Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ақшамен бала тәрбиелеуге бола ма?

Ақшамен бала тәрбиелеуге бола ма?

Жолдасбек Дуанабай
1006
Ақшамен бала тәрбиелеуге бола ма? Жаһандану үдерісінде адам санасына сан түрлі қозғау салатын мәдени ықпалдар жетіп артылады.

Соның ішінде демократиялық принциптерді басты құндылық еткен азаматтық қоғам алдында өз таңдауын жасауға әлемдік деңгейдегі әлеуметтік институттар ұсынған қоғамдық реформалар да жетерлік. Әлеуметтік реформалар адам капиталын дамытуға айтарлықтай үлес қосқанымен, кей жағдайда жаңа заман құндылықтары адам тұлғасын қалыптастыру және бала тәрбиесі мәселесінде  кей мемлекеттердің ұлттық ерекшелігіне сәйкес келмей, тіпті зиян еткенін де ғалымдар мойындайды. Әсіресе, посткеңестік елдерде дәстүрлі бала тәрбиесі туралы ұғым батыстық көзқараспен үйлесім таба алмай зиянға шыққанын педагог ғалымдар мәселе етіп көтергелі қашан... Сонымен, баланы тойындырып, мұңсыз етіп өсіру қаншалықты пайда берді?

Философия негізінде жеке тұлғаны қалыптастырудағы педагогикалық тәрбие бойынша бірқатар эксперимент жүргізген, Кеңес Үкіметіндегі танымал психологтардың бірі Алексей Леонтьев адам жанының қалауы ішкі дүниесінің тазалығы екенін дәлелдеген. Оның 1948 жылы жазған «Психологическое развитие ребёнка в дошкольном возрасте» атты еңбегінде өте қызық тәжірибе бар. Онда ғалым мектеп жасына толмаған 5-6 жастағы балаға екі түрлі міндет жүктей отырып, баланың ішкі дүниесіне үңіледі. Яғни, зерттеу шарты бойынша, бала белгілі сызылған шеңбер аясында берілген тапсырманы орындауы қажет болады. Бірақ, ол міндетті орындау бала үшін қиын, себебі, бала оны шеңбер аясынан шыққанда ғана орындай алады. Бірақ, оны ғалым білмегенсиді. Оның орнын қымбат сыйлықпен өтемек болады. Сосын, тәжірибе жасаушы ғалым бөлмеге балақайды жалғыз қалдырып, өзі сырттан бақылайды. Осы сәтті пайдаланған сәби шартты бұзып, жылжып барып айтқан тапсырманы орындайды. Іле-шала ғалым бөлмеге кіріп, ештеңе байқамағандай тапсырманы тексереді де риза болған кейіпте уәде бойынша балаға сыйлықты береді. Сонда, алдындағы ғана қымбат көрінген сыйлық бала үшін оның көңілінде басқаша көрінгені байқалады. Ол алдаумен келген сыйлықты алудан тартыншақтап, кібіртіктейді. Баланың көңілі су сепкендей басылады. «Адамның жануардан айырмашылығы да осы жерде» деп қорытады ғалым зерттеуін. 
Педагог ғалымдардың бір тобы 4-5 жастағы балаға ойыншық қымбат па, арзан ба маңызды емес, оған бала тек қол жеткізсе болғаны. Сондықтан, ақша туралы, құндылық туралы ұрыспай түсіндіру керек деген тұжырым айтады. Бірақ, осындай пікірдегі мамандар да балаға шындықты айтып, ақша жоқ болса жоқ екенін жеткізу керек дейді. Өйткені, бала ақшаның маңдай термен келетінін білуі керек. Бұл ойдағы ғалымдар нарықтық сананы балаға ерте жастан қалыптастыруды, экономикалық теорияларды сауатты жүргізуді, пайда табуға бала жасынан үйрену керектігін ұсынады. Ал, егер бұл пікір қате болып шықса ше?
Жалпы, баланы заттық құндылықтарға бейім қылып, оның «нарықтық» санасын ерте қалыптастырған дұрыс па? Бұл балада жеке басына, өзіне ғана қажет деген эгоизмді ерте сіңірмейді ме деген күдік ұялайтыны сөзсіз. Мүмкін бүгінгі жас адамдардың тез тоқырауға ұшырап, алдына қойған мақсатына қолы жетпей қалса өмірден түңіліп кететіндігі осындайдан емес пе?
Белгілі этнограф Болат Бопайұлы қазақ бала тәрбиесінде ортақ жауапкершілікті басты міндет етіп қойғанын айтады. Мәселен, көшпенді қазақ балаға 5-6 жасында-ақ ортақ жауапкершілікті, әулеттің қамын жеуді, ортақ малды бірге бағып, елдік деген түсінікті сіңірген дейді. Егер, сан ғасырлар бойы қазақ балаларын тәрбиелеп келген эпостық жырларды алып қарасаңыз, ғалымның пікірінің дұрыстығына көзіңіз жете түседі. Мәселен, «Батырлар жыры» мен ертегілердің кейіпкерлері: Қобыланды батыр, Ер Тарғын, Кер құла атты Кендебай, Ер Төстік, Тау көтерген Толағай, тіпті Алдар көсенің өзі жеке қара басының қамын емес, ауылдың, елдің, жоқ-жітіктің жайын ойлайды. Құрғақшылық жайлаған ауылына тау көтеріп келген Толағайдың қаһарман бейнесі талай қазақ баласының санасында алып тұлға, нағыз идеал екенін дәлелдеудің өзі артық.
Еуропада орта ғасырдың өзінде өмірдің мағынасы рахаттанып, ләззат алу деген түсінік қалыптасқан. Оны қазіргі тілмен, «гедонизм» деп атайды. Гректің «хедоне» «рахат, ләззат» деген сөзінен шыққан. Бұған Ресей математигі, кибернетик ғалым Юлий Шрейдер (1927-1998) уақытша жетістіктерді жоғары бағалау адам этикасына зиян деп, қамшының сабындай қысқа өмірде тек ләззат ал деген ұғымды теріске шығарған. Әрине, бұл теорияны терістеген жалғыз ғалым ол емес. АҚШ психологтары «жексенбілік невроз» деген жаңа диагноз айқындаған. Психолог мамандарға келіп шағымданған  менеджерлер демалыс күндері жан дүниелерінің құлазып тұратыны, қанша рет өмір рахатымен, ләззатпен оны «сөндіруге» тырысса да одан да жалыққанын айтып, шағымданған. Ауқатты болса да, ішкі дүниесіндегі құлазуды толтыра алмаған білікті мамандар не себептен тоқырауға түскеніне ғалымдар жауап іздеген.
Әйгілі жазушы Э.Хемингуейдің өмірі өзіне қол жұмсаумен аяқталғаны белгілі. Сол ішкі күйзелісін жазушы «Килиманджаро - қарлы тау» әңгімесінде көрсеткендей болады. Ол туралы Таласбек Әсемқұлов «Егемен Қазақстан» газетіне (29 қаңтар, 2014 жыл) берген сұхбатында:  «...Ақылға сыймайтын суицид... Ұлы жазушы бұлай өлмеуі керек еді. Менің ойымша, Э.Хемингуэйдің өлімінің сыры «Килиманджаро - қарлы тау» әңгімесінде жатқан сияқты. Кім біледі, мүмкін, о дүниеге біз білмейтін, біз білгеннен басқа Хемингуэй кеткен шығар» деп жазады. Ал, Үнді халқына тәуелсіздік сыйлаған Махатма Ганди елімнің азаттығы жолында тартқан азабым тек менің ішкі дүниемді байытып, кемелдендірді деген ой айтады. Осы орайда Ұлы Абай да «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» деп толғағаны еске түседі. Демек, қазіргі педагогика тынбай қайталайтын «индивидті, жеке тұлғаны дамыту» деген ұстанымға ұлттық құндылығымызды ескеріп, елдік сана, елге қызмет, ортақ жауапкершілік деген ұғымды барынша енгізу қажет пе деген ойға келеміз... 


ҚазАқпарат