Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қарсыластарымыз – кіл мықтылар бірақ біз де осал емеспіз

Қарсыластарымыз – кіл мықтылар бірақ біз де осал емеспіз

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
613
Қарсыластарымыз –  кіл мықтылар  бірақ біз де осал емеспіз 2016 жылдың 6–22 мамыр аралығында шайбалы хоккейден Ресейдің Мәс­кеу және Санкт-Петербор қалала­рында өтетін әлем чемпио­натында қай команданың қандай топта өнер көрсететіні жуырда белгілі болды.

 Қазақстан құрамасы «В» тобында күш сынасады. Қарсыластарымыз – Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Лат­вия, Норвегия және Дания хок­кейшілері. Бұл матчтар Мәскеуде өтеді. «В» тобында ойнайтын Канада, Фин­ляндия, АҚШ, Словакия, Беларусь, Франция, Германия және Венгрия командалары Санкт-Петерборда бас қосады. Осы жарыстағы біздің басты мақсатымыз – үздік ондықтың қа­тарынан көріну. Бұл межеден көрінуге күш-жігеріміз жетеді деп ойлаймыз. Өйткені соңғы кездері жерлестерміз жақ­сы ойын өрнегін көрсетіп жүр. Жуырда бірінші дивизион команда­лары арасында Польшада өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы барлық бес кездесуде қарсыластарын қапыда қалдырып, элиталық топта өнер көрсету құқығына ие болды. Сонымен қатар бүгінгі таңда Астананың «Барыс» клубы сапында жасындай жарқылдап жүрген Брэндон Боченски, Найджел Доуз, Дастин Бойд сынды мұхиттың арғы бетінен келген сайыпқырандар биыл немесе келесі жылы Қазақстан­ның азаматтығын алуы әбден мүмкін. Егер осы жоспар жүзеге асса, біз күрт кү­шейеміз. Ал осындай серке ойыншы­лары бар команданың әлемдік додада біраз жерге дейін баратыны анық. 
 Күні кеше шайбалы хоккейге қа­тысты тағы біраз жаңалықты құлағымыз шалды. Тарқатып айтсақ, 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қала­сында алауы тұтанатын қысқы Олим­пиада ойындарына жолдама алған 9 команда белгілі. Олар – Оңтүстік Корея, Швеция, Канада, Финляндия, Чехия, АҚШ, Ресей, Швейцария және Словакия. Қалған үшеуі іріктеу тур­нирлері барысында анықталады. Бұл бәсекелер 2016 жылы Беларусь, Латвия және Норвегияда өтеді. Үміткерлер қа­тарында Қазақстан құрамасы да бар. Біздің команданың тағдыры келесі жыл­­дың 1-4 қыркүйегі аралағында ше­шіледі. Қазірдің өзінде қос қарсылас белгілі. Олар – Норвегия мен Франция. Ал тағы бір команда сәл кейінірек анық­талатын болады. Іріктеу турнирлерінде топ жарған мемлекеттің өрендері ғана Олимпиада ойындарына жолдама алады. 
 Сондай-ақ таяуда Халықаралық хок­кей федерациясының жаңартылған рейтингі жарияланды. Бұған дейін көш бастап келген Швеция құрамасы әлем чемпионатындағы сүреңсіз ойынына кейін үшінші сатыға сырғып түсті. Че­хияда олар ширек финалда сүрінген болатын. Скандинавия түбегі түлек­терінің орнын Канада басты. Биыл олар әлем чемпионы атанды. Айтулы жа­рыста күміс медальді иеленген Ресей­-дің өрендері екінші орынға көтерілді. Және де «ТОП-10» команданың қа­тарына Финляндия, АҚШ, Чехия, Швей­цария, Словакия, Беларусь және Латвия енді. Ал Қазақстанның хоккейшілері бұл тізімде 17-орында тұр.