Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мыңжылдықтар тоғысында

Мыңжылдықтар тоғысында

Айқын-ақпарат
1023
Мыңжылдықтар тоғысында

Көне Таразда екі күн қатарынан Ұлы Жібек жолы мен Қазақ хандығы тақыры­бында халықаралық тарихи-археоло­гиялық конференция өтті. Ауқымды шара Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бастамасымен Жамбыл облысы әкімдігі, Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Түркия Жазушы­лар одағы, Варшава университетінің Археология институты (Польша), Санжы университеті (Қытай), Әзірбайжан ҰҒА Археология және этнография институты, «Археологиялық сараптау» ғылыми-зерттеу ұйымымен бірлесе ұйымдасты­руымен Қазақ хандығы дәуірінің тарихи-археологиялық мұралары мен қазіргі гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәсе­лелері талқыға түсті. Шараны ТИГУ рек­торы Ерболат Саурықов жүргізіп отыр­ды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашты. 

Ғалым М.Дулаи атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымда­рының докторы, профессор Асқар Абдуа­лы құттықтау сөзінде «Уақыт жағынан Ұлы Жібек жолы мен Қазақ хандығы біріне-бірі қатысы жоқ болып көрінуі мүмкін. Дегенмен қазақ ұлысының хан­дық құрылымға дейін өсіп-өркендеп, уақыт аренасынан жоғалып кетпей, пайда болуы Ұлы Жібек жолына тікелей байла­нысты. Бұл жолдың өркениетке, ша­руа­шы­лыққа, экономикаға, халықтар ара­сындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі орасан зор. Ал Жамбыл өңірін Қазақ хандығының алтын бесігі деп айтсақ та артық емес» деді. Бұдан әрі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кафедра меңгеру­шісі Гүлмира Мәдиева мен Ө.Жолдас­беков атындағы экономика және құқық академиясының ректоры Досбол Сайын­мұрат жиналғандарды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, өз ойларын ортаға салды. 

Қазақ халқының этногенезі қола дәуірден басталады

Берекет КӘРІБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы: 
– Маған көп сұрақ қойылады. «Неге қазақ хандығы?», «Неге қазақ мемлекет­тілігі емес?», «Көрші елдердің барлығы өздерінің бірнеше мыңжылдықтарын тойлап өтті, ал бізге 550 жыл?». Елбасы осы жарлыққа қол қояр кезде барлығын жан-жақты саралап, нақтылаған болатын. Мемлекет – өте кең ұғым. Мемлекеттің бір түріне қағанат, республика, корольдік, хандық кіреді. Бұл тұрғыдан айтқанда қазақ мемлекеттілігіне 3000 жыл, ал Қазақ хандығына 550 жыл болды. Бұл – біздің ұлттық сипаттағы мемлекеттілігіміз. Бұған дейін қазақ даласында 20 саяси құрылым болды. Бірақ олардың барлығы белгілі бір тайпа мен тайпалық одақтың мемлекеті болатын. Міне, солардың дамуы ұлттық сипаттағы ел болуға алып келді. Қазақ хандығының құрылуы тіке­лей солардың жалғасы. Біздің еліміз­дің дамуы тарихи санамыздың дамуымен қатар жүріп келе жатыр. Тәуелсіздік алған­нан кейін «Алаш» мәселесі, оты­зыншы жылдардағы аштық мәселесі көтерілді. 1993 жылдан бастап Орбұлақ шайқасының 350 жылдығына байланыс­ты біз ХVІІІ ғасырлардағы хандар мен батырларды дәріптей бастадық. Ал енді 2050 бағдарламасы қабылданғаннан кейін әлеуметтік дамуымызға орай тари­хи санамызды тереңге қарай сілтей бас­тадық. Қазақ хандығының 550 жыл­дығын тойлау мұнымен шектеліп қалмайды. Кешегі Ұлытау төріндегі Елбасы сұхба­тында та­ри­хы­мызды ғұндардан бастап, көктүрік­терге, одан әрі жалғастырып қазақ хан­дығы мен сөз түйінін тәуел­сіздікке алып барды. Енді 26 жылдан кейін біз Алтын Орда мемлекетінің 800 жыл­дығын той­лаймыз. Өйткені сол кез­дегі бүкіл Еуразия аумағын алып жат­қан сол іргелі мем­лекеттің тікелей ұрпағы – біздің қазақ елі. Алтын Орданы құрған елдердің ішінде қазір бізден басқа дербес ел жоқ. Та­тарстан – автономиялық, қырым татар­ларының мемлекеттілігі жоқ, Сібірде сібір татарлары дейтін халық жоқ, Астра­хань татарлары деген халық жоқ, ноғай деген халық бар. Бірақ мемлекет­тілігі жоқ. Алтын Орданы құр­ған бірден-бір ел – Қазақстан террито­рия­сын­дағы Ақ Орда, яғни біздің ел. Бұдан кейін 16 жыл өткесін біздің далада Түрік қағанатының 1500 жылдығы той­ланады. Тағы да осы түрік қағанатының тікелей ұрпағы мына біздер. «Ағаш неғұрлым биіктеп өскен сайын, тамыры соғұрлым тереңдей түседі. Адам да солай» деп белгілі жазушы Ілияс Есенберлин айтқандай, бүгінгі біздің тарихи та­нымымыз еліміздің дамуымен қатар жүріп келе жатыр. Қазақ халқының этно­генезі кем дегенде қола дәуірінің орта­сынан басталады. Этнокомпонент­тердің құрамына аумақ, тіл, мәдениет пен қозғаушы күштер кіреді. Қазақ даласын­дағы негізгі қозғаушы күш көшпелі мал шаруашылығы болды. Осы қозғаушы күш кешегі отызыншы жылдарға дейін тоқ­тамай келді. Онымен айналысқан барлық ру, тайпа сынды этнокомпоненттер бір этникалық қазанда қайнады. Атал­мыш процесс екі мың жылға дейін созылды. Скиф, сақ сынды бірнеше кезеңдерді ба­сынан кешірді. Қола дәуіріндегі этно­генез, одан кейін сақ дәуіріндегі этника­лық процесс, ғұн, үйсін, қаңлы дәуірі, түркі мен оғыз-қыпшақ дәуірі. Жалпы, ғалымдардың пайымдауынша, ХІІІ ғасырда қыпшақ хандығының құрылуы мен қазақ этногенезі өзінің мәресіне жеткен болатын. Тек бір ғана фактор жетпей қалды. Нақты территория бар, тіл бар, тек саяси фактор, мемлекеті әлсіздеу болды. Және ол мемлекеттік жүйе сол ғасырдағы моңғол шапқыншылығына төтеп бере алмады. Сондықтан этникалық процесс бірталай уақытқа шегерілді, бірақ жойылып кеткен жоқ. Тіпті даму бары­сында сыртқы жаулаушыларды жеңіп шықты. Мемлекеттік дін ретінде ислам дінінің қабылдануының өзі жаңа этно­генезді көрсетеді. Ал ХІІІ ғасырдың ортасы мен ХІV ғасыр мәре (финиш) болды. Бұл туралы шайбанилық деректер, халық ауыз әдебиетінің үлгілері мен ас­траханьдық деректер айтып отыр. Керей мен Жәнібек – билеуші әулеттің өкілдерi. Олар да қозғаушы күшке сенді. Ол күштер этникалық тайпалар болды. Кешегі Қо­быланды батыр мен Ақжол бидің ара­сын­дағы қайшылық бар, этникалық тайпалар арасындағы аумалы-төкпелі шиеленістер бар, Керей мен Жәнібек өз ұлысын бөліп алып келеді. Сөйтіп, «қазақ» сөзі жаңа этникалық жаңа мәнге ие болады.

Тарих тағылымы тереңде Түркиядан Қазақстанға, оның ішінде Тараз шаһарына тұңғыш рет келіп тұрған профессор Салих Юлмаз мыңжылдықтар тоғысында еңсе көтерген егемен қазақ елін хандықтың 550 жылдық мерейтойы­мен құттықтап, аталмыш уақыттан бұрын пайда болып, ел мен елді, мәдениет пен руханиятты, өркениеттерді жалғаған Ұлы Жібек жолына тоқталды. 1453 жылдары еуропалықтар су жолдарымен қатынай бастап, тарих сахнасынан тасалана бер­генмен, араға бірталай ғасырларды салып, кейін қайтадан қолға алынып отыр­ған Жібек Жолы жобасына игі лебізін жет­кізіп, 65 мемлекетті қамтыған атал­мыш жоба Қазақстан мен Түркия елінің де арасын жақындата түсетіндігін баса ай­тып өтті. «Қазақстан өзінің тарихи рөлін қалпына келтіріп, Еуропа мен Азия­ның арасындағы өзіндік көпір ретін­де Орта Азиядағы ірі іскерлік транзиттік хабына айналуы тиіс... Бұл өз кезегінде Қазақ­станның халықаралық дәрежедегі сауда-көлік, қаржылық-іскерлік, инно­вация­лық-технологиялық және туристік ма­­ңызды транзиттік дәліз қалыптас­ты­ра­ды... Бұл мегажобаны жүзеге асыру арқы­лы 2020 жылы Қазақ­стан арқылы тран­зиттік жүк айналымы екі есеге артып, болашақта оны жылына ша­мамен 50 млн. тоннаға жеткізуге бо­лады» деп айтқан болатын Елбасы Н.Назарбаев. Осы бас­­тамасымен іске асырылып жатқан «Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай» магис­траль­­­дық көлік дәлізіне түркия профес­соры жан-жақты тоқталып, тарихи дос­тығымыздың нығая беруіне тілеулесті­гін жеткізді. Бұдан әрі сөз тізгіндеген тарих­шы­лардың барлығы өзде­рінің ізденіс жұмыстарының нәти­желерін ортаға салды. ЮНЕСКО-ның аймақ­аралық сарапшысы Дмитрий Воякин Жамбыл өңірінің бай жәді­герлеріне шолу жасап, мағынасы терең­де жатқан мұраларды сөз етті. Оның айтуынша, «Ақыртас» аума­ғы­нан табылған жерасты құбырларында сол заманның өзінде ыстық су жүргізілген екен. Ал Арал теңізі­нің астында қалашық болған. Қазіргі таңда теңіз астынан қала­шық үйінділері мен оған тиесілі тарихи жәдігерлер де табылыпты. Бұған қоса ол Отырар, Сарайшық сынды қазақ ұлысы­ның даму тарихына куәгер шаһар­ларда болған қазба жұмыстарымен түбегейлі танысты­рып өтті. Конферен­цияның екін­ші күнін­де бес секция бо­йынша ғалым­дар­дың ғылыми баяндама­лары тыңдалды.

 

Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы