Негізгі бет  /  мақалалар  /  ҮНеМі КҮЛІП ЖҮРЕТІН ЕДІ...

ҮНеМі КҮЛІП ЖҮРЕТІН ЕДІ...

Жолдасбек Дуанабай
936
ҮНеМі КҮЛІП ЖҮРЕТІН ЕДІ... Жақында Сапар Байжанов атындағы №162 мектеп-гимназияның музыка пәнінің мұғалімі, аяулы ұстаз, адал жар, қамқор ана Өтеген Күләш Қосуаққызы дүниеден озды.

Күләш Қосуаққызы 1959 жылы 10 ақпанда Арал ауданының «Ұялы» ауылдық кеңесінде дүниеге келген.1976 жылы Қазалы қаласындағы № 17 мектептен он жылдықты бітіріп,1976-1978 жылдары ауылда еңбек жолын бастаған. 1978 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің музыка бөліміне оқуға түсіп, оны 1981 жылы аяқтап,1987 жылға дейін Қызылқұм сов­хозының ауылдық клубында меңгеруші болып қызмет атқарады. 1987 жылдың сәуір айынан бастап № 225 мектепте,1993-1994 жылы №17 мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. 1994 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, Сапар Байжанов атындағы №162 мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып қабылданады.
Ол өз ісіне адал, оқу­шыларға білім мен тәрбие беру ісіне шебер, шәкірттерін сүйе білетін, ұжымда өте сыйлы ұстаз болды. Жоғары санатты ұстаз талай рет қала, республика көлемінде өз әдістемесін таратып, жаңашыл ұстаз екенін көрсете білген еді. Күләш Қосуаққызы баптаған шәкірттер Алматы қаласында өткен талай шығармашылық байқаулардың жеңімпазы болып, республика көлемінде өнер көрсетіп, ұстаздарының талмай-жалықпай үйрете білетін нағыз майталман ұстаз екенін талай дәлелдеді. Күләш апайымыз мектептегі шеберлігі мен білімі озық ұстаз болғандықтан, тәртібінде сын бар сыныпқа міндетті түрде сол кісі жетекшілік ететін және сол сынып уақыт өте келе мектептің үздік сыныбына айналатын еді. Қашан көрсең де оқушыларын айналып-толғанып қасында жүретін Күләш апайдың жетекшілік ететін музыка кабинеті де ең үздік кабинет еді. Әдістемелік қоры бай, өте таза, кірсең жаныңды жадыратар музыка кабинетіне бар оқушы қуанып кіріп,жадырап шығатын еді. Эстетика пәндер бірлестігі кафедрасының жетекшісі ретінде Күләш Өтеген жас мамандарға әдістемелік көмек беру,ұжымдық даму жоспарын жасап, жауап­ты қызметті үлкен сүйіс­пен­шілікпен атқаратын.Мектеп шымылдығын ашатын «Ал­ғашқы қоңырау» мерекелік салтанатынан бастап жыл бойы бір толастамайтын апталықтар, мерекелік кештер, сайыстар, байқаулардың бәрінің музыкалық әріне жауапты Күләш апай «Соңғы қоңыраудан» кейін де, бас­қа мұғалімдер демалып жат­қанда, өзінің сүйікті баянын құшақтап, жазғы лагерьде демалып жатқан бүлдіршіндерге ән үйретіп, қасында жүретін еді.
Ол мектептегі жас ұс­таздардың бәрін бауырына тартып, жанашырлық көр­сететін, үлкендерді сыйлап, алдынан кесе өтпейтін. Қазақ әйелдеріне тән ибалылық пен сабырлылықты, адамдармен араласып, сыйласа білу қасиетін ерекше бойында сақтаған Күләш апайдың біреудің сыртынан ғайбат сөз айтып,біреуді күндегенін көрмеппіз.Үнемі жылы жымиып жүріп,өз ісіне берік, адамдыққа адал апайымыздың бейнесі жүрегімізде қалатыны анық.

Әріптестері атынан Нұргүл БЕКТҰРҒАНОВА