Негізгі бет  /  мақалалар  /  Біз қандай көшеде тұрамыз?

Біз қандай көшеде тұрамыз?

Жолдасбек Дуанабай
883
Біз қандай көшеде тұрамыз? Шынымен де, біз осы қандай көшелерде тұрып жатырмыз? Біріміз өз қайраткерлеріміздің атымен аталып, жаңа атау алған көшелерде тұрып жатсақ, енді біреулеріміз баяғы Кеңес заманындағы ескі атаулармен аталатын көше, даң­ғылдарда тұрып, тіршілік кешудеміз.

Тіпті сол ескі атауларды иеленген адамдардың көпшілігі қазақ жеріне табандары тимеген, қазақ еліне еңбегі сіңбеген, ел-жұртымыз мысқалдай болса да жақсылығын көрмеген, албаты біреулер екенін несіне жасырамыз?! Мәселен, біздің аудан орталығы – Үржарда Буденный атындағы көше бар. Ал сол сонау төңкеріс заманында Жетісудағы қазақ ауыл­дарының бейбіт тірлікті, қойдан жуас халқын «бұлардың бәрі басмашылар» деп қанға бояған нағыз қанқұйлы адамның бірі болған. Аштықтың ақ семсері жетпей тұрып-ақ, осы Бу­денныйдың тегеуріне шыдамай, некен-саяқ адам емес, ауыл-ауыл болып бас сауғалап, сол кездің өзінде-ақ Қытай асып кеткен болатын. 
Сол секілді Ворошилов Суворов, Шмид, Кутузов, Фурманов, Морозов , тағы басқа толып жатқан бөгде елдің азаматтары қазақтың қалалары мен аудан орталықтарынан, тіпті шалғайда жатқан шағын ауылдарынан ойып отырып, бір-бір көшені, көше емес-ау даңғылдарды иеленіп алған. Ресейдің өзі бұрынғы төңкерісшіл-револю­ционерлердің атымен аталған қалаларының атын түгелімен өзгертіп тастағанда біз әлі күнге дейін одан арыла алмай, күнде табанжолын тоздырып жүрген көшелеріміз бен даңғыл­дарымыздың, ауылдарымыздың атын өзгерте алмай отырмыз. Неге? Сонда жаңарған, жасарған еліміздің керемет мерейтойын – Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығын осы ескі атаумен аталатын көшелерде тұрып қарсы ала береміз бе?
Пушкиннің «Смирись, Кавказ. Идет князь Ермолов» деген өлең жолдары бар екенін санасы терең аға ұрпақ ұмытпаған шығар. Дағыстанның атақты ақыны Расул Ғамзатов осы өлең жодарын оқыған сайын қатты ренжиді екен (генерал Ермолов Кавказды отарлаушы ретінде танылған). Содан тау мінезді тау ақыны Мақашқаланың мэріне келіп, «астанамыздың көшелерін орыс сойқандарының (жаулаушы адамдар) аттарынан тазалашы» деген екен. Одақ кезі, жоғарғы жаққа жалтақтап қалған басшы сонда сасқалақтап, өз уәжін көлденең тарта берсе керек. «Мәскеу бірдеңе десе, мен-ақ жауап берейін» депті ақын. Бүкіл Дағыстан халқының мақтанышына айналған ұлы ақынның сөзін жерге тастасын ба, бірер айдың ішінде аталған шаһардағы өзге ұлт «қайраткерлері» атындағы көшелердің бәрі алынып тасталыпты. (Біздің қазақ жазушылары мен ақындарының және жалпы, интелегенцияның ішінде Расул Ғамзатовтай қыран мінезді адам бар ма екен?) Қанша көше дейсіз ғой? 65 көше мен даңғылдың аты өзгеріп, Кеңес Одағы кезінде-ақ Мақашқалада бірде-бір басқа ұлт өкілі атауындағы көшелер қалмаған екен. 
Ал біз өз алдына дамып, өркендеп келе жатқан егемен елміз ғой! Қаншама батыр, ақын, ғұлама, ел үшін жанын беруге даяр болған ұлыларымыз баршылық. Солардың есімдерін көріп жүргендерден басқа, көлденең көк атты да біліп, тануы үшін, көшелер мен даңғылдарға, ауылдарға, елді мекендерге, оқу орындарына берсек кім қолымызды қаққандай?! Ол үшін шулап, шеруге шығудың қажеті жоқ. Тек ауылдың көнекөздері, ұйым-мекемелер мәселе көтерсе болатын сияқты. Одан кейінгісі ономастикадағылар мен депутаттардың құзыры арқылы шешімін таба жатар. Өз асылдарымызды ұлықтап, көшелерімізге атын беріп, айшықтап отырып жазып қой­сақ, бүгінгі түгілі, келер ұрпақ мар­қайып жүрмес пе еді. Сонда қамшының сабын­дай ғана қысқа ғұмырларын қаза­ғым деп өткізген асылдарымыздың рухы барша­мызды қолдап жатыр еді. 

Бейсенғазы ҰЛЫҚБЕК, 
Үржар ауданы, Шығыс Қазақстан облысы