Негізгі бет  /  мақалалар  /  ИНВЕСТҚОР АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІН ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ

ИНВЕСТҚОР АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІН ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
1135
ИНВЕСТҚОР АУЫЛ КӘСІПКЕРЛЕРІН ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ ҰКП бастамасымен құрылған Инвести­циялық қор алдағы маусым айында қаржыландыруды бастайды. Бұл туралы кеше «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов мәлімдеді.

Есте болса, аталған палатаның ұсы­ны­сымен «Бәйтерек» холдингі және «АЛМЭКС» холдинг тобының қатысуымен арнайы қор құрылған болатын. Бүгінгі таңда қордың құны 10 млн АҚШ долларын құрап отыр. Алдағы айда осы қор 20-ға жуық жоба­­ны қаржыландыруды бастамақшы. ҰКП төрағасы бұл қор еліміздегі, әсі­ресе ауыл-аймақтағы кәсіпкерлік саланы дамыту мақсатында құрылғанын айтады. 

«Бүгінгі күні ауыл-аймақтар мен өңір­лерде бір емес, бірнеше мемлекеттік бағдар­лама жүзеге асырылып жатыр. Жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамытуды көздеген көптеген қаржыландыру үдерістері үкі­мет­тік деңгейде жүргізілуде десек те, ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті жандандыруда бұлар да жеткіліксіз күйде қалып отыр. Мысалы, ауыл кәсіпкері «Даму» бағдар­ламасы арқылы белгілі бір мөлшерде қаржы алғысы келсе, оған кепіл ретінде қоятын жері немесе мүлкі болуы керек. Ал ауыл аза­маттарында ондай мүмкіндіктер бол­мауы мүмкін. Жобасы бар, ақшасы жоқ кісілердің кәсібін қолдау мақсатында біз осындай қор құрып, іске қосқалы жа­тыр­мыз. Бұл қаржы ауыл шаруашылығы саласы мен тамақ өнеркәсібіне қатысты жобалар-ды жүзеге асыруға жұмсалады», – деген 
А.Мыр­захметов бүгінге дейін палата жаны­нан құрылған арнайы комиссияға 130-дай жоба келіп түскенін жеткізді. Соның ішінде әзір­ге 20 жоба қаржыландыруға дайын екен. Ол жобаларды қаржыландыру алдағы маусым айында басталады. 
Абылай Мырзахметов қатысқан Орта­лық коммуникациялар қызметіндегі бри­финг Президент жариялаған бес рефор­маны жүзеге асыруға арналған 100 нақты қадамға арналған-ды. ҰКП төрағасы биз­нес-қауымдастықтардың бес реформаны жүзеге асыруға әзір екенін айтады. Ол бұл реформаны Қазақстанды жаңа белеске шығаратын бағдарлама деп бағалады. 
«Бес бағдарламаның барлығы да ма­ңызды. Әсiресе, бiздегi кәсiпкерлiктiң қар­қынды дамуы, алдымыздағы стратегиялық мақсатымыз, 2050 жылға қарай iшкi өнiм­нiң 50 пайызы шағын және орта бизнестiң үлесiнде болуы маңызды стратегиялық ба­ғыт. Сондықтан осы бағытқа жету үшiн бiз­ге екi фундаменталды жағдай керек. Бi­рiншiсi – елiмiзде мемлекеттiк кәсiби ап­парат құру. Бұл өте қажет, себебi, кәсiп­кер­лерге қатысты барлық құжаттар мен бағ­дарламаларды мемлекеттiк органдар қа­былдайды. Сондықтан мемлекеттiк орган­дардың еш кедергiсiз кәсiби жұмыс істеуі кәсiпкерлерге ғана емес, қоғамға осындай қыз­мет көрсетуi – бiрiншi талап. Екiншi сала – заңның үстемдiгi. Кәсiпкерлердiң өзiн-өзi заңмен қорғалғанын көрсету ма­ңыз­ды мәселе. Егер байқасаңыздар, 100 қа­дамның нақты 50 қадамы индустрия­лан­дыру және экономикалық өрлеуге қатыс-ты. Бұл – кә­сiп­керлерге нағыз қажеттi қа­дам­дар. Қалғаны бірлік, елдегі тыныштық, ол да кәсіпкерлер үшін өте маңызды» деді А.Мырзахметов.
Есте болса, жуырда ғана еліміздегі құс өсірушілер одағы жұмысшыларының 
80 пайызға жуығын қысқартуға мәжбүр екенін мәлімдеген болатын. Брифинг барысында ҰКП бұл саладағы кәсіпкерлерге қандай көмек бере алады деген сауал қо­йыл­ды. Оның айтуынша, бұл біздің елдің басты сауда серiктесiмiздiң валютасы құл­дырауынан келген керi әсер. 
«Бiз бұл мәселенi бiрден талқыладық. Мұны шешудің үш жолы бар: бiрiншiсi – ЕуразЭО аясында бiздiң мiндетте­меле­рi­мiзбен рұқсат етiлген шектеу енгiзу. Айта кету керек, бiзге жарты жылға дейін шектеу енгiзуге болады. Екiншiсi – рубльдi теңгеге теңестiру. Жарты жылдан соң рубль қайта күшiне енедi деген едi, рас, келдi. Үшiн­­шi­ден, нақты субсидиялау. Егер бiз басқа сала­ларға зияны тиетiндiктен деваль­вация жасай алмасақ немесе рубль бағамын тең­геге теңестiре алмасақ, онда мұндай жағ­дайдан зардап шегiп отырған салаларды субсидия­лауымыз керек» дейді ол. Оның пікірінше, құс өсiрушiлердiң бизнесiне кө­бiне заңсыз импорт пен техникалық регла­мент нормаларына сәйкес келмейтiн кон­трафакт зиянын тигiзедi. Сондықтан да ҰПК екi ай бұрын осы жөнiнде мәлiмдеме жасады. 
«Нәтижесiнде, Тұтынушылар құқын қорғау жөнiндегi комитет iстi қолға алып, мыңнан астам бақылау сатып алуларын тексердiк. Сонда бұл сатып алулардың 30 пайызы сәйкессіз тауарлар туралы ақпа­ратымызды растады. Осы бағыттағы жұмыс аясында біз Үкіметке тиісті ұсыныс жаса­дық. Өнімді шектемей, автокөлік өткел­де­рінде ықпалдастырылған бақылау орнату керек деп санаймыз. Оның ішіне вете­ри­нарлар, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, автокөлік бақылау және техни­ка­лық регламенттер бақылауы кіруі керек» деді ол.