Негізгі бет  /  мақалалар  /  Автобус жолына арнайы жолақ жасалады

Автобус жолына арнайы жолақ жасалады

Жолдасбек Дуанабай
912
Автобус жолына арнайы жолақ жасалады Кеше қызық болды. Алматыдағы Абай мен Достық даңғылының қиылысында сағаттап тұратын автобустар аялдамадағы қаптаған камераларды көріп, бірінен соң бірі тоқтаусыз жүріп кетіп жатты.

Ал қарапайым жұрт жиналған жастардың автобус күткенін көріп, олар да қызықтап біраз тұрды. Сөйтсек,  «Жолаушылар көлігіне мінейік!» деп аталатын акцияға қатысушы өнер жұлдыздары сол жерге жиналып қалыпты. Әншейінде қолға түспейтін әншілердің қарапайым көлікке мінгендері әркімге қызық көрінгені анық. Өйткені олармен көшеде кездесу түгілі, сахнада да ұстау мүмкін емес. 

Сөйтіп, шоу-бизнес жұл­дыздары алматылықтарды қоғамдық көлікпен қатынауға үгіттеді. Шын мәнінде, Алматыда қоғамдық көліктің қадірі артып келеді. Тек қана әкім-қаралардың қоғамдық көлікке мінуге ықылас танытпайтыны өкінішті. Егер олар мінсе, жаппай автобусқа, троллейбус пен трамвайға міне­тіндер де көбейер еді. Бұл туралы цирк артисі Мұрат Мұтырғанов: «Батыста қоғамдық көлікте, метрода кез келген саланың белгілі тұлғасын кездестіруге болады. Ал бізде ол жұлдыздарға лайық емес сияқты көрінеді. Сондай түсінік қалыптасқан. Мен өзім үнемі метромен қа­тынаймын. Қоғамдық көлікке арналған қосымша жолақты енгізген соң мен тек автобуспен жүретін боламын. Бұл авто­мо­бильге арналған жолда сағаттап кеп­телісте тұрғаннан артық» деді. 
Көппен бірге көлікке мінген қалалық қоғамдық көлік бас­қармасының басшысы Талғат Әбдірахманов соңғы уақыттағы бірқатар жаңалықтардан хабардар етіп жүрді. Ең қызығы, Абай көшесінде Достық даңғылынан Момышұлы көшесіне дейінгі аралықта қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақ жасалып жатыр. Бұл автобустың жылдам­дығын сағатына 12 шақырымнан 18 шақырымға дейін ұзартуға мүмкіндік береді екен. Осылайша,  автобустар мен троллейбустар бекітілген кестеге сай қозғалады. Бір-бірін қайталайтын бағыттағы автобустар қысқартылып, ав­тобустардың жүру уақыты қалып­қа келтіріледі. 
Акция барысында түйген ойымыз, Алматыда қоғамдық көлікке мінетіндер еселеп көбейіп келеді. Келешекте жұрт үшін қоғамдық көліктер ең тиімді тасымал құралына айналмақшы. Мұның бастамасы Абай көшесі арқылы жүретін жолаушылар көліктерінің қауіпсіздігі мен  ыңғайлылығына 15 шілдеден бастап жаңа жол ережесі ен­гізіледі. Газбен жүретін көліктер көбеймекші.  Ал жаңа жылдан бастап автобустарда қолма-қол есептесу жүйесі жойылады. Бұл –  қоғамдық көліктердің жолаушы үшін өзара жарысуына қарсы жасалатын шара. 
Келешекте алматылықтар таза ауамен тыныстап, баратын жеріне аман-есен жетуіне жүз пайыз кепілдік беретін көліктерге ие болмақшы. Соның бастамасы кеше өнер жұлдыздарының қоғамдық көлікке мініп, жұртты  автобусқа мінуге үгіттеуі де болашаққа бағдар сілтегендей болды.