Сол мезетте Мұрат: «Аға, бір үйір жылқы­­ның ішінен нағыз дүлдүлді, төрт тұяғын тең басатын тұлпарды таныдым. Көзі жа­нып тұр, бойында бұла күш бұлқынып жа­тыр. Қарап тұрыңыз, бұл батыр келе­шекте әлем чемпионы атанып, қазақтың мақтан тұтар ұлына айналады» деп өзімен бірге келген жеті жасар баланы көрсетеді. Мұрат пен Жәнібекке алма-кезек қараған Бауыржан ағалары жылы ғана жымиып, інілерінің арқасынан қақты. 
 Жылдар озған сайын Жәнібек жа­лындап өсті. Елшілік жарыстарда өз қа­тар­ластарының алды болды. Халықаралық аренаға шықты. Ересектер дуына еркін қосылып, 2012 жылы 19 жасар жас дарын Қазақстан чемпионы атанады. Жартылай финалда әйгілі Рустам Сыбаевтың өзін сабайды. Ал Рустамның кезінде атағы жер жарған Серік Сәпиевтің өзіне сан соқ­тырғанын ескерсек, оның қандай мықты боксшы екенін шамалай беруге болады. 
 2013 жылы Амманда өткен Азия бі­рін­шілігінде топ жарып, Алатау бау­ра­йында әлем чемпионы атанады. Осы­лайша, Жәнібек өз есімін бокстан Алматы облысынан шыққан тұңғыш әлем чем­пионы ретінде спорттық шежіреге ал­тын әріптермен жазады. 2014 жылы Әлім­ханұлы Азия ойындарында алдына жан салмады. 
 Талдықорғанда өткен Спартакиадада Жәнібекке ешкім жарытып қарсылық көрсете алмады. Осы орайда біз бәсеке бас­талған бетте Жетісудің жолбарысы бар­лық қарсыласын бас көтертпей соққы­ның астына алып, бәсеке санаулы секундтарда аяқталды деп айтудан аулақ­пыз. Ол тактикалық тұрғыдан «ойлы бокс» көрсетті. Асықпады, аптықпады. Ақырын жүріп, анық басты. Қажет кезде шабуылдады, керек кезде қорғанды. Шар­шы алаңда еркін ойқастап, көрер­мендер көңілінен шығатын комбина­циялардың сан алуан түрін паш етті. Бокс дегеніміз – қолды оңды-солды сілтеу ғана емес, бұл өресі биік өнер екеніне көпші­ліктің көзін жеткізгендей болды. 
 Жәнібектің бір ерекшелігі, ол бір сыдырғы боксшы емес. Әлімханұлы – нағыз әмбебап. Көздеген мақсатына қол жеткізе алмаған тұста тактикасын дереу өзгертеді. Лезде мың құбылып шыға келеді. Қарсыласы шабуылға шықса, қос қолымен басын бүркеп алады. Ондай сәтті қарсы беттегі боксшы қалт жібер­меуге тырысады. Ол барлық дүниені ұмытып, бас-көзсіз төмпештей жөнеледі. Әлімханұлына да керегі сол. Қақпанға түсті деген осы. Бір мезетте Жәнібектің жұдырығы алмас қылыштай жарқ ете қалады. Нысана – не бас, не бүйір. Оның немен тынатыны белгілі: дөп тисе – но­каут, жанап өтсе – нокдаун. Басқа вариант жоқ. 
 Спартакиадада дәл солай болды. Бас­тапқы бәсекедегі қос қарсыласы екі реттен нокдаун алғаннан кейін жекпе-жек тоқтатылды. Жартылай финалда оралдық Алмасбек Орынғалиевті екі мәрте есеңгіретті. Финалда маңғыстаулық Ерік Әлжановпен айқасты. Осыдан үш жыл бұрын екеуі ел чемпионатының ақтық сынында күш сынасқан болатын. Ол кезде Әлімханұлы жеңген. Бұл жолы да дәл солай болды. Ерік те жақсы боксшы екен. Бірақ Жәнібектің жөні бөлек. Ол ақтық айқас қарсаңында жарақат алса да, өзінің мықтылығын мойындатты. 

Шаршы алаң шайқалып тұрды
 Жәнібек Әлімханұлынан өзге елі­міздің бірінші нөмірлі боксшылары Спартакиадаға қатыспай, бұл жағдай өзге боксшылардың өздерін мойындатуға тамаша мүмкіндік бергенін жоғарыда айттық. Ондай «сыйды» бұған дейін та­сада қалып қойып жүрген кейбір жігіттер ұтымды пайдаланды. Мәселен, біз 52 келі салмақтағы Азат Махметовтің өнеріне риза болдық. Астана қаласының өкілі жартылай финалда Мирас Жақыпов (Шығыс Қазақстан) және финалда Азамат Исақұлов (Маңғыстау) сынды танымал былғары қолғап шеберлерінен басым түсіп, чемпиондық тұғырға көтерілді. 
 Аса жеңіл салмақта талдықорғандық Мардан Берікбаевтың мысы басым болды. Ел біріншілігінде екі-үш рет жүл­дегерлер санатына қосылған Тоқ­тарбек Сәметовтің төл шәкірті бұл жолы чемпиондық тұғырға көтерілді. Финалда Мардан Ержан Жомартты (Оңтүстік Қазақстан) ұтты. Қола медаль Бағдат Толыбаев (Алматы қаласы) пен Ермек Мәдиевке (Жамбыл) бұйырды. 
 56 келі салмақта Дидар Өтелбаевқа тең келер ешкім болмады. Алматы облысы өкілінің физикалық даярлығы мен жанкештілігінде мін жоқ. Үнемі шабуыл өтінде жүретін 21 жастағы қанда­сымыз шешуші тұста Нұрбол Қалжанов (Маңғыстау) пен Нұрсұлтан Көшеғұ­ловтан (Ақмола) басым түсіп, бас жүлдені қанжығасына байлады. 
 60 келі салмақта Ержан Мүсәпіров жеңіске жетті. Кезінде «Астана арлан­дары» сапында жасындай жарқыраған Қарағандының қыраны ақтық сында Жақсылық Ілиясовты (Шығыс Қа­зақстан) ұтты. Роман Щегринов (Алматы облысы) пен Бақдәулет Ибрагимов (Оңтүстік Қазақстан) үшінші орынға табан тіреді. 
 Елшілік жарыстарда 64 келі салмақ дәрежесі бойынша бәсекелестік күрт төмендегенін жанкүйерлер жақсы біледі. 2013 жылы әлем чемпионы атанған Мерей Ақшалов былғары қолғабын ше­геге ілген соң, атақты спортшыға лайықты ізбасар біразға дейін табылмады. Сон­дықтан да ұлттық құрама бапкерлері осы кездесуге баса назар аударды. Спар­такиаданың ақтық сайысында шым­кенттік Алмасбек Әлібеков пен ақмо­лалық Сабыржан Бақбергенов қолғап түйістірді. Екеуі де бұған дейінгі жекпе-жектерін өте тамаша өткізді. Алмасбек жартылай финалда Марат Жексенбіні (Қарағанды) ұтса, Сабыржан Айдар Әмірзақовқа (Шығыс Қазақстан) сан соқтырды. Оның алдында Бақбергеновтің әлем чемпионатының қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасына қатысушы Ғани Жайлауовты жеңгені тағы бар. Екеуі бір-біріне лайық қарсылас екен. Десек те, бұл айқаста Оңтүстік Қазақстан облысынан келген оғланның мерейі үстем болды. 
 69 келі салмақта Шымкенттен келген Бекзод Халметов дара шықты. Финалда ол Азамат Досмағамбетовті (Атырау) жолынан ығыстырды. Ернар Ешенов (Алматы облысы) пен Әділет Дәмешев (Ақтөбе) үшінші орын алды.
 75 келі салмақтың бас жүлдесі үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Ерік Әлжа­новтың таласқанын жоғарыда тілге тиек еттік. Манат Өмірзақов (Шығыс Қазақ­стан) пен Алмасбек Орынғалиев (Батыс Қазақстан) қола медальді кеуделерінде жарқыратты. 
 81 келі салмақта Арман Рысбек алтын тұғырға көтерілді. Ринг қожайыны ше­шуші тұста Әліби Нұрматовтан (Ал­маты қаласы) айласын асырса, Шаймұрат Құ­сайынов (Павлодар) пен Нұрбол Әлтаев (Оңтүстік Қазақстан) үшінші орынды еншіледі. 
 91 келі салмақ дәрежесінде Аты­рау­дың өрені Рахман Әлжанов алдына жан салмады. Алайда финалда Арбек Әб­дуғаниевтің (Алматы облысы) оған ла­йықты қарсылық көрсеткенін айта кеткен абзал. Алексей Севостьянов (Қарағанды) пен Олжан Боқаев (Павлодар) қолаға қол созды. 
 Ал аса ауыр салмақта Қызылорда­н­ың алыбы Қамшыбек Қоңқабаев қарсылас шақ келтірмесе, Нұржан Бекзатов (Оңтүстік Қазақстан) күміс алды. Нұр­сұлтан Аманжолов (Жамбыл) пен Әли Балоев (Алматы облысы) үшінші орын­дарды иеленді. 

Қай өңірдің көші ілгері? 
 «Қазақстанның қай өңірінде бокс мықты дамыған?» деген сауал туындаған жағдайда көпшілік, ең бірінші кезекте, Жамбыл мен Қарағандыны атайтыны айдан анық. Себебі, Олимпиада ойын­дары мен әлем чемпионаттарында атой салып жүргендердің басым бөлігі – дәл осы облыстың өрендері. Олар КСРО дә­уірінде мықты болса, Тәуелсіздік алған­нан кейін де сол жеңісті жол заңды жал­ғасты. Бірақ Талдықорғанда өткен жа­рыста айтулы командалар көңіл көн­шітерліктей өнер көрсете алмады. Спартакиадада Қарағандының небары үш боксшысы ғана жартылай финалға шықса, Жамбылдың екі өрені дәл сол межеге жетті. Әрине, жеңіспен өрілген дәстүрі бар, мықты бапкерлік мектебі қалыптасқан және дарынды жастарға тым бай өлке үшін бұл – тым нашар көрсеткіш. 
 Жалпыкомандалық есепте бас жүлде Алматы облысының өрендеріне бұйырды. 4 алтын, 1 күміс және 3 қола медальді ол­жалаған ринг қожайындары өзге қар­сыластарының барлығынан қара үзіп кетті. Бәлкім, баз біреулер бұл нәтижеге таңдануы мүмкін. Өйткені бұған дейін Жетісу өңірінде бұл өнер тым баяу дамып келген. Ұзақ жылдар бойы олар көш соңында қалып жүргені баршаға мәлім. Тіптен Қазақстан чемпионатында жүл­дегерлер санатына қосылудың өзі мұң еді. Алайда, облыстық федерациясының тізгінін Бауыржан Оспановтай іскер азамат ұстаған соңғы бес-алты жыл ішінде Алматы облысында спорттың бұл түрін дамытып, өркендету мақсатында қыруар шаруа атқарылды. Ең бастысы, бюджет көбейді. Соның арқасында оқу-жаттығу жиындары үздіксіз ұйымдас­тырылып, бапкерлер мен боксшылар халықаралық жарыстарға жиі қатыса бастады. Ел сенімін ақтаған серкелер мен дарынды жастарға тиесілі еңбекақы мен сыйақы күрт көбейді. Ал олай болса, тартынатын түгі жоқ. Міне, Жетісу өңі­рінде бокс өнерінің кеңінен құлаш жайып, осындай деңгейге көтерілуінің барлық құпиясы – осында! 
Жалпы, есепте екінші орын Оңтүстік Қазақстанның өкілдеріне бұйырды. Шымкенттен келген шымыр жігіттер 2 алтын, 2 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. 1 алтын мен 2 қоласы бар Қараған­дының қырандары үшінші тұғырға табан тіреді. Төртінші және бесінші орындарға жайғасқан Астана қаласы мен Атырау облысының көрсеткіші бірдей. Бұл ко­мандалардың әрқайсы 1 алтын мен 1 қо­ланы қанжығаларына байлады. Жалғыз алтынға қол жеткізген Қызылорда алтын­шы сатыға жайғасты. Сондай-ақ жүлде алған командалар қатарында Маңғыстау (2 күміс+1 қола), Шығыс Қазақстан (1 күміс+3 қола), Ақмола (1 күміс+1 қола), Павлодар (1 күміс+1 қола), Алматы қаласы (3 қола), Жамбыл (2 қола), Ақтөбе (1 қола) және Батыс Қазақстан (1 қола) сынды облыс бар.