Басты  /  мақалалар  /  Ақбикеге ақ жол тіледі

Ақбикеге ақ жол тіледі

Айхан ШӘРІП
577
Ақбикеге ақ жол тіледі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында халықаралық байқаулардың жеңімпазы, жас скрипкашы Ақбике Алғи Қазақстан Республикасы мемлекеттік акаде­мия­лық симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен концерт қойды. Оркестрдің дирижері халықаралық байқаулардың лауреаты – Ерболат Ахмедияров.

Филармонияның БАҚ-пен байланыс және PR менеджері Мариям Алиасқар­қызы жүргізген кеш бағдарламасы екі бөлімнен құралды. Алғашқысында өнер ұжымы Ер­болат Қаршығаұлының дирижерлігімен чех композиторы Антонин Дворжактың №8 симфониясын шалқытып, аздаған үзіліс­-тен кейін Қазақстанның халық артисі Ман­сұр Сағатовтың «Мерген» күйін орындады. Ерболат – бүгінгі таңда қазақ өнеріндегі бі­лік­ті дирижерлердің бірі. К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектеп-интернатының түлегі. Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ва­ториясында опералық-симфониялық ди­рижерлау мамандығын профессор Т.Әб­­ді-

рашевтен, ал фортепьяно сыныбын аға оқы­тушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Т.Орманшиевтен үздік бітірген. Бұған қоса екі мамандық бойынша ассис­тентура-стажировка бөлімін тәмамдаған. Н.Тілендиев атындағы I рес­пуб­ликалық ди­рижерлар байқауында І орын, Н.Тілен­диев атындағы II респуб­ли­калық дири­жерлар байқауында Гран-при жеңіп алған. Астана қаласында өткен Рес­пуб­ликалық пианистер байқауында, шы­ғар­машыл жас­тардың «Шабыт» халықара­лық байқауында, І халықаралық Орта Азия, Қазақстан, Әзiр­байжан пианистерінің бай­қауында лауреат атанған. Қазіргі уақыт­та Қазақстан Респуб­ли­касы мемлекеттік академиялық симфо­ниялық оркестрінің және Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера жә­не балет театры симфониялық оркестрі­нің дирижері. Оқытушылық қызметті де қа­тар алып жүр. Құр­манғазы атындағы Қа­зақ ұлттық кон­сер­ваториясында студент­терге дәріс бере-ді. 2008 жылы Израильде Бас дирижер В.Па­пян­ның жетекшілігімен Ашдод сим­фониялық оркестрінде, 2009 жылы Гер­ма­нияда финн дирижері Йорма Пануланың шеберлік тәлімін алған. Елі­міздегі барлық оркестрмен қоян-қолтық жұмыс істейді. Опера және балет театрында сахналанған көптеген қойылымдардың қою­шы дири­жері. «Томирис», «Махаббат шырыны», «Тангейзер», «Көңілді жесір» опе­расын, «Ромео мен Джульетта», «Ма­хаббат туралы аңыз», «Щелкунчик», «Анна Каренина» балетін музыкамен әрлеген. Қала өміріндегі түрлі мәдени шаралардан тыс қалған емес. Қазақстанның шетелде өтіп жатқан мәдени күндеріне де белсене атсалысады. Санкт-Петербордағы Ма­риин­ский, Мәскеудің Үлкен театрынан жиі шақырту түсіп тұрады. 
Ақбике қарындасы екеуі алғаш рет филармония шаңырағында бірлесе өнер көрсетіп отыр. Қамқор ағасы ретінде соңы­нан ерген қарлығашын үлкен сахнаға же­тектеп шығуды жөн санапты. Ақбике де осал емес. Екінші бөлімде ортаға шығып, оркестрдің сүйемелдеуімен неміс ком­по­зиторы Феликс Мендельсонның скрипка мен оркестрге арналған туындысын жи­налғандар назарына ұсынды. 
Ақбикенің атасы Алғи Ахмедияровтың айтуынша, немересі Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің скрипка кафедрасының дайындық бөліміне бес жасында түсіпті.
10 жасында VI «Астана-Мерей» жас орын­даушылардың халықаралық байқауында І орын, одан кейін елордада жүзеге асқан халықаралық скрипкашылар байқауында ІІІ орын иемденген. 2013 жылы Ресей Мәде­­­ниет министрлігінің шақыруымен Кремль сарайының Георгиевский залында Ресей президенті оркестрімен өнер көр­сетіпті. Сондай-ақ КСРО халық артисі Эдуард Грачтың төрағалығымен өткен «Скрип­ка Севера» байқауында топ жарып, ІІ орынға көтерілген. Осыдан кейін Ита­лияда өткен халықаралық сайысқа шақырту алып, қазылар алқасы бірауыздан бас бәй­гені қазақстандық жас таланттың қанжы­ғасына байлаған. Ақбикенің әжесі Гүлжа­мал апай әңгіме арасында осы дода кезінде орын алған тосын оқиғамен бөлісті. Сах­нада шығарма орындап тұрған Ақбикені ойламаған жерден ара шағып алады. Мұны ұйымдастырушылар да, қазылар алқасының мүшелері де байқайды. Бірақ жас орын­даушы сыр бермейді. Ел намысы сы­на­лар сәтте тас-түйін болып, жүлдені қолдан бер­меуге бекінеді. Өз міндетін орындап, сах­надан түскен сәтте ғана қолын ұстап, ба­қырып жылап жібереді. Сол жерде жедел жәрдем көрсетіліп, итальялықтар қаршадай қыздың қайсарлығы мен өжеттігіне қайран қалысқан көрінеді. Ал жас скрипкашы өнер жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі деп Германияда өткен XV халықаралық скрип­кашылар байқауын есептейді. Сондай-ақ ұлағатты ұстазы Қазақстанның халық ар­тисі, профессор Раиса Мұсақожаеваға де­ген алғысы шексіз. 
Алғи АХМЕДИЯРОВ:
– Ақбике – немерелерімнің ішіндегі ең ерекшесі. Музыкаға қабілеті ерте оянды. Бес жасынан бастап, күнде өзім мектепке апарып-әкелемін. Кейде «менің бастығым» деп күліп қоямын. Биыл бұйыртса, 9-сы­нып­ты аяқтап, білімін колледж қабырға­сын­да жалғастырады. 
Осыған дейін Қарағанды, Атырау, Орал қалаларында концерт қойып қайтты. Ал­дағы уақытта Астанада есеп береді деп жос­парлап отырмыз. Болашағынан үлкен үміт күтеміз. Кей күндері түнгі сағат екі-үшке дейін отырып дайындалады. Сол еңбегі ақталып, өнер жолы ашық болса екен деймін! 
Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы­-ның ректоры: 
– Ақбике – текті әулеттен тараған. Қазақстанның халық артисі Қаршыға Ахме­дияров ағамыздың қазақ өнері мен мәде­ниетіне қосқан үлесі ел жадында. Әкесі Ға­лым мен анасы Эльмираны да ел бі­леді. Бірі – домбырашы, бірі – қобызшы. «Саз Отау» дуэті ретінде талай шет мемле­кет­те ата-бабамыздың мұрасын насихат­тады. Ғалым қазір жауапты қызметте. Қа­зақ «Ұя­да не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді. Таланттар отбасында дүниеге кел­геннен кейін Ақбикенің де жасына қара­май, үлкен іс тындыра бастағаны қуантты. Өйткені Мемлекеттік академиялық сим­фониялық оркестрмен концерт қою екінің бірінің қолы­нан келе бермейді. Осы ұжым­мен күнде бірге дайындалып жүрген бір мүшесі сияқты түсінісе кетіп, үлкен шебер­лік көр­сетті. Әлемдік деңгейдегі қатысқан бай­қауларының өзі біраз дүниені аңғартады. Құдайдың берген қабілетінің арқасында әлі талай асуды бағындырары сөзсіз. Музы­ка­ны жан-тәнімен сүйетіндігі, еңбексүй­гіш­тігі, ұстазының қажырлы жұмысы, тәлім-тәрбиесі көрініп тұр. Кәсіби маман ретінде бұл үлкен жетістік деп бағалаймын. 
Ғазиза ҒАБДІРАХИМОВА, қобызшы:
– Ақбикенің бала кезден дайындалып келе жатқаны байқалады. Бұл бір айдың, бір жылдың көрсеткіші емес. Бұл кон­церт­тің артында үлкен еңбек, ізденіс жатыр. Өзі­нің жасынан үлкен шығарманы бабымен жеткізді. Шынын айту керек, мектеп қа­быр­ғасында жүргенде біз мұндай шығар­малар орындай қойған жоқпыз. Ерболат та өз тәжірибесіне сүйеніп, қарындасына ке­рек кезінде дем беріп, қолдап, өзара үн­дестікте өнер көрсетті. Мұндай талантты жастар біздің мемлекетіміздің болашағы, руханияты үшін аса қажет. Сондықтан Ақ­бике міндетті түрде үлкен сахнада жүруі тиіс. Ақ жол тілеймін!

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ