Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мақсат бір, нәтиже Қарама-қайшы

Мақсат бір, нәтиже Қарама-қайшы

Жолдасбек Дуанабай
1067
Мақсат бір, нәтиже Қарама-қайшы Жаһандану үрдісі ХХІ ғасырда басталды деп жүр. Ал тарихқа үңілсек, ол тым ертеден бастау алған секілді. Бүгінгі жаһанданудың «гегамоны» АҚШ «күшті шоқпар» саясатын «ұзын доллар» ұстанымына ауыстырған сонау Теодор Рузвельттің президенттікке екінші рет сайлануынан кейін-ақ бұл қадам басталды деуге болады.

Ал Бреттен Вуд келісімшарты мен Маршалл жоспары оны жеделдете түсті. Бір-біріне қарама-қарсы тұрған капитализм мен социалистік лагерь арасындағы айырмашылық КСРО державасы ыдыраған соң-ақ жойылды дей аламыз. Десек те жаһандану, сөздің тура мағынасында, көптеген кедергілерге тап болып, «бір адым алға, екі адым кейін» қағидасымен өмір сүріп жатқандай. Бұған өткен аптада адамзат куәгері болған екі алқалы, халықаралық жиын нәтижелері мысал бола алады. Екеуі де жаһандануды жеделдетуге, әлемдік интеграцияны алға бастыруға арналғаны даусыз. Солай бола тұрса да нәтиже әркелкі және қарама-қайшы. Неге бұлай? Бұл сұраққа сол екі алқалы жиынның болмысы мен нәтижесіне талдау жасай отырып, жауап берген дұрыс шығар. Ендеше сол жолмен жүріп көрелік. 

 

1. Шығыспен әріптестік
Еуроодақтың алқалы жиыны Бал­тық жағалауында өтті. Бұл жиынға оны ұйымдастырушылар «Шығыспен әріптестік» (Восточное партнерство) деген әдемі ат қойып­ты. Бірақ алқалы жиын атына заты сай болған жоқ. Оның ақиқатын жиынға қатысу­шы­лар, дәлірек айтсақ, шақырылғандар құра­мы­нан-ақ байқауға болады. «Шы­ғыс­пен әріптестік» деп аталған аты да­ғарадай жиынға бар болғаны Ук­раина, Молдова, Гүржістан, Ар­мения, Әзірбайжан және Беларусь шақырылыпты. Егер 1991 жылғы КСРО державасының ыдырауынан кейін­гі осы аймақ тарихына көз жүгіртсек, онда бұлардың бәрі де – бүгінгілер сөздік қорына «сарғыш төңкеріс» (оранжевая революция) деп аталатын қантөгіс теке-тірес­терді бастан кешіргендер. Біз соңғы тарихты Батыс сол «сарғыш төң­керісті» ұйымдастырғандар деген сөзді айту үшін еске салып отырған жоқпыз. Екіншіден, кеше ғана бір одақта болып, бір идеяны ұстанып, бір жаумен бірге күресіп, бір қазан­нан ас ішкен, бір тілім нанды бөліп жеген бауырларды да жазғыру үшін тарихқа үңілгіміз келген жоқ. Бар болғаны, «дамыған Батыстың Еуроодақ деп аталатын және көпке үл­гі ретінде ұсынылып жүрген ха­лық­аралық ұйымның кезекті сам­митіне қатысушыларды шақыру кезінде бұл топтағы мемлекеттер неге іріктеліп алынды?» деген сұ­рақ­ты қойғымыз келді. Егер Ба­тыс­қа, яғни Еуроодаққа үлкен базар керек болса, онда бұл шақы­рыл­ғандардың арасында Украинадан басқасы үлкен базар деген атауға мүлде лайық емес. Екіншіден, та­биғи қор қызықтырды дейін десек, онда Әзірбайжаннан басқаларында ондай байлық жоқтың қасы. Сонда Еуроодақ бұл мемлекеттерге нелік­тен қызықты? Егер одақ шын әріп­тестікке, шын алып базарға, шын бай табиғи қорға қызығар болса, онда Атлант мұхитының шығыс жа­ғалауынан Тынық мұхитының ба­тыс жағалауына дейінгі алып ай­мақты және бай аймақты иемденіп жат­қан Қазақстан мен Ресей фе­де­рациясы шақырылған қонақ­тардың бел ортасында болуы керек еді ғой. О баста «Ванкуверден Владивос­токқа дейін» деген ұран тасталғанда осы ауқымның бірігуі көзделмеп пе еді? Ендеше, «Шығыспен әріптес­тік» саммитінің шақырылған қо­нақ­тар құрамын соншалықты ық­шамдауы нені білдіреді? Сұрағы көп, жауабы жоқ тұс – осы. Дәл осы сам­мит басталған сәтте әлемге әй­гілі Джордж Сорос былай деп сал­ды: «Үшінші дүниежүзілік соғыстың қа­тері төніп келеді». Мұны қалай түсіну­ге болады? Бұл сұрақтың да жауабы жоқ. Жауабы жоқ сұрақ­тар­ға толы саммиттің де өту барысы мен нәтижесі «іздегенге сұраған» де­гендей болып шықты. Оған Әзір­байжан президенті Илхам Алиев пен Беларусь президенті Александр Лукашенко қатысудан бас тартты. Шақырылған мемлекеттер өкілде­рінің бірнешесі қорытынды декла­рацияға қол қойған жоқ. Саммитте Украинаға да виза жеңілдігін беруге «ерте» делінді. Не керек, шақыр­ғандардың да, шақырылғандардың да үміті ақталмады. 

2. Астана форумы
Дәл осы саммитпен бір мезгілде Қазақстанның бас қаласында дәс­түрлі Астана форумы өтті. Форумға үш мыңнан астам қонақ қатысты. Олардың арасында әлем мойын­даған ғалымдар, көптеген халық­аралық институттар жетекшілері, мем­лекеттердің лауазымды тұлға­лары және дүниежүзіне түгел таны­мал компаниялар қожайындары қатысты. Форумда дүниежүзілік эко­номика мен геосаясаттың бү­гінгі жағдайы және алда күтіп тұр­ған сын-қатерлерге қарсы тұру жол­дары жайлы жан-жақты пікір­талас болды. Алқалы жиын жұмы­сы­на Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөй­­леді. Ерекше ескеретін тұс – біз­дің Елбасымыз әлемдегі эко­но­мика мен геосаясаттағы бүгінгі бол­мыс­тың жай-жапсарын бүкпесіз ашық айтып, теке тірес дамудың дұрыс жолы емес екендігін тағы да атап көрсетті. Дамудың жалғыз дұрыс жо­лы тең дәрежедегі экономикалық және саяси қарым-қатынас, бүкіл ә­лемді тұтастыратын интеграция екенін Н.Назарбаев жиналған­дар­ға ашықтан-ашық айтты. Нә­ти­же қандай? Жиналғандардың бәрі де «2050 стратегиясы» мен «Нұрлы жол» бағдарламасын Қазақстанның жарқын болашағын жасаушы ғы­лыми негізді жоспар екенін атап көр­­сете отырып, біздің елмен бай­ланысты одан әрі нығайтуға және Қазақстанға тікелей инвестиция құю­ға ынталы екендіктерін қуа­ныш­пен мәлімдеп жатты. Форум ая­сында өткен пленарлық мәжі­ліс­терде қонақтар Н.Назарбаевтың таяу болашақта жүзеге асыруды ниеттенген институттық бес дұрыс­тау ұстанымын аса жоғары бағалап, біздің еліміздің даму мүмкіндігіне сеніммен қарайтындықтарын атап көрсетті. Форум аясында Қазақстан экономикасына құйылатын жаңа шетелдік және халықаралық инсти­туттардың тікелей инвестициясы жөніндегі келісімдер өмірге келді. Қонақтардың бәрі де форумды өткізуші жаққа асқан ризашылық­пен елдеріне қайтты. Міне, нәтиже деп осыны айт! Түсініспеушілік де­ген атымен жоқ, бір-біріне құ­шақ­тарын ашып, төс түйістіру де­гендей ыстық ықылас жағдайын­да өткен бұл форум бір ғана Қазақстан үшін емес, жалпы адамзат тағдыры үшін де ой саларлық сөз айтқан бір тамаша іс болды. Иә, бұл форум барысында Қазақстанның ұлттық Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қан­ша жерден бөлектенуге, бөл­шек­тенуге ұмтылса да мұндай ұста­нымдағылардың ойлағандары жү­зеге аспайтынын, оның есесіне жал­пы құрлықты қамтитын Еура­зиялық интеграция салтанат құра­тынын жиналғандарға ашықтан- ашық айтты. Енді осындай өміршең ойды жариялаған Астана дауысы бүкіл әлемді шарлап кетті  дей ала­мыз. Бұл жалпы адамзаттың ке­тісуге емес, келісуге, іруге емес, тұ­та­суға тал­пынған қадамын же­делдете тү­се­тін бір іс болды десек, бұл асыра айт­қандық емес. 

3. Халықаралық институттар мақсаты
Мақаланың ба­сын­да-ақ біз жаһан­­дану сонау ертеден бастал­ған іс дегенді айттық. Бүгін бүкіл адам­зат­тың сөздік қо­ры­нан орын ал­ған бұл ұғым діни қасиетті кітап­тар­дың өзін­де-ақ не­гізі қалан­ған үрдіс еді десек артық айт­­­қандық емес. Өйт­­кені қа­сиет­ті кі­тап­тардың барлы­ғын­да да бізді Адам Ата мен Хауа Ана­ның ұрпағы деп атайды. Жөн сөз. Осы­ны дұрыс түсін­гендер екін­ші дүниежүзілік со­ғыс­тан кейін Ұлт­тар лига­сын құрған бола­тын. Бү­гінгі Біріккен ұлттар ұйымы деп ата­­латын халық­ара­лық инсти­тут­тың ал­ғашқыда осылай аталғаны белгілі. Бұдан соң Бреттен Вуд келі­сім­шар­ты мен Маршалл жос­­парын жүзеге асыру үшін Халық­аралық валюта қо­ры, Дүниежүзілік банк, Дүние­жүзілік сауда ұйымы дей­тін­дер өмір­ге келді. Бұ­лар­дың барлығы да әлем­дегі ұлттар мен мем­лекет­тер­дің тең құ­қы­лығын сақтай оты­рып, дүниежүзілік интеграцияға кең жол ашуды көздеген. Өйт­кені өткен ға­сырдың 30-жыл­да­рында АҚШ мем­лекетін тұралатқан алапат дағдарыс (великая депрес­сия) себебі экспорт-импорт алмасу­да­ғы шектен тыс ке­дергілер бол­ға­ны анықталды. Мі­не, осы кедер­гі­лерді жою, сол ар­қылы адамзаттың бір-бірімен то­лыққанды араласуы­на, сауда-саттық жасауына жол аша отырып, дамудың дұрыс жолы деп танылған еді. Оны дүние жүзіндегі мемлекет­тердің барлығы да социа­листік немесе капиталистік ұста­ным­дағы қо­ғам болғанына қара­мастан мойын­­даған еді. Мақсатқа үңіле түс­сек, бастапқы халықаралық инс­титуттардың негізін қалаушылар дұрыс бағытта жұмыс істегенін білу қиын емес. Десек те, келе-келе ка­пи­­талистік және социалистік лагерь елдері «қырғи-қабақ соғыс» дей­тінді бастап, бұл жаппай қарулану­ды, қарудың сапасын арттыруды өмірге әкеліп, нәтижесінде, жалпы адамзатты титықтатты. Сол титық­тау КСРО державасын «жұтып тын­ды». Онымен бірге «Варшава ке­лі­сімшарты» деп аталатын әскери одақ та келмеске кетті. Десек те, «Вар­­шава келісімшартына» қарсы тұр­ған «НАТО блогы» сақталып қал­ды. Ол әскерилер одағы ретінде күні бүгінге дейін өмір сүріп жатыр. «Өмір сүріп жатыр» деу тым сы­пайылық, ақиқатында ол блок өрі­сін кеңейте түсуде. «Социалистік ла­герьден» босанған елдердің біразы бұл блокқа мүше болып алды. Өз мем­лекеттерінің аумағынан блокқа әс­кери база ашуға келісімдерін бер­ді. Келісімдер салдары НАТО бло­­гы­ның әскери базаларының «Шы­­ғысқа» өрісін кеңейтуі. «Шы­ғыспен әріптестік» дегенде Еу­роодақ сам­ми­тін шақырушы жақ серкелері осы НАТО өрісін кеңей­туді ойлас­тырған жоқ па екен деп те қаласың. Өйткені АҚШ мем­лекеттік хатшы­сы Джон Кэрри Еу­роодақ самми­тінен кейін Гүр­жіс­танның НАТО-ға толық мүше болуына көмекте­сетінін ашықтан-ашық мәлімдеді. 
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, бастапқы халықаралық институттар адамзаттың еркін және бейбіт ин­теграциясын қамтамасыз етуді мақ­сат тұтқан. Ал содан кейін құрылған халықаралық институт НАТО бло­гының әскери өрісті кеңейту ар­қылы интеграция мәселесін шешуді көздеуі қаншалықты ақылға қо­нымды? Назар аударарлық тұс – барлық халықаралық институт­тардың негізгі құрылтайшысы – АҚШ. Біріккен ұлттар ұйымын, Ха­лықаралық валюта қорын, Дү­ниежүзілік банкті, Дүниежүзілік сауда ұйымын, осылармен бірге НАТО блогын негізгі қаржы­лан­дырушы – АҚШ. Сондықтан да бұл мемлекеттің бұл халықаралық инс­титуттарға ықпалы ерекше. Сонда қалай, бір қолда шоқпар, бір қолда доллар ұстап жүріп, әлемдік интег­рацияны жүзеге асыру ұстанымы өмірде бар ма? Егер жоқ болса, онда бейбіт интеграцияны көздейтін Біріккен ұлттар ұйымы, Халық­аралық валюта қоры, Дүниежүзілік сауда ұйымы секілді институттармен бірге әскери күш одағы НАТО бло­гының мақсаты қаншалықты үйле­сім­ді. Ал егер мұндай ұстаным өмір­де болса, оған кім көнеді? Ес­керте кетейік, басқа емес, қасиетті кітаптардың өздерінде адамның адамға құл болмайтыны, пенде Құдайдың ғана құлы екендігі анық-қанық жазылғанын неге ұмытамыз? Осы сұрақ көкейге тірелгенде ХХІ ғасырда тақта отырғандарға қара­ғанда жыл санауымыздан бұрын өмір сүрген Мұса пайғамбар ақыл­ды­рақ болған екен ғой демеске амал жоқ. 

Түйін:
Әлемдегі жетекші діндердің барлығы дерлік адамзаттың бір-бірімен туыс, бір-бірімен бауыр екенін айғақтайды. Қазақтардың ұстазы Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген. Бүгінгі Қазақстан Көшбасшысының ұстанымы көптарапты экономикалық және саяси байланыс, қарусыздану және түсіністік жағдайында өмір сүру екені және белгілі. Мұны Астана форумына жиналғандардың барлығы ең дұрыс жол деп кетті. Ендеше басқалар осы дұрыс жолды неге көрмейді? 
Бұл сұраққа әркім әртүрлі жауап берер. Ал біз соны білгендіктен де өз жауабымызды ұсынбаймыз. Тек «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» дегенді айта отырып, бейбіт интеграция жалғыз дұрыс жол болғандықтан, адамзат ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір сол жолға түседі дегенді айтпақпыз. Осы ойымызды неғұрлым тезірек түсінсек, соғұрлым жер бетінің, жер бетіндегілердің тыныс-тіршілігі дұрыс болады. Ал біреудің есебінен күн көруді мақсат тұтқандар әрқашан да орға жығылған. Тимучжин, Македонский, Наполеон, Гитлер тағдырлары осыған дәлел. 

 

Жџмабек ЖАНДIЛДИН