Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қайталанбас нар тұлға

Қайталанбас нар тұлға

Айқын-ақпарат
1368
Қайталанбас нар тұлға Мектепті алтын медаль алып үздік бі­тірдім. Қолымда 200-ге тарта газет-жур­налда жарияланған материалдарымның тігінді-папкасы бар. Арманым –журна­лист болу.

Ал ол кезде журналист ма­мандарды Қазақстанда екі-ақ жерде даярлайды. Бірі – Қарағанды мемлекеттік университетінде, екіншісі – ҚазМУ-де. Екеуінің де мекенжайын газет хабарла­масынан қиып алғанмын. Қарағанды қа­ласы, «Мир бульвары» деген мекенжай біздің ауылға біршама жақын. Алматы қаласы, Киров көшесі, 136 үй деген ме­кен­жай мен үшін қол жетпестей алыста қол бұл­ғайды. Қайсысына барамын? Ақы­ры нар-тәуекел, «құласаң нардан құла» деп қазақ атам айтқандай, Алматыға тар­татын болдым. ҚазМУ-дің журфагын аты Алты Алашқа танымал профессор Те­мірбек Қожакеев басқарады. Мен ауыл­дан шы­ғарда әкем марқұм Абай аудандық газе­тінің редакторы Манар Құрман­бековтен, аудандық радиоторабының басшысы Сансызбай Тұрдыновтан ұсы­ныс мінез­деме мөрлетіп алды. Се­мейде аталас туыс, байырғы журналист Бо­ранбай Мауқаев деген ағамыз бар еді. Сол кісімен ақыл­дас­қан екен, «Семей таңы» газетінің сол кездегі редакторы Рысхан Мусин – жур­фактың деканы Темірбек Қожакеевті жақсы біледі екен. Артық болмас, сол кі­сіден де бір ұсыныс хат алып беретін бол­ды. Ақыры жазған-сыз­ғанымды, ұсыныс-құжаттарымды алып, әкеме ілесіп 1418 рейсімен Семей – Аягөз-Алматы марш­ру­ты бойынша, ұшаққа отырдым. ЯК-40 ұшағы әп-сәтте көкке шаншылып, арман арқалаған мені түнде ұшып, таң ата Алма­ты әуежайына бірақ жеткізді. Сондағы алғаш рет жаз күнінде тау басында қар жатқанын көріп, таң-тамаша қалдым. Алатау деген арман тау екен. Менің арма­ным да осы таудай еңселі ме екен деп, бойымды тіктеп қоя­мын.
Ең алдымен құжаттарымды өткіздім. Дәмегүл деген қызыл шырайлы әдемі апай жөн-жосығын көрсетіп, құжатта­рымды қабылдап алды. Енді шығарма­шылық емтихан басталмай тұрып, декан­ның алдына кіріп шықпақпын. «Деканат» деген жазу жазылған жерге келіп, декан­ның қабылдауына жазылдым. «Келсін» деді ар жақтан жіңішке саңқылдаған бір дауыс. Кіріп келсем, шағын ғана бөлмеде сарғыш қоңырқай жаздық желең костюм-шалбар киген, ақ көйлекті, төртбақ кел­ген қасқабас адам отыр. Көздерін бағжаң еткізіп маған бастан-аяқ шола, тінте бір қарап шықты. «Ассалаумағалей­кум!» деп сәлем бердім. Бұл маған әжемнің үйрет­кені. «Жасы үлкен адам көргенде, солай сәлем берсең, қапы қалмайсың, дұрыс болады» дейтін. «Уағалейкумас­салам! Иә, батыр, кім боласың, қайдан келдің, неге келдің, не шаруамен жүрсің?» деп сұрақты төпеп жатыр. 
Семей облысының, Абай ауданынан келгенімді, тасқа басылған мақалаларым көп екенін, 3-сыныптан бастап жазып жүр­ге­німді, журналист болғым келетінін ай­тып, сосын «Семей таңының» редак­торы Рысхан Мусин өзіңізді аса қадірлейді екен, сол кісінің бір жапырақ сәлем ха­тын әкелдім» деп ұсындым. 
Оқып шықты. 
– Дұр-р-ес, батыр. Үздік бітіріпсің. Жазады екенсің. Консультациялардан қалма, шығармашылық емтихандардан кешікпе, қалғанын көрерміз!
Рақмет айтып, қоштасып шықтым. Түс көргендей болып, басымнан өткен жайтты түгел тәптіштеп әкеме айтып бер­дім. «Иә, сәт!» деп қояды ақжүрек әкем балаша қуанып.
Бұл менің адуынды, азуын айға білеген арыстандай Темірбек Қожакеевті тұңғыш көруім болатын. Маған жылы сыңай танытқандай көрінді. 
Кеңес сабақтардан қалмаймын. Шы­ғар­ма­шылық емтихан екі турдан тұрады. Алғашқысында еркін тақырыпқа шы­ғар­ма жаздық. Сол жылы Қазақстанның 60 жылдығы болатын.
«Қазақстан пай-пай-пай, ардағым-ай,
Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.
Өзіңде өмір сүру қандай бақыт,
Өлмейтін махаббатым, арманым-ай! – деген Мұқағали өлеңінен басталған шығармамды сәтті жазып шықтым. Жаз­баша шығармам 5-ке бағаланыпты. Екінші тур – ауызша. Төрде – декан Қожакеев, профессорлар Амандосов, Барманқұлов, Тұрарбеков, Ахметов, тағы басқалар отыр. Сұрақтарға жауап бердім. Ұмытпасам, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романынан сауалдар келді. Мате­риалдар тігілген папканы екі адам оқып, танысып, оң пікір беріпті. Бірі – сол кездегі «Ара» журналының Бас редакторы Сақтапберген Әлжіков, екіншісі – жур­фактың аға оқытушысы Қабижан Пан­герейұлы Құсайынов. 
Шығармашылық емтихандардан кейін шығарма жазу керек. Егер сол шығармада «5» алсам, онда алтын медаль иегері ретінде басқа үш емтиханды тапсырмай оқуға түскенім. Солай болды да. Ол кезде аты шыққан Нарынқолдың суы­рыпсалма айтыс ақыны Райхан Нә­кеева, шымкенттік Гүлшаһар Ше­риева, жамбылдық Жанат Сейітжанова, және менің фамилиям, мерзімінен бұрын оқуға түскендер қатарында жарнама қағазға ілінді. Ал қуан! Таяқ тастам жердегі бас пошта ғимаратына алып-ұшып барып, ауылға жеделхат жібердім. Қазір ойлап қарасам, менің сол алғашқы жолымның ашылуына сол кездегі журналистика фа­культетінің деканы Темірбек Қожа­кеевтің жасаған әкелік, ұстаздық қамқорлығы мол болған екен. Оны дер кезде түсінбейді екенсің. Уақыт өте келе өзі-ақ саған түсіндіреді екен. 
Сабақ басталып кетті. Аңыз адам Қо­жакеев туралы небір күлдіргі, ғажап әңгімелерді жоғары курс студенттерінен естіп, ішек-сілеміз қата күлеміз, әрі де­канның темірдей тәртіптің иесі екенін естіп зәре-құтымыз қалмай қорқып, үркіп те қаламыз. 
Екінші курстан бастап, деканның өзі басқаратын «Кеңес журналистикасының теориясы мен тәжірибесі» атты кафедраға бөліндім. Бірінші курста «Сатира және очерк» атты жалпы пәннен пофессорлар Темірбек Қожакеев пен Әбілфайыз Ыды­рысов лекция оқып, емтихан қабылдады. Ал екінші курста «Фельетон» арнаулы курсынан Қожакеевтің өзі дәріс оқыды. Ол кісінің лекция оқу мәнері де өзгеше. Қағазға көп қарамайды. Белгілі бір тақы­рыпты алады да, соның бүге-шегесіне дейін түсіндіріп, нақты сатиралық шы­ғармалардан мысал ала отырып, ішек-сілемізді қатырады. Өзі де кеңкілдеп күледі. Еркін, шешен, синоним сөздерді бірінен кейін бірін төкпелеп шебер сөйлейді. Әсіресе, 30-жылдардағы Ілияс Жансүгіровтің, Бейімбет Майлиннің, Асқар Тоқмағамбетовтің сатираларынан үзінді келтіргенде жанып түседі. Кейін­гілерден Сейділдә Төлеше, Жүсіп Алтай­баев, Мыңбай Рәшев, Оспанхан Әубә­кіров, Үмбетбай Уайдин сықақтарын көп мысалға келтіреді. 
Темірбек Қожакеев – журфак тари­хындағы ең мықты, ең беделді, ең білікті, ең танымал декан болғандығы айтылып та жазылып та жүр. Замандасы академик Зейнолла Қабдоллов «Мықшеге» деп ғажап мақала жазды. Сонда Темкеңнің бүкіл характерін ашып берді. Ол кісі де­кан болған жылдары журналистика фа­культеті оқу үлгерімі жағынан да, қо­ғамдық жұмысқа қатысуы жағынан да, көркемөнерпаздар үйірмесінің жұмысы тұрғысынан да университетте алдыңғы қатарда көрінді. Қоғамдық жұмыс демек­ші, біз оқып жүргенде белсенді болып көзге түскендердің бәрі кейін де үлкен азамат болды. Мысалы, қазіргі «Қазақ газеттері» ЖШС Президенті Жұмабек Кен­­жалин кәсіподақты басқарды, Ле­ниндік степендиат болды. Комсомол ко­митетін басқарған Нұржан Мұхаметжа­нова қазір «Қазақстан» РКТРК төр­­а­йы­­мы. Темкең декан болған кездегі бес шәкірті Қуаныш Сұлтанов, Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сауытбек Абдрахманов, Дархан Мыңбай – тәуелсіз елдің министрлері болды. Ербол Шаймерденов – Президенттің алғашқы баспасөз хатшысы болды. Ол Сейітқазы Матаев, Бағлан Майлыбаев, Ерлан Бек­хо­жин, Бауыржан Омарұлы, Бейбіт Иса­баев сияқты шәкірттері де лауазымды қызметтер атқарып жүр. Жалпы, Қожа­кеев Бауыржан Момышұлының «Тәр­тіпке ба­ғынған ел құл болмайды» деген қағидасын жастардың санасына өз ісімен сіңірген декан. Өзі декан кезіндегі атқар­ған үлкен бір игілікті ісі – мемлекет­тік тапсырыс бо­йынша, қазақ бөліміне – 50, орыс бөлі­міне – 75 студент оқуға түсетін. Сонда орыс бөліміне түсетін 75 студенттің көп­шілік орнына орыстілді қазақ балаларды қабылдайтын. Ұстаздың бұл көрегендігі – тәуелсіздік жылдарында өз жемісін берді. Қазақстандағы орыстілді БАҚ-та тәуелсіздікті нығайтуға қызмет етті. 
Екінші бір айта кететін мәселе – Тем­кең 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі­нің өзі де құрбаны болды. Оған жазықсыз жала жабылды, айып тағылды. Қызметтен жосықсыз шеттетілді. Сол кезде ұстаз уақытын босқа өткізген жоқ. Ол архивте, ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында жылдап отырып асқан ұқыпты­лықпен, қажырлылықпен ақтаңдақтар ақиқатын ашты. Қазақтың қалам қайрат­кер­лерінің жабулы қазан күйінде келген еңбектерін, Алаш арыстарының мұрасын жарыққа шығарды. Зерттеуге тыйым салынған газет-журналдарды алғаш рет ғылым айналымға алып шықты. Оның «Сатира негіздері», «Сатира жанрлары», «Фельетон» еңбектерін басқа, жанрлар туралы «Жас тілшілер серігі», ақтаңдақтар ақиқатын ашқан «Көксеңгірлер», «Жыл құстары» кітаптарының маңызы еш уақытта жойылмақ емес. Бұл оның сати­ратану, журналистикатану, көсемсөзтану салаларында із тастаған өшпейтін құнды да бағалы еңбектері.
1986 жылдан бастап ҚазГУ-ге оқыту­шы болып келгенде Темірбек ағамен әріп­тес ретінде қызметтес болдым. Өзінің бір кітабына: «Кешегі шәкірт, бүгінгі әріптес Баукеңе!» деп жазып бергені бар.
1994 жылы кандидаттық диссерта­циямды қорғадым. Кеңестің төрағасы – академик Зейнолла Қабдолов, мүшелері Зәки Ахметов, Мүсілім Базарбаев, Хан­ғали Сүйіншәлиев, Марат Барманқұлов, т.б. көбі дүниеден озып кетті. Сонда Темкең маған бастырмалатып 7-8 сұрақ қойды. Ең көп сұрақ қойған да сол кісі. Барлық сауалдарға жауап бердім. Кеңес мүшелері бірауыздан дауыс беріп, сәтті қорғадым. Соңынан біздің үйдегі дас­тарханға барғанда, Тем-ағаң өзі асаба болып, ерекше жайдарлы, қуанып отыр­ды. Сондағы айтқан сөзі менің құлағым­нан әлі кетпейді. «Бағана Бауыржанға сұрақ қойып, әбден терлеттім. Ол жаман болсын дегеннен емес. Шын қырандар балапанын ұшуға баулығанда, қанатына салып алып зау биікке көтеріліп, төменге тастап жібереді. Балапан құлдилап енді өлдім-ау дегенде, қанатымен қағып алып, қайта биікке алып шығады да, тағы да құзға қарай, төменге тастап жібереді. Құлап төменге жетіп қалғанда, тағы қағып алып, қайта биікке шығып, қайта тастап жібереді, қайта қағып алады. Сөйтіп, қыран балапанын ұшуға үйретеді. Менің де тәсілім сол. Бұларды ширату, шынықтыру үшін солай қиын сұрақ қойып шыңдаймын» деген еді жарықтық.
1996 жылы Темкең 70-ке толып, туған жері Меркіде үлкен той жасады. Соған өзі жақсы көретін замандастарын, інілерін, шәкірттерін шақырды. Мен де шақырту алып, Меркіге тарттық. Ортамызда Мың­бай Рәшев, Ғаббас Қабышев, Үмбетбай Уайдин, Кәдірбек Сегізбаев, т.б. қалам­герлер бар. Бізді «Мерке» санаторийінің ғимаратына орналастырды. Түн орта­сында тысқа шықсам, басында қалпағы, Темірбек аға санаторийдің алдында отыр. «Ой, ағай, жеті түнде, неғып жүрсіз?» деппін. Сонда: «Келген қонақтар дұрыс орналасты ма, бәрі жақсы ма, соны өз көзіммен көріп кетейін деп келдім» дейді. Ертесіне Меркінің жайла­уында 30-40 үй тігіліп, ат шаптыртып, бәйге беріп үлкен той өтті. Астанадан министр, Темкеңнің шәкірті Алтынбек Сәрсенбаев келіп ар­найы құттықтады. Академик Рахманқұл Бердібаев баяндама жасады. Сөз реті келгенде, арнау жыр жолдарын оқыдым. Той иесіне ақ шағала «Волга» автокөлігі мінгізілді. Ауданның Құрметті Азаматы атағы берілді. Ән айтылды, күй шертілді. Бір қызығы сол 70-ке толғанда өзінің шығармашылы­ғының қысқаша очеркін жазуды маған сеніп тапсырды. Бұл да мен үшін ұмы­тылмайтын бір құрмет.

 

Бауыржан ЖАҚЫП, 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми академиясының корреспондент-мүшесі,  филология ғылымдарының докторы, профессор