Негізгі бет  /  мақалалар  /  Өресі биік өнерде қазақ қыздарының алатын асуы алда

Өресі биік өнерде қазақ қыздарының алатын асуы алда

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1000
Өресі биік өнерде қазақ қыздарының алатын асуы алда Соңғы жылдары шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп жүр. Атап айтсақ, былтыр Норвегияның Тромсе қаласында өткен шахматшылар Олимпиадасында жерлестеріміз алтыншы орынға табан тіреді. Жерлестеріміз қатарынан екі рет командалық әлем чемпионатына қатысып, кіл мықтылармен күш сынасу құрметіне ие болды. 2013 жылы Астанада жетінші орынды иеленсек, 2015 жылы Чэндуде алтыншы сатыға жайғастық. Әрине, бұл табыстардың барлығын да ел спорты тарихындағы елеулі оқиға деп бағалаған жөн.

КСРО дәуірінде де Қазақстанда әйелдер шахматының даму барысы жаман болған жоқ. Аида Мүсілімова, Ләззат Тәжиева, Гүлнар мен Элвира Сахатовалар, Тамара Клинк, Флюра Ускова (Хасанова) және тағы басқа спортшылар бүкілодақтық және халықаралық жарыстардан әркез олжалы оралып жүрді. 
1992 жылы Қазақстан дербес команда ретінде тұңғыш рет төрткүл дүниенің әр қиырынан келген кіл мықтылардың басын қосқан  шахматшылар Олимпиадаға қатысты. Филиппиннің астанасы Манилада өткен сол жарыста жерлестеріміз сегізінші сатыға табан тіреді. Ол кездері Қазақстан деген мемлекеттің барын көпшілік біле бермейтін. Сол себепті де Тәуелсіздікке күні кеше ғана қол жеткізген Қазақ елінің түлектері осындай өресі биік өнерде орасан зор табысқа қол жетуі көпшіліктің таңданысын тудырды. Араға екі жыл салып, Мәскеуде өткен айтулы додада 11орынды иелендік. 1996 жылы Ереванда қайта сегізінші сатыға көтерілдік. 
Одан кейін көрсеткішіміз күрт төмендеп, уақыт озған сайын мықтылармен терезесі тең өнер көрсету қиындай түсті. Мәселен,1998 жылы Элистада – 23 орынды, 2000 жылы Ыстамбұлда – 19 орынды, 2002 жылы Бледте – 29 орынды, 2004 жылы Кальвиада – 33 орынды, 2006 жылы Турин мен 2008 жылы Дрезденде – 45 орынды және 2010 жылы Ханты-Мансыда  29 орынды қанағат тұттық. 
Ал қазіргі жағдай көңіл көншітерлік. Соңғы төрт-бес жылда Қазақстанның әйелдер шахматы қайта өрлеу кезеңін қайта басынан кешіруде. Дәлеліміз мынадай: 2012 жылы Ыстамбұлда өткен шахматшылар Олимпиадасын отандастарымыз 12 орынмен қорытындылады. 2014 жылы Тромседе үздік алтылықтың қатарынан көріндік. Бір айта кетерлігі, Скандинавия түбегінде жалауы желбіреген жарыста 136 мемлекеттің өкілдері бақ сынады. Солардың арасынан біздің қыздар тек Ресей, Қытай, Украина, Грузия және Армения секілді әйгілі командалардан қалып қойды. Қалғандары қазақ қыздарына қарсылық көрсетіп жарытпады. 
2013 жылдан бері командалық әлем чемпионатында бақ сынау құрметіне ие болдық. Бұл жарыста тек әлемнің ең үздік 10 елінің өкілдері ғана қатыса алады. Қатарынан екі бәсекеде шеберлік байқасқан жерлестеріміз Астанада – жетінші және Чэндуде алтыншы орындарды олжалап, төрткүл дүние жұртшылығының назарын өздеріне аударды. Бір ғажабы, айтулы қос жарыста кілең қазақтың ақылына көркі сай қыздары ойнады. Олар – Гүлісхан Нақбаева, Гүлмира Дәулетова, Динара Сәдуақасова, Мадина Дәулетбаева және Жансая Әбдімәлік. Осы деректерге қарап-ақ, шахматты серік еткен қандастарымыз әлеуеті қаншалықты зор екенін байқаймыз. 
Жоғарыдағы табыстарымызға, әрине, «Тәуба!» дейміз. Осындай қуанышқа бөлеген аруларымызға мың да бір алғыс. Бірақ бұл белесті қанағат тұтумен шектеліп қалуға болмайды. Бүгінгі таңда сан мың жанкүйер «ойлылар ойынын» серік еткен қазақ қыздарынан бұдан да зор нәтиже күтетіні жасырын емес.
Егер шахмат тарихының арғы-бергі беттерін парақтайтын болсақ, талай қызықты деректерге қанық боламыз. Мысалы, 1957 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан әйелдер арасындағы шахматшылар Олимпиадасын ең көп ұтқан Кеңес Одағының өкілдері екен. Екі жылда бір мәрте ұйымдастырылатын айтулы жарыста КСРО құрамасы11 рет (1957-74, 1978-86) алдарына жан салмады. Қытай (1998-2004) мен Грузия (1992-96, 2008) 4 реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ресей командасы үш мәрте (2010-14)  теңдессіз деп танылды. Бұл белес Венгрияға екі рет (1988-90) бағынса, Израиль (1976) мен Украина (2006) бір реттен топ жарды. 
Командалық әлем чемпионатының жалауы алғаш рет 2007 жылы желбіреді. Сол уақыттан бері бес жарыс ұйымдастырылып, небары бес мемлекеттің өкілдеріне ғана жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырған екен. Солардың арасынан Қытайдың шоқтығы биік. Аспанасты елінің арулары 3 алтын (2007-11), 1 күміс (2013) және 1 қола (2015) медальді олжалады. Украина 1 алтын (2013) және 2 қоланы (2014-15) иеленсе, Грузия 1 алтын (2015) мен 1 қоланы (2011) еншіледі. Ал Ресей шахматшылары 4 күміс (2007-11, 2015) және 1 қоланы (2015) иемденді. Ал қалған командалардың қоржыны әзірге бос. 
Әңгімеміздің ауанын жекелеген сайыста әлем чемпионы атанған әйелдерге бұрсақ. Бұл бәсеке 1927 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Чемпиондық атақты алғашқы иеленген шахматшы – Вера Менчик. 1906 жылы Мәскеуде туып-өскен Менчик есейе келе Чехословакияға қоныс аударды. Ол жақта да көп тұрақтамай, ақыры Ұлыбританияның азаматтығын алды. Сол шахматшы 1939 жылға дейін қатарынан 9 рет төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылды. Одан кейін ІІ Дүниежүзілік соғыс басталды. 1944 жылы фашистік Германия Лондонды бомбылаған кезде, өзінің анасы және әпкесімен бірге Вера да қаза тапты.
1949 жылдан бастап, 1991 жылға дейін Кеңес Одағының қыз-келіншектері ешкімге дес бермеді. Атап айтсақ, шеберліктерін Мәскеуде шыңдаған Людмила Руденко (1950-53), Елизавета Быкова (1953-56, 1958-62), Ольга Рубцова (1956-58) сынды шахматшылар алдарына жан салмады. Одан кейін грузиндердің дәуірі басталды. 1962-78 жылдар аралығында Нона Гаприндашвилиге тең келер ешкім табылмаса, 1978-1991 жылдары Кутаисиден келген Майя Чибурданидзе шашасына шақ жұқтырған жоқ. 
КСРО ыдырағаннан кейін Қытай мен Венгрияның түлектері шахмат Олимпіне шықты. Се Цзюнь (1991-96, 1999-2001), Жужа Полгар (1996-99) және Чжу Чэн (2001-04) сынды шеберлер әлем чемпионы атанды. Одан кейінгі жылдары болгариялық Антоанета Стефанова (2004-06), қытайлық Сюй Юйхуа (2006-08) мен Хоу Ифань (2010-12, 2013-15), ресейлік Александра Костенюктің  (2008-10) бақ жұлдыздары жанды. Соңғы жылдары Украинаның спортшылары үстемдік құрып жүр. 2012-13 жылдары чемпиондық атақ Анна Ушенинға тиесілі болса, 2015 жылдан бері 22 жастағы Мария Музычук алтын тұғырға қонды. Міне, әлемдік шахматта үстемдік құрып жүрген – осылар. 
Бұл ретте тағы бір нәрсені айтпай кетуге болмас. Бүгінгі таңда әлемнің ең үздік шахматшы саналатын 38 жастағы венгриялық Юдит Полгар әйелдердің бәсекесіне қатысудан бас тартып, еркектердің дуына қосылды. Себебі, нәзік жандылар арасында оған ешкім қарсылық көрсете алмайды. Тіптен түрлі турнирлерде атағы алысқа жайылған ер жігіттердің өздері Юдиттің алдында дәрменсіз күй кешкенін жанкүйерлер жақсы біледі. 
Әрине, біз де қыздарымыз осындай деңгейден көрінсе деп армандаймыз. Ондай деңгейге жетсек, күллі Алаш жұрты, қабырғалы Қазақ елінің абыройы асқақтап, мерейі таситын еді. Қазіргі кезде жалындап өсіп келе жатқан Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәліктің болашағына зор үмітпен қараймыз. Екеуі де өз құрбылары арасында әлем чемпионы атағына бір емес, бірнеше мәрте қол жеткізген. Бүгіндері Динара 18 жаста, Жансаяның жасы небары 15-те. Яғни нағыз атой салатын кездері алда. Талай сынақтан сүрінбей өткен Гүлісхан Нақбаева (23 жаста), Гүлмира Дәулетова (26 жаста) және Мәдина Дәулетбаева (26 жаста) сынды сұлуларға да сенім артамыз. Одан бөлек, 11 жасар Бибісара Асаубаева сынды бүлдіршініміз бар. Міне, осы қыздарымыздың жоғарыда есімдері аталған апайларының ерлігін қайталап, әйелдер арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізуіне тілектеспіз.