Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қытай астанасын қазақ жобалаған

Қытай астанасын қазақ жобалаған

Жолдасбек Дуанабай
1026
Қытай астанасын қазақ жобалаған Қазіргі заман зерттеушілері орта ғасырда қазақ және қазаққа қосылған тайпалар жасаған өңірлерде құрылыс өнері ерекше дамыған деген тұжырымға келіп отыр.

Мұның айқын айғағы ретінде Батыс өңір (ред. Қазіргі Шыңжаң) сахарасынан барған Елқыдырдың Ханбалық қаласын жобалауын айтсақ та жеткілікті. Ханбалық деп отырғанымыз қазіргі Қытайдың астанасы - Пекин.

− Ханбалық қаласын жобалаған Елқыдыр қазақ болуы әбден мүмкін, мұны мен ойдан шығарған жоқпын. Елқыдырдың Бейжің қаласын жобалағаны және оның Батыс өңірден барғаны, оның мұсылман екені көне жазба дерктерде анық жазылған. Әрине, ол кезде қазақ біртұтас ұлт болып қалыптаса қоймағанымен, Елқыдырдың қазақты құрайтын тайпалар арасынан шыққанын Қытай зерттеушілері де мойындайды, - деген дәйекті деректі алға тартқан Қытайдағы белгілі құрылыс маманы Болат Кәрібаев «Ханбалықты қазақ жобалағанына» мынадай уәж айтады.
 − Біріншіден, Ханбалықты жобалағанда Елқыдыр дін мен саясатты бөлек ұстау жобасын алғаш рет ұсынып, бұтхананы орда сыртынан салдырған. Екіншіден, қытай халқының архитектуралық тілі Ду (斗), Гүң (拱) сынды құрылыс үлгілерін мықты игерген Елқыдыр сол кезде Батыс өңірде кеңінен жалпыласқан шатырша үлгісін орта жазыққа жалпыластырған. Алғашында шатыр сөзін Ханбалықта ешкім түсінбеген, сондықтан да оны қытай тілінің дыбысталу заңдылығы бойынша Шадиыр (茶迭尔) деп жазған әрі Ханбалықтан құрылған құрылыс мекемесін Шадиыржүй (茶迭尔局, қазіргі сөзбен айтқанда Құрылыс министрлігі) деп атаған. Оның даруғашы (ред. Даруғаш - көне сөз. Қазіргі атаумен Құрылыс министрі) Елқыдыр болған; Ханбалықты жобалаған Елқыдырдың қазақ екеніне енді бір дәлел: Ханбалықтан Худұң райондарының қалыптасуы. Худұң деген сөз қазіргі қазақ тіліндегі «құдық» деген созбен ұқсас келеді. Сол кездегі Қытай ордасындағылар құдық сөзіне тілі келмей, худұң деп таңбалаған. Елді отырықшыландыру үшін әрине ауыз су мәселесін шешу керек, ол кезде қазіргідей құбыр тарту техникасы қалыптаспағандықтан, қала ішіндегі елді мекендерден құдық қазылған. Сондағы ең алғаш қазылғаны қазіргі Пекин қаласының Уаңфужин (王府井) деген жеріндегі құдық. Мұны тек мен ғана емес Пекин университетінің профессоры Ху Рынжы (侯仁之), Қытай құрылыс академиясының академигі Жу Ганшы (周干峙) да жазған. Демек, Елқыдырдың Ханбалықты жобалағаны шындық.
қазіргі Пекин қаласының 3000 жылдан астам тарихы бар. Тарихта аты сан рет өзгертілген бұл қала Құбылай заманында Ханбалық атанып, Юан патшалығының астанасы болған. Елқыдырдың Ханбалықты жобалаған мезгілі де осы дәуір, яғни бұл 1215 жылдарға тура келеді.
Baq.kz.