Негізгі бет  /  мақалалар  /  АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН!..

АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН!..

Жомарт Молдахметұлы
1459
АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН!.. Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы Басши ауылында мектеп оқушылары арасында ұлттық ойын – асық атудан өткен сайыс осылай аталды. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған «Асығың алшысынан түссін!..» ойынына Кербұлақ ауданындағы Райымбек батыр атындағы орта мектептің, Нұрым және Аралтөбе орта мектептерінің оқушылары қатысып, мергендік, дәлдік пен шеберлік бойынша өзара күш сынасты. Ұлттық асық ату ойынын ұйымдастырған Алматыдағы «Гүлстан» журналының ұжымы. Маңызы зор жарысты ұйымдастыруға мұрындық болған «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева: – Асық ату сайысын алыстағы ауыл балалары арасында ұйымдастыруымыздың басты себебі жас жеткіншектерді ең алдымен, күні бойы компьютерде отырудан құтқару. Өйткені компьютердің жақсы да, жаман да жақтары бар. Мысалы, компьютер арқылы сан түрлі сайқал сайттарға кірген оқушы әп-сәтте әлгі сайттың арбауына түсіп, интернетке байланып қалатыны ақиқат.

Егер тереңірек зерделесек, бүгінгі күні интернет балалар үшін әлеуметтік ауруға ай­налды. Олар ұзақ уақытын қажет пе, қажет емес пе интернетте өткізеді. Ал бұл – балалардың денсаулығына, мінез-құл­қына өте зиян. Сондықтан біз ауыл бала­ларын ұлттық спорт ойыны – асық ойнау арқылы ең алдымен, осы бір «аурудан» аластатқымыз келеді. Асық ойнай білу баланың ойлау қабілетін дамытып, мергендік пен дәлдікке, шұғыл шешім қабылдауға, бауырластыққа тәрбиелейді. Сондықтан асық ойынын төртінші жыл өткізіп отырмыз. Асық ойыны барысында қай мектептің командасы жеңіске жетсе, олар алшысынан қойылған асықтар бей­неленген «Асығың алшысынан түссін!..» деген жазуы бар ауыспалы жүлде – арнайы кубокке ие болып, жекелеген қатысушылар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталады. Бұған қоса, біз жыл сайын ойынға қатысқан мектеп оқушыларына арнайы сыйлықтар – футбол және во­лейбол доптарын, алуан түрлі спорттық құрал-жабдықтар, спорт киімдері мен басқа да сый-сыяпаттар жасаймыз. Сон­дай-ақ биыл 1070 асықты әртүрлі түске бояп, шашу ретінде дайындап әкел­дік. Мұн­дағы ойымыз, ауыл балалары арасында салауатты өмір салтын қалып­тастыру, – деп сайыстың мәні мен маңызын түсін­дірді. 
Жылдағыдай биыл да «Асығың алшы­сынан түссін – 2015» сайысына Райымбек батыр, Нұрым және Аралтөбе мектептері­нің әрқайсысынан 15 оқушы, жалпы саны 45 оқушы қатысып, шеберліктерін сынға салды. Мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, дене шынық­тыру пәнінің мұғалімдері, ата-аналар, ауыл тұрғындары да асық атудан өткізілген бәсекені тамашалады. «Асығың алшы­сы­нан түссін!..» сайысының ережесі бойынша егер бір команда қатарынан үш рет жарыс жеңімпазы атанып кубокке ие болса, онда әлгі кубок сол мектепте қалдырылады. Биыл төртінші рет өткізіліп отырған сайыс­қа мектеп оқушыларының жан-жақты дайындықпен келгені байқалды. Әрқайсысы сақаларын сайлап алыпты. Аламан тартыста шеберліктері мен мергендіктері өзгелерден басым болған Кербұлақ ауданындағы Аралтөбе ауданы­ның орта мектеп оқушылары топ жарып, жүзден жүйрік шықты. Сөйтіп, аралтөбелік оқушылар «Асығың алшысынан түссін – 2015» сайысының бас жүлдегері атанып, арнайы кубокке ие болды. Бұл жолы нұ­рым­дық оқушылар екінші орынға көтеріл­се, былтыр дәл осы сайыста жеңіс тұғы­рынан көрінген Райымбек батыр атындағы мектеп оқушылары үшінші орынды қа­нағат тұтты. «Асығың алшысынан түссін – 2015» жарысы аясында ұлдар ләңгіден, ал оқушы қыздар «Алтын арқан» (скакалка) ойындары бойынша сайысқа түсті. Түс ауа аяқталған «Алтын арқан» сайысында нұрымдық Әйгерім Ишанова – бірінші, райымбектік Әлфия Отыншиева – екінші, нұрымдық оқушы Арайлым Молдабекова үшінші орынға лайық деп табылды. Ләңгі тебуден аралтөбелік Жұматай Тәңірберген есімді оқушы бірінші орынды иемденді. Ал Райымбек батыр атындағы орта мектеп оқушысы Абай мен нұрымдық оқушы Нұрсұлтан екінші және үшінші орындарды бөлісті. Асық ату сайысы кезінде біз оқушылар мен ауыл тұрғындары – мектеп қызметкерлерінің де пікірін білдік. 
Руслан РАҚЫМЖАН, Аралтөбе орта мектебінің оқушысы: 
– Былтыр «Асығың алшысынан түс­сін!..» сайысында біз райымбектік оқушы­лар­дан артта қалып, екінші орынды ием­ден­ген едік. Содан осындағы бастауыш сынып оқушылары жиналып, сабақтан соң асық ойнап, мергендігімізді әбден шың­дадық. Биыл міне, осы сайыстың арнайы кубогіне ие болдық. Бұл біздер – арал­төбелік оқушылар үшін де, мұғалімдеріміз үшін де үлкен абырой. Қазір менің жеке қоржынымда екі мыңға жуық асығым бар. Ішінде бірнеше сақам мен қоңқарым да бар. Биыл сақама қорғасын құйып, дайындадым. Сайысты ұйымдастырған Гөзел апайымызға үлкен рақмет! Біз үш жылдан бері ұлттық ойын – асық атудың қыр-сырын дене тәрбиесі пәнінің мұғалі­мі Данияр ағадан талмай үйренудеміз. 
Шырын МЫРЗАХАНҚЫЗЫ, Райымбек батыр атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: 
– Осы ауылдың тумасы, гүл өсіру ше­бері Гөзел апай Құлжабаева асық және ал­тын арқан тәрізді ойынды осындағы үш мек­тептің оқушылары арасында өткізгісі келетінін айтқанда мектеп басшылары ұсынысты бірауыздан қабыл алды. Сөйтіп, 2012 жылы алғаш рет «Асығың алшысынан түссін!..» сайысын біздің мектепте өткіздік. Асық ойыны сайысы оқушылардың өмірге көзқарасын өзгертті. Нәтижесінде үш мек­теп оқушылары бауырластығын нығайтты. Биыл торқалы той – Қазақ хандығы құ­рылуының 550 жылдығы. Сондықтан асық жарысын біз осы мерекеге ойластырдық. Өйткені қазақ хандары елдің бірлігі мен ынтымағын ұрпағымыздың бақытты бола­шағы үшін сақтап қалды емес пе?!. Төрт жыл бойы өткізілген асық ойыны оқушы­лардың ғана емес, жергілікті тұрғындардың да ойынан шықты. Өйткені осы ойын ұйымдастырылғалы бері оқушылар интер­нет іздеп сабылмайтын болды. 
Данияр АХМЕТОВ, Аралтөбе орта мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі: 
– Өткен жылы бірінші орынға жете алмаған біздің мектеп оқушылары биыл бас жүлдегер атанып, ұлан-асыр қуанышқа бөленді. Сонау ғасырдан бүгінгі күнге жеткен асық ойыны, халқымыздың ұлттық ойыны. Осы ойынның ауылымызда қайта жаңғырғанына қуаныштымыз. Асық ойыны бүлдіршіндерді ептілікке, дәл көздей білуге, мергендікке, тіпті жылдам шешім қабылдауға үйретеді. Асық ойынын аудан, облыс, республика көлемінде дамытуымыз қажет.