Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мүлікті жария ету экономикаға серпін береді

Мүлікті жария ету экономикаға серпін береді

Айхан ШӘРІП
1154
Мүлікті жария ету экономикаға серпін береді Мүлікті жария ету акциясы одан әрі жалғасын табуда. Жыл соңына дейін созылатын бұл шара ел экономикасына қаншалықты тиімді? Ұтарымыз қайсы? Міне, осы сұрақ­тарға жауап іздеп көрейік. Рысқұлов атындағы Қазақ ұлттық экономи­калық университетінің доценті Ілияс Исаевтың пікірі төмендегідей:

– Мүлікті жария ету акциясы – эко­номикаға өте тиімді. Заңға сәйкес каптиталды жария етудің бұл сатысына ақша да, басқа да активтер – бағалы қағаздар, жылжымайтын мүліктер жа­тады. Соңғы қабылданған заңда мұның бәрі жан-жақты айтылған. Мұның қандай тиімділігі бар? Заң қабылданған кезде сарапшылар капиталды жария етудің нәтижесінде 12 миллиард доллардай қаражат көлеңкелі экономикадан заңды айналымға түседі деп болжаған. Бұл – Үкіметке үлкен көмек. Қазіргі кезде капиталды, ақшалай активтерді жария етуге қатысты Ұлттық банк мынадай талаптарын қойып жатыр: Шетелден ақша келетін болса, банктерден депо­зиттік шот ашылып, қаржы сол шотқа салынады. Оның құпиялығы сақталады. Оған Үкімет ешқандай жаза қолданбайды. Мүлікті жария етудің мақсаты – шетелде жатқан қаражаттарды отандық банктерге алып келіп, депозитке салса «Оны қайдан алдың? Қандай жолмен таптың?» деген Үкімет тарапынан әкімшілік жаза қолданылмайды. Әрине, заңдастыруға жатпайтын капиталдар бар. Мысалы, қыл­мыстық жолмен, ұрлықпен, жемқор­лықпен тапқан капитал заңдастыруға жатпайды. 

Шетелдік компанияларда акциялары, активтері болуы мүмкін,шетелдік банктерге өз тапқан табысын аударған болуы мүмкін, міне, осындай ақшаларды Үкіметтің заңына сәйкес заңдастыруға болады. Мұны капиталға кешірім жасау деп түсіну керек. Осындай жағдайда шетелде жатқан капиталды елге қайтару­ға болады. Бұл, біріншіден, біздің эко­номикамызға қосымша инвестиция көзі. Екіншіден, коммерциялық банктер үшін қосымша өтімділік. Үшіншіден, егер жылжымайтын мүлік, бағалы қағаз сияқты активтер заңдастырылып жатса, мемлекет үшін қосымша табыс – салық көзі. Бұл мемлекет экономикасына қаражат жағынан міндетті түрде көмегін тигізеді. Сондықтан коммерциялық банктерге мынадай тапсырма берілді. Депозиттік шот ашылады, ол шоттың құпиялығы сақталады. Екіншіден, егер азамат өз шотынан ақша алғысы келсе, алты айдан кейін мемлекетке белгілі мөлшердегі салығын төлеп,өз шотынан қолма-қол ақша ала алады. Ондай да тәртіптері қарастырылған.
Соңғы кезде Ұлттық банктің доллар­сыздану мәселесіне байланысты Ұлттық банктен қолма-қол ақша алуға шектеу қойып отыр. Осыны естігеннен кейін шет­елдегі ақшаны елге қайтару ісі аздап тоқырап қалуы да мүмкін. Себебі дол­ларсыздануға қатысты Ұлттық банк талап қойып отыр ғой. «Жылжымайтын мүлік саудасында, автокөлік сатып алғанда міндетті түрде бағаны теңгемен белгілеңдер, міндетті түрде банк шоты арқылы қолма-қол аударыңдар» деп жатыр. Осы жағынан алып қарағанда, Ұлттық банктің долларсыздану сая­сатына байланысты кейбір қадамдары шетелден келетін ақшалай қаражаттарға шамалы тоқтау салуы да мүмкін. Қарап отырсақ, капиталға рахымшылдыққа қатысты қабылданған шешімдер долларсызда­нуға байланысты қа­былданған шешімдерге кейде кереғар болып жатады. Осыған байланысты шетелден ақшаның келуі баяулап та қалуы мүмкін. Міне, осы мәселелердің қандай шешімдері бар екендігіне назар аудару керек.
Шетелден қайтып келген қаражаттың Ұлттық экономиканы көтеруге, отандық өндірісті жандандыруға жұмсалуы сияқты механизмдері заңда қарастырылған. Айталық, шетелден ақша әкелдіңіз бе, біріншіден, мемлекет қазір «Самұрық-Қазынаның» құрамындағы кейбір активтерді жекешелендіріп жатыр. Ақша иесі сол жекешелендіруге қатыса алады. Бұл шетелден келген қаржының заңды жұмсалуының бір бағыты. Екіншіден, IPO бағдарламасына қатыса алады. Үшінші бағыты – «Самұрық-Қазынаның» құрамында Ұлттық компаниялардың бағалы қағаздарына салуына болады. Осы сияқты бағыттар заңда көрсетілген. Шет­елден келіп жатқан капиталға кешірім жасауға байланысты шетелден келіп жатқан ақшаларды жұмсаудың заңды түрде осындай бағыттары көрсетілген. Төртіншіден, коммерциялық банктердің депозитінде тұрады. Ол депозит те пайда әкеледі ғой. Жекешелендіруге қатысып жатса, кәсіпорындарға қожайын балады. Ақша мемлекет қазынасына түседі. Ұлттық компаниялардың ұзақ мерзімді бағалы қағаздарына салса, ол да эконо­микаға барады. Темір жол, логистика салынады. Бұл – Ұлттық экономикаға үлкен серпін болады. Мүлікті заңдас­тырудың үшінші сатысының негізгі мақсаты да – осы.