Басты  /  мақалалар  /  Ардагерлерге сый-құрмет көрсетті

Ардагерлерге сый-құрмет көрсетті

Жолдасбек Дуанабай
1496
Ардагерлерге  сый-құрмет көрсетті «Нұр Отан» партиясы Орталық аппа­ратының бастауыш партия ұйы­мы, ұйымға кіретін «Қазақстан ГИС орта­лығы» АҚ, «Нұр Отан» пар­тия­­сы­ның Қоғамдық саясат инсти­туты және «Жас Отан» Жастар қана­тының Аста­на қалалық филиалының белсенді партияның «Ардагерлерді ардақта­йық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобаларының шеңберінде Астана қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған мекемеге барып, Жеңістің 70 жыл­дығына орай ардагер ақсақалдарды мерейлі мере­кемен құттықтап, сый-құрмет көрсетті.


Мекеме басшылығының айтуынша, 400 адамға арналған мекемеде қазіргі таңда 320 адам паналауда. Оның 120-сы мүгедек жан болса, 200-і қарт. Олардың арасында Ұлы Отан соғысының 4 ардагері және 36 тыл еңбеккері бар. Сол 200-дің ішінде 36-сына ақылы негізде қызмет көрсетілуде. 
– Шын мәніcінде, ешкімі жоқ қарттар мемлекет есебінен тегін тұрады. Бала-шағасы, жақын ағайыны жоқ, сондай-ақ перзенттері шетелге кеткен қарттар жетімге теңестіріледі. Ал бала-шағасы болғаны­мен, олар ата-анасына қарай алмаса, осында келісімшарт негізінде ақылы орна­ласады. Кейде ақылы орналасуға қарттар­дың зейнетақысы жетпей жатады. Ондайда бала-шағасы үстіне қосып төлейді. Бірақ мұнда орналасу оңай шаруа емес. Бізге тек жолдамамен ғана келеді, – деді мекеме басшысы Кенжеболат Бәпішов.
Мұндағы қарттар мен мүгедектерге тұрмыстық, медициналық, психология­лық, құқықтық, экономикалық (зейнет­ақыға байланысты), еңбек терапиясы және мәдени қызмет түрлері көрсетіледі. Әр бөлмеде таза төсек-орын, теледидар, то­ңазытқыш, үстел, орындықтар қойыл­ған. Жуынатын жер де толық жабдық­талған. Дәрігерлік көмек тәулік бойы көрсетіліп тұрады. Хауыз, бассейн жұмыс істеп тұр. Емдеу, дене шынықтыру бөлмесі тағы бар. Шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бильярд, теннис ойнайтын бөлмелер қарастырылған. Кітапхана, оқу залы жұмыс істейді. 
Сонда тұрып жатқан 1,2-топтағы мү­гедектер түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды қанжығалап, сый-құрметке бөленіп жүрген жайы бар. Халық­аралық жарыстарда да қазақ елінің байра­ғын желбіретіп, елдің танылуына үлес қосуда. Мүмкіндігі шектеулі деп айт­қаны­мызбен, қолға алған барлық істі тыңғы­лықты атқарады. Мәселен, қалада мүгедек­терге арналған арба жөндейтін орын жоқ­тың қасы. Ал бұл мекемеде ондай шеберлер бар. 
Ғимаратты аралап болған соң қарттар мен мүгедектерге жылы лебізін арнаған «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Ыдырысов: «Халқымыз ежелден үлкенге ізет етуді ту еткен. Сондықтан мемле­кет те, қоғам да қарттарымыздың қо­ғамдық-экономикалық жағдайын жақ­сарту үшін бар күшін жұмсауда. «Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақ­тайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобаларының аясында бастауыш партия ұйымы ұйымдастырған бүгінгі іс-шараға жастардың қатыстырылуының мәні зор. Осы арқылы «Нұр Отан» пар­тиясы жастар­ды адамгершілікке үндеуді, қоғамда мүмкіндігі шектеулі адамдарға оң көзқарас қалыптастыруды және ұрпақтар сабақтас­тығын жалғастыруды мақсат етеді» деді. 
Кездесу барысында мекемеге «Нұр Отан» партиясы орталық аппараты баста­уыш партия ұйымы мен «Қазақстан ГИС орталығы» АҚ атынан теледидар тарту етілді.
Партия Қоғамдық қабылдау бөлме­сінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов: «Бұл кісі­лерге барлық жағдай жасалды деп айт­қанымызбен, шешілмей жатқан мәсе­лелер көп. Мәселен, осындағы қызметкер­лердің тұрақты болуы қажет-ақ. Өйткені бір күтушіге үйреніп қалған жан екіншісін қабылдай алмауы мүмкін. Бұл адамның көңіл күйіне әсер етеді. Сондықтан да болашақта қызметкер­лердің жалақысын көтеру қажет» дейді.
Іс-шара келесі күні де жалғасын тауып, бастамашылар Ұлы Отан соғысы ардагерле­рінің үйлеріне барып, сый-сияпат жасады. 
Айжан ЫСҚАҚОВА, 
«Нұр Отан» партиясы 
орталық аппаратының бастауыш партия 
ұйымының хатшысы