Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жаңбырлы маусым жағдайды қиындатты

Жаңбырлы маусым жағдайды қиындатты

Жолдасбек Дуанабай
1429
Жаңбырлы маусым жағдайды қиындатты Көктемнің соңына дейін жауған жаңбырдың салдарынан биылғы тұқым себу науқаны кешігіп жатыр. Жоспарлы жерге қашан тұқым сеуіп боларымыз белгісіз. Демек, күзгі егін жинау науқаны да қазір қан­ша кешіксек, дәл сонша уақытқа ұзарады.

Осыны ойлағанда был­тырғы астықтың біраз бөлігі жиналмай, далада қалғаны еске түсіп, ішің удай ашиды. Сонда қаншама диқан алған несиесін қайтара алмай, шығынға ұшырады? Ол жайлы мәліметті білмейміз. Қалың бұқараға бұл «кесел» шығыны жайлы толық ақпарат таратылған жоқ. Десек те шығынның болғаны ақиқат. Ал биыл ше? Біздің пайымдауымызша, биылғы шығын егер жоспарлы алқапқа тұқым себетін болсақ, онда былтырғыдан әлдеқайда көп болмақ. Себебі екеу. Біріншісі – тұқым себу науқанын кешіктіруіміз, екіншісі – астық дақылдарының веге­тативтік өсу мерзімінің соған сәйкес күздің ортасына дейін созылу мүмкіндігі. Ал бұл жаңбыр жауатын кезге сәйкес келеді. 

Біз Ауыл шаруашылығы министрлігі «қол қусырып, қарап отыр» дей алмаймыз. Солай бола тұрса да олардың дәл қазірге дейінгі қызметі уақыт талабына сай деуге тағы да ар бармайды. Өйткені аграрлық са­ланы уақыт талабына сай дамытатын ғылымға көңіл бөлінді, соның нәтижесінде ғылым мынадай пайдалы іс істеді деген ақпаратты есті-ген де, оқыған да жоқпыз. Ал уақыт болса адамзатты «бір тарының қауызына сыйдырардай» қысып барады. 
Табиғаттың жылдам өзгеріп бара жатқанын әлем ғалымдары жиі айтады. Өзгеріс ауа райының жылынуына байланысты мәңгілік мұз­дақтардың көлемі тарылып, оның есесіне сұйық су массасы көбейіп бара жатқанынан көрініс тапқан. Арктика, Антарктидадағы мәңгілік мұзды мұхиттар деп жүргендеріміздің ауқымы тым ықшамдалып кетті. Сондай-ақ биік таулар басындағы мәңгі мұздақтар да азайып барады. Есесіне, су деңгейі, теңіз деңгейі көтеріліп, ол – ол ма, Қазақстан аума­ғындағы әлемдік карталардан әзер көрінетін өзен сулары тасығанда, талай ауылдарымыз сол топанға қарық болып жатыр. 18 миллион қа­зақстандық теледидар арқылы көріп-біліп отырған осынау табиғи құ­бы­лыстарға Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер мүлде мән бер­мейтін секілді. Өйткені олардың соңғы мәліметтері рас болса, биыл былтырғыға қарағанда, тұқым себілетін жер көлемі ұлғаймақ. «Мәс­саған, безгелдек» депті мұндайды естігенде баяғының бір айтқышы. Өйткені бұл жерде егістік жер көлемін ұлғайту деген сөз қайтпайтын шығын көлемі ұлғаяды дегенмен бірдей естіледі ғой. Демек, біз өз тара­пымыздан биылғы жылы егіс көлемін ұлғайтудың орнына азайтқан жөн деген ұсыныс жасаймыз. 
Ауа райының жылыну жағдайы тоқтайды деген мәліметті әлем-
дік ғалымдар әлі жариялаған жоқ. Олай болса мәңгілік мұздақтардың еруі, әлемдік су деңгейінің көтерілуі еш кідіріссіз жалғаса береді. Де­мек, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің бұдан былайғы жұмысында осындай өмір ақиқатын ескеруге міндетті. Бұл үшін не істеу керек? Дөп басып жауап беру қиын тұс – осы. Десек те біздің болжамымыз бойынша, ауыл шаруашылығына ғылымның кө­мегін жетілдіре түскен абзал. Дақылдардың вегетативтік өсу мерзімін ықшамдайтын ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу үшін ақшаны аямаған дұрыс. Өйткені жаздың жаңбырсыз, шуақты мерзімі мейлінше қысқара бермек. Өйткені еріген мол мұздың суы буланып аспанға көтерілетіні қаншалықты табиғи заңдылық болса, оның жаңбыр бо­-лып жерге түсетіні де соншалықты ақиқат. Ендеше, өмірімізге қажетті ас­тықты мейлінше қысқа мерзімде өсіріп-жинап алатындай ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізбесек, опық жейміз. Бұл саладан әзірге білетініміз күні бүгін біздің Қазақстанның Ә.Бектұров атындағы хи­-мия ғылымдары институтында елімізде өндіріске енбей тұрған екі жа­ңа­лық бар: бірі – дақылдардың өнімділігін 15-20 пайызға өсіретін нека­тин қышқылы. Екіншісі – біз манадан бері сөз еткен дақылдардың вегетативтік өсіп-жетілу мерзімін 15-20 пайызға қысқартатын жаңа­лық. Мұның бірі халықаралық келісімшарт бойынша іргедегі Қытайда өндіріске енгізілген. Оны өзімізде өндіруге кезінде Үкімет қаржы тап­папты. Екіншісі ішінара өндіріске енгендей. Конвейерлік қолданысқа қосылған жоқ. Біздіңше, Асылжан Мамытбеков мырза осы институт ғалымдарының «есігін қағатын» кез жетті.

Жұмабек ЖАНДІЛДИН