Негізгі бет  /  мақалалар  /  «АҚТӨБЕ» ҰЗАП БАРАДЫ

«АҚТӨБЕ» ҰЗАП БАРАДЫ

Жолдасбек Дуанабай
639
«АҚТӨБЕ» ҰЗАП БАРАДЫ Футболдан ел чемпионатының 13 турын­да «Ақтөбе» өз алаңында «Та­раз­ды» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жет­ті. Біріншілікті кібіртіктеп бастаған вице-чемпиондар бірте-бірте бауырын жаза шауып келеді. Әлі бірде-бір матч­та ұтылған жоқ.

 Владимир Газзаев шә­­кірттері 13 матчта 17 гол соғып, бұл көр­сет­кіш бойынша «Астана» мен «Қай­раттан» едәуір артта қалып қойса да, өз қақпасының құлпын берік ұстайты­ны­мен ерекшеленіп келеді. 13 матчта По­ка­тилов қақпасына небәрі 6 гол ғана соғылыпты. «Тараз» бірінші айналымда кеткен есені (0:1) қайтаруға тырысқан­мен, чемпионат көшбасшысы оны ер­кін­сіткен жоқ. Абат Айымбетов соққан допты Дмитрий Евстигнеев теңестірсе де, арада екі минут өтпей жатып Асқат Тағыберген «Ақтөбені» алға шығарды. Ойын нүктесін орталық қорғаушы Вик­тор Дмитренко қойды, ол Григоренко қақ­пасын соңғы минуттарда дәл көздеді. Қазір «Ақтөбе» 29 ұпаймен көш бастап келеді. Өзін өкшелеген «Астана», «Ор­да­басы» және «Атырау» командала­ры­нан 4 ұпай озық тұр. 
Осы турға дейін 6 кездесуде жеңіп, алдыңғы қатардан көрінген «Атырау» мен «Ордабасы» бұл жолы бетпе-бет келді. Бірінші таймда екеуі де гол соға ал­­ған жоқ. 74-минутта сербиялық қор­ғаушы Бранислав Трайкович алаң ие­лері­нің қақпасын дәл көздеді. Бұл ле­гионер өткен турда да «Ордабасыға» жеңіс сыйлағаны есімізде. Трайкович­тің добынан кейін «Атыраудың» ор­та­лық жартылай қорғаушысы Абдуллаи Диакате алаңнан қуылды. Алаң иелері өз алаңындағы сәтсіздікке мейлінше жақын қалғанда, украиналық легионер Владимир Аржанов күтпеген соққы жасап, есепті теңестірді. Доп жолай 
А.Симчевичті жанай өтіп, қақпа торын­да тулады. 
Екі мықтының итжығысын «Ас­тана» сәтті пайдаланды. Президенттік клуб өкілдері Қарағандыда «Шахтерді» ой­сы­рата ұтты. Бұл матчта «Астананың» шабуыл шебіндегі мергендердің бәрі гол соқты. Таңат Нөсербаев, Патрик Твумаси, Бауыржан Жолшиев және Алексей Щеткин кеншілердің қақпа­шысы Игорь Шацкийден айла асырды. Осы жеңістен кейін астаналықтар екін­ші орынға көтерілді. Ал «Шахтер» бап­кер ауыстырса да, басшылық ауыстырса да, батпақтан шыға алар емес. Жара­қат­тарынан жазылып, қатарға қосылған Алдин Джидич те, Евгений Тарасов та, Александр Порываев те қорғанысты күшейте алар емес. Өткен жылы ғана еурокубокта ел мерейін асқақтатып жүрген «Шахтер» қазір талассыз аут­сайдер. Тез арада ес жимаса, екі дүркін чемпион етекте қала беруі ықтимал.
«Қайрат» өз алаңындағы екі же­ңі­лістен кейін серпілді. Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» алматылықтарға еш қайрат көрсете алған жоқ. Бауыр­жан Исламхан, Жерар Гоу, Жамбыл Көкеев кезек мергендік танытып, жа­уап­сыз үш гол соқты. Владимир Вайсс жаттықтыратын «Қайрат» маусым ор­тасындағы тығырықтан шығып келе жатқанын көрсетті. Осы қарқынынан танбаса, алматылықтар аз уақытта көш­басшылар қатарынан орын тебетіні күмәнсіз. Бір жыл бойы жарақатын ем­деген Көкеевтің футболды сағынып қалғаны білінеді. Ол Қазақстан кубогы­ның ширек финалында «Тараздың» қақ­пасына гол соқса, бұл жолы талды­қорғандықтарды қапы қалдырды. Аз уақытта бұрынғы Көкеевті қайта көріп жатсақ, еш артық болмас еді.
«Оқжетпес» те алғашқы алтылықтан дәмелі. Осы турда В.Муханов жат­тық­тыратын команда өз алаңында «То­былды» қонақ етті. Қорғаушы Илнұр Мангуткин 10 минутта алаңнан қуы­-лып кетсе де, көкшетаулықтар «То­был­ды» еркінсіткен жоқ. Ойынның соңғы сәттерінде Лука Роткович пенальтиді дәл соғып, командасының қоржынына үш ұпай салды. Ал «Ертіс» өз алаңында «Қайсарды» 4:2 есебімен ұтты. Бұл матч­та жақында ғана жарақатынан айыққан Константин Дудченко хет-трик жасады.
Әзірше «Жетісу», «Шахтер» және «Қайсар» ғана ұпай таратудан танбай отыр. Басқа командалар күн өткен сайын ширап, турнир кестесіндегі тар­тысты қыздыра түсуде. Мергендер көші­­­нің басында – «қайраттық» 
Жерар Гоу. Котдивуарлық шабуылшы 13 кез­десуде 12 гол авторы атанып, өт­кен жыл­­ғы көрсеткішін қазірдің өзінде қайталап қойды. 
Есен Атыхан