Негізгі бет  /  мақалалар  /  КОНТАДОР МЕН АРУДЫҢ ЕГЕСІ

КОНТАДОР МЕН АРУДЫҢ ЕГЕСІ

Айқын-ақпарат
947
КОНТАДОР МЕН АРУДЫҢ ЕГЕСІ Бұл күндері Италияда әйгілі «Джиро д’Италия» көпкүндігі өте қызықты өтіп жатыр.

13 кезеңнен кейін «Астананың» капитаны Фабио Ару көш бастап еді, ертеңінде Тревизо мен Вальдоббиадененің арасын жалғаған 59,2 шақырымдық жеке жарыста даңқты Альберто Контадор қара көрсетпей кетті. Арудың 19 секунд басымдығы алғашқы 10 шақырымда-ақ желге ұшты. Контадордан кейін жарыс жолына шығып, барын салған Ару басты қарсыласынан жалпы есепте 2,28 секунд артта қалғаны мәлім болды.

«Астана» командасының спорттық директоры Александр Шефер бұл жағдай­ға аса салқынқанды баға берді. «Контадор бұл жеке жарысқа барын салды. Менің есімде қалғаны, ол 2009 жылы «Тур де Франста» жеке жарыста өте күшті жүріп өткен-ді. Өткен жылмен салыстырсақ, «Джиродағы» бұдан екі есе қысқа қашық­тықта Ару Контадордан 2,5 минут артта қалған, «Вуэльтадағы» қысқа жекелікте үш минут ұтылған. Демек, Ару өсе түскен! Өткен жылғы «Джирода» Арудың алқау­шы командасы қазіргідей мықты болған жоқ, сонда да ол жеңімпаздар тұғырына көтерілді. Сол кезде біз оған: «Келесі жылы біз саған мықты команда жинап береміз» деп уәде еткенбіз, соның нәтижесі – міне! Біздің команда біртұтас және өте күшті» деген-ді ол.

Шефердің сөзінің жаны бар. Келесі, 15-кезеңде «астаналық» Микель Ланда Контадордың шабуылына төтеп беріп қана қоймай, өзі де еркін шабуылдады. Егер Ланда қайрат көрсетіп, тежеп отыр­мағанда, Контадор сүзіле шабуы мүмкін еді. Ару да қанша қиналып тұрға­нына қарамастан, екі мықтыға ілесіп берді. Мәреге аз қалғанда Ланда Контадордың шабуылын тағы бір тойтарды және Арудың ілесе алатынына көзі жеткесін ғана өз шабуылын үдетті. Нәтижесінде, Ланда 15-кезеңнің жеңімпазы атанды, ал Ару Контадорға бір секунд қана ұтылып, мәреге іркес-тіркес жетті.
Одан кейін бір күн шайтанарбашы­лар демалды. Осы демалыс біздің көшбас­шыға жақсы әсер етсе игі. 
– Енді өзімді қалай сезінетінімді бай­қай­мын. Демалыстан кейін Мортиро­ло тауына көтерілу оңай болмас деп ой­лаймын. Көшбасшының қызыл жей­десі жарыс соңына дейін Контадор­дың олжасы болды демес едім. Әлі де шабуыл­дап көргім келеді. Мен ешқашан үмітім­ді және күресті жалғастыруға деген жігерім­ді жоғалтқан емеспін. Бірақ Альберто қазір бабында. Ол тіпті командалас­тарынан аулақтап қалса да алған бетінен қайт­пайды, – деді Ф.Ару. 
– «Джироның» ең қиын кезеңдері әлі алда. Әлі ештеңе де ұтқаным жоқ. Жа­рыстың осындай болатынын, дәл қазір осынша басымдықпен көш бастай­ты­нымды мен әрине, білген жоқпын. Бірақ енді жалпы есептегі басымдығымды сақтауға күш саламын. Кезеңдерде ұтқан жақсы, дегенмен қорытынды жеңіс одан әлденеше есе қымбат. Егер Ланда аздаған еркіндік алатын болса, жарыс қорытын­дысында жеңімпаздар тұғырында тұруы мүмкін. «Астананың» енді қандай тактика ұстанатынын күтемін, – деді Контадор. 
Испаниялық шайтанарбашының бұл лебізінде зор астар тұр. Басты қарсыласы Арудан 2,5 минутқа жуық озып тұрса да, ол бәрібір қатты қауіптенеді. Таулы жерлердегі жарыста Арудың өте шебер екенін ол жақсы біледі. «Астананың» Аруы ғана емес, оған көмектесуге тиіс Ланда да үздік төрттікке еніп тұрғаны Контадордың пенделік тамырын бір бүлк еткізген сияқты. «Астана» «қомағайла­нып» кетіп, Ландаға да сәл еркіндік беретін болса, өзінің жолы ашылып сала беретінін даңқты шайтанарбашы сезбей отырған жоқ. 15-турдың соңғы шақы­рымында Ланданың өзін қалай тық­сырғанын есінен шығара қоймағаны және белгілі. 
Бірақ біздің команда өзіміз үшін ең ыңғайлы нұсқа таңдап алатыны күмәнсіз. Жалғыз Ланда ғана емес, «астаналықтар» сапындағы Танел Кангерт те қазір өте жақсы келе жатыр. Бірақ былтырғыдай емес, биыл көшбасшы сапта, ал оған соңғы шақырымдарға дейін көмек беру керек. 
Демалыстан кейін «Джиро» таулы кезеңдермен жалғасады. Априка-Мортироло арасындағы корольдік кезең кімнің кім екенін нақты анықтап берер. Бірақ дәл қазіргі жағдайда Контадордың өте мықты екенін мойындаймыз, сонда да үміттене береміз.

 

Есей Жеңісұлы