Негізгі бет  /  мақалалар  /  Алғыс айту күнін ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Алғыс айту күнін ұмытып кеткен жоқпыз ба?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1012
Алғыс айту күнін ұмытып кеткен жоқпыз ба? Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІІ сессиясы кезінде ұлттың басынан өткерген көп қиындықты халықтың есіне салды.

Бұл дұрыс та. Өйткені небір зобалаң жылдарды басынан өткізген қазақ бүгінгі күнге шат-шадыман күйінде жеткен жоқ. 

– «Өткен ғасырдың басында Столыпин реформасы кезеңіндегі шаруалардың Қа­зақ­станға жер аударылуы барысында Ре­сейден, Украинадан және Беларусьтен 1 миллион 150 мың адамның иесіз жатқан жерлерді игеруге көшірілді. Екі онжыл­дықтан кейін 30-жылдары ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудан­дарынан біздің елге, сол кездегі мә­лі­мет бойынша, 250 мың шаруа жер ауда­рылды. Қазақстанда Сталин репрессиясы жылдарында, 11 арнайы лагерь ашылды, онда бірнеше миллион тұтқын болды. Бос­тандыққа шыққанда олардың барлығы ке­тіп қалған жоқ, – деді Елбасы.

Сонымен қатар ол соғыс жылдарында Қазақстанның фашистер басып алған тер­риториядан эвакуацияланған адамдарды қабылдағанын ескертті. Ал 50-жылдары тың игеруге 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери нысандарға, полигондарға 150 мыңға жуық маман, әскери және олар­дың отбасы мүшелері орналасты. Жалпы айтқанда, ХХ ғасырдан бері Қа­зақстанға 5,6 миллион адам көшірілді. Ал сол уақытта Қазақстанда 6 миллион адам болды. 
Мемлекет басшысы сталиндік қылмыс­тық ұжымдастырудың нәтижесінде тірші­лігінің соңғы нысаны – малы тәркіленген 1,5 миллион қазақтың қаза тапқанын айт­ты. "Мал ұжымдық шаруашылықтарда өлді, адамдар тамақсыз қайтыс болды" деді Пре­зидент. Ол 1,3 миллион қазақтың ре­прес­сиядан құтылу үшін және мұқтаж­дық­тан КСРО-дан кетіп қалғанын хабарлады.
– Сондықтан переселендер ғана қинал­ған жоқ, бәріміз қиналдық, сол себепті біз бір-бірімізге жақындықты сеземіз. Екінші жағынан, сталиндік қылмыстық ұжымдас­тыру салдарынан 1,5 миллион қазақ аш­тық­тан қырылды. Осыдан-ақ әлемде бірде-бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күй­реушілікті бастан кешпегенін және то­лық жойылып кету қаупі туындамағанын тү­сінуге болады. Біз тірі қалдық, топтаса біл­дік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ХХ ғасырдың қатаң қасіреті үшін ешкімді кінәлаған да емеспіз. Біз тө­теп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кі­нәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңіре­гімізге барлық этностар мен конфес­сия­лар­ды бі­ріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік. Бүгінде де біздің елі­міз толеранттылық, келісім мен бір-біріне деген сенім негізінде алға қарай қадам ба­суда. Осыны жасай алған батыл халқы­мыз­ға бас иемін, – деді Мемлекет басшысы.
Расында да, мемлекет басшысының бұл ақиқатты Қазақстан халқы ассамблея­сын-да айтуы бекер емес. Биылғы жыл Қа­зақ­стан халқы ассамблеясының жылы деп жа­рияланды. Ассамблея жиынында Елбасы «Қазақтарға алғыс айту күнін» белгілі бір деңгейде атап өту мәселесін көтерді. Оны бүкіл жұрт, елдегі диаспора өкілдері то­лыққанды қолдауы тиіс. Бірақ ол күн қай мез­гілге тап келеді және ол қалай аталуы тиіс? Мәселе сонда. Меніңше, біз бүгіннен бастап, Елбасы айтқан мәселенің маңызын басқа ұлт өкілдерінің бойына сіңіре бер­геніміз жөн. Алғыс айту күні ұлт пен ұлысты жақындастырады, Елбасының бастамасын паш етеді. Расында да, қызыл империяның зардабынан қаншама ұлт Қазақстанға кел­ді. Оларды жаны жомарт, құшағы кең қа­зақы орта жатсынбай жайып қарсы алды. Сондықтан өзге ұлт өкілдері қазақ халқына «Алғыс айту күнін» арнайы атап өтіп жатса, мұның еш айыбы жоқ. Бұл тағдырдың зобалаңымен Қазақстанға көшіп келген­дердің ұрпағының қазақ ұлтына алғысы бол­мақ. Енді Елбасының көтерген баста­масын бәріміз қолдап, бір күнді арнайы белгілегеніміз жөн. Ассамблея жиынында Президент қазақ тілін үйреніп, оны наси­хаттап жүрген өзге ұлт өкілдеріне алғыс се­зімін білдірді. Ендеше, Президент айтқан алғыс айту күні мемлекеттік мерекелік да­та­ға айналуы керек. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық Елбасының және мем­ле­кет құраушы ұлттың дархан пейілінің арқа­сында жүзеге асып жатқанын ұғынатын және оны мойындап бағалайтын күнге айналуы тиіс. 
Ақиқатында Елбасы өте идеяшыл кө­реген адам. Көзіқарақты адам Елбасы бас­тамаларының бірін қабылдап үлгергенше, Президенттің екінші бастамалары өмірге қадам басып жатады. Қазір бүкіл ел болып, Назарбаевтың бес реформасы, «100 нақты қадам» бағдарламасы бап бойынша талқы­ланып жатыр. Бірақ Ассамблеяда көтерген Президент идеясы айтылған күйінде қал­мауы керек деп ойлаймын. Ендеше...
Қазаққа алғыс айту күні басқа бастама­лардың астарында қалып қойған жоқ па? 
Бұл идея Ассамблея тарапынан талқы­ланбай, неге жалғасын таппай тұр? 
Қазаққа алғыс айту күні – негізгі титул­ды ұлт қазақты сыйлау.
Демек, Қазақстанда тұратын өзге диас­пора өкілдерінің мемлекеттің тілді қадір­леп, оның мәртебесін көтергені, тәуел­сіз­дікті құрметтегені болып табылады емес пе?!