Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жалғыз қазақ сыныбы жабылмақ

Жалғыз қазақ сыныбы жабылмақ

Жолдасбек Дуанабай
864
Жалғыз қазақ сыныбы жабылмақ Қарағандыда 9-сынып бітіргелі жатқан 28 оқушы далада қалудың алдында тұр. Өйткені №101 орта мектептегі жалғыз қазақ сыныбы жабылмақ.

Ата-ананың рұқсатынсыз балаларды өзге мектептерге таратуға құлшынған ұстаздар мұны оқушылардың білім деңгейінің төмендігімен түсіндіреді. Бірақ лицей мәртебесін 2006 жылы иемденген оқу орнында қазақ тілді мамандардың тапшылығы анықталып отыр.

Оқу жылының аяқталуына үш күн қалғанда жоғары сынып оқушылары жаңа білім ордасын іздеуге мәжбүр. Өйткені биліктегілер аралас білім беретін мектеп-лицейдегі жалғыз қазақ сыныбын жабуды шешкен. Кесірінен, бүтін бір сыныптың оқушылары үйреншікті мектептеріне баруды қойыпты.
Орыс тілді сыныптары басым білім ордасында төрт орысша және жалғыз қазақша тоғызыншы сынып бар. Соның өзіне, тоғыз жылдан бері кабинет те бөлінбеген. Сөздерінше, қазақ сыныбының балалары осы күнге дейін мектептің әр бұрышында оқып келіпті. Мектеп алдында таңғы сағат тоғыздан бері наразылық білдірген жұрт биліктегілердің көрсеткішке жұмыс істеп жатқандығына қапалы. “Бұл мектепті сырттан келетін комиссия мен құрметті қонақтарға ашып қойған сияқты. Яғни балалар бүгінгі науқандықтың бүгінгі бастықтардың жағымпаз белсенділігінің құрбаны болайын деп тұр”, - дейді ата-ана  Қуаныш Мақсұтов .
Ал ата-аналардан мамандардың тапшылығын жасырған мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі сылтауды балалардың жетіспеушілігінен іздеді.
“Бұл сыныптағы 28 оқушының тек он екісі ғана осы лицей сыныбына келіп тұр. Бірақ он екі баланың екеуі кетеміз деп тұр”, - деді №101 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бақытжан Мақаева.
Ал мамандардың тапшылығын жасырмаған қалалық білім бөлімінің басшылығы он бір оқушыға бола сыныпты ұстап тұру тиімсіз дейді. Ереже бойынша балалардың саны кем дегенде жиырмадан асуы тиіс. “Оныншы сыныпқа баланың аз келуіне байланысты ашылмауы мүмкін деген болжам жасадық. Ал оныншы сыныпқа бала қабылдау бізде маусым айының бірінен басталады”, - деп отыр Қарағанды қалалық білім бөлімінің жалпы білім беру секторының бас маманы Гүлжахан Ибадуллаева .
Осылайша шешіміне шүйлікпеген білім басқармасындағылар осыдан бір жыл бұрын басталған даудың нүктесін тек маусым айында қоямыз деп отыр. Егер балалардың саны көбеймесе жалғыз қазақ сыныбының есігіне құлып салынуы мүмкін. Десек те, екі мыңға жуық балаға білім беріп жатқан оқу орны лицей мәртебесінен қағылмайтын болады.


 www.radio31.kz