Басты  /  мақалалар  /  Райымбек батырдың құрметіне арналды

Райымбек батырдың құрметіне арналды

Жолдасбек Дуанабай
1237
Райымбек  батырдың  құрметіне арналды Әйгілі батыр Райымбек Түкеұлының 310 жылдығына орай желтоқсандық батырлардың ұйымдастыруымен Алматы - Кеген бағытында супер марафон ұйымдастырылып, желаяқтар 310 шақырымды екі күнде жүріп өтті.


Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты ұйымдастырылған марафонға «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігі мұрындық болды. Желтоқсандық ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шараның басты мақсаты - өскелең ұрпақтың өткен тарихымызды ұмытпай, олардың болашақ бағытын дұрыс бағдарлау. Олардың санасында ұмыт болып бара жатқан бабалар рухын қайта жаңғырту.
Бұл шараға «Желтоқсан  ақиқаты»  республикалық  қоғамдық  бірлестігінің  Астана қалалық филиалының  төрағасы,  «Қазақстанның  құрметті  құрылысшысы» атағының иегері Ержан Ұзақ демеушілік жасады. 
Марафоншылар Алматыдағы Райымбек батыр ескерткішінің алдынан таңғы сағат 9.00-де жүгіруді бастады. Марафоншылар алдымен Еңбекшіқазақ ауданы, сосын Шелек ауылдық округіне табан тіреді. Шелектен шыққан желаяқтар бес сағат бойы жүгіре отырып, кешкі сағат 8-дер шамасында Райымбек ауданының «алтын қақпасы» атанып кеткен Ақсай ауылына жетті. Жергілікті әкімшілік те баба рухын ту етіп көтеріп келе жатқан марафоншылар мен «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің мүшелерін осы жерде күтіп алды. Мұнан соң Кеген ауылына келіп, ауыл орталығына жиналған жергілікті жұртпен жүздесті. 
Мұнан кейін марафоншылар  батыр Райымбек бабамыздың ескеркіші орналасқан Саржал ауылына ат басын тіреді. Он бес жасында атқа қонып, сарбаздарды бастап, жоңғар мен қалмаққа қарсы күресте көзге түсіп, батыр атанған Райымбек бабамыздың басты мақсаты - қазақ халқын тәуелсіздікке жеткізу болған еді. Тарихи деректерде орта жүздің қолбасшысы Қаракерей Қабанбайдың, Тарбағатай мен Үрімжінің ортасында орналасқан қалмақ пен жоңғардың байланыстарын уақытша тоқтату үшін Райымбек бабамыздан көмек сұрағаны жөнінде айтылады. Райымбек атамыз атқа қонып, сарбаздарымен Қаракерей Қабанбайдың сұраған жеріне жетіп, бірлесе жеңіске жеткен екен. 
Саржал ауылындағы ескерткіш  басында  жергілікті халықпен үлкен жиын өткізіп, сөз соңында марафоншыларды  Құрмет  грамотасымен  марапаттады.