Басты  /  мақалалар  /  Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырады

Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырады

Айхан ШӘРІП
2430
Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттырады Елбасының президенттік сайлау барысында жүзеге асырылуы қажет 5 инс­титуттық рефор­масының маңызды тетік­тері «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құруға бағытталған «100 нақты қадамда» көрініс тапты.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК, заң ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аккредитация, рейтинг және сапаны басқару орталығының директоры:

– Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станды дамыған 30 елдің қатарына қосу үшін «100 нақты қадам» бағдар­ламасын жария етті. Мұнда барлық сала жетік қамтылған. Бұл жөнінде сіздің ойыңыз...

– Елбасының президенттік сайлау барысында жүзеге асырылуы қажет 5 инс­титуттық рефор­масының маңызды тетік­тері «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет құруға бағытталған «100 нақты қадамда» көрініс тапты. Әрине, әрбір қа­дамның өзіндік маңызы мен ерекшелік­тері бар. Бірақ дүйім жұртқа ең маңызды қадамдар кәсіби мемлекеттік аппарат құру, оның ішінде 4-ші және 5-ші қа­дамдарда көрініс тапқан «3+3 форму­ласы бойынша мемлекеттік қыз­метке бірінші рет қабылданушылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі (тиісінше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті ме­желік бақылау)» мен «мем­­лекеттік қыз­меткерлердің жалақы­сын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру» болып табылады. Құқықтық тұрғы­дан мемлекет – белгілі бір жер аумағы, шекарасы, өзіне тән құқықтық жүйесі, құн­дылықтары бар құрылым. Бірақ бірін­ші кезекте мемлекет  – ол, мемле­кеттік аппарат. Біз күнделікті өмірде мемлекетті нақты мемлекеттік қызметтің жүзеге асы­рылуымен, шенеу­ніктердің біліктілігімен, мемлекеттік қыз­мет көрсетудің сапасы­мен, осы саладағы идеологиялық өзге­рістермен байла­ныс­тырамыз. Сондықтан болар, мемлекеттік қызметкерлер жай ғана қоғам мүшесі емес, мемлекеттің өкілі ретінде қарас­тырылады және мемле­кеттің өркендеуі де осы институттың дамуы мен қалыпта­суы­на тығыз байланысты. Әрине, Елбасы­ның мемлекеттік қызметкерлер алдына қойып отырған талабы да осыдан бастау алады. Реформалардың алға басуы да осы мем­лекеттік қызмет сапасына байланысты.

Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлерге талаптың күшеюі заңдылық. Аталмыш қадамдар мемлекеттік қызметтің тиімді­лігін арттыруға өз үлесін қосары сөзсіз. 

– Меніңше, біздің еліміздің да­муына кері әсер етіп жатқан фактор көп жағдайда мемлекеттік қызметтің философиясын дұрыс түсінбеушілікте сияқты.

– Иә. Біріншіден, бізде мемле­кеттік органдар және тиісінше ше­неуніктер рұқсат беруші, лицен­зиялаушы, бағыт сілтеуші болып табылады. Яғни ықпалы күшті су­бъект. Ал дамыған елдердің тәжі­ри­бесінде мемлекет тек реттеуші қызме­тімен шектеледі.

Екіншіден, елімізде мемлекет қоғам үшін қызмет етпейді, керісін­ше, қоғам мемлекет үшін қызмет етуі керек деген идеология басым. Бұл – дамуды тежейтін, қауіпті идеология. Осы идеология өзгеруі тиіс. Мем­ле­кеттік аппарат бірінші кезекте салық төлеушілердің есебінен күн көретін аппарат. Сондықтан идео­логияны өзгер­туге баса назар аударуы керек.

Үшіншіден, мемлекеттік қызмет­кердің біліктілігін арттырып тұруға және оны бағалауға қоғамдық ба­қылау орна­тылуы керек. Яғни мем­лекеттік қыз­мет­кер белгілі уақыт мөлшерінде айталық, «3+3 фор­муласы бойынша мемлекеттік қызметке бірінші рет қабыл­дану­шылар үшін міндетті түрде сынақ мерзімі (тиісін­ше үш айдан кейін және алты айдан кейін сәйкестілікті межелік бақылау)» меха­низмі енгізілді дейік. Бұл – еңбек тиімді­лігі мен мемлекеттік қызметті білікті маман­дармен қамтамасыз етудің тетігі. Бірақ бұл бастық пен қызмет­кердің арасындағы ойынға айналып кетпеуі керек. Мұндағы субъективті фактор­лардың орын алмауын мемлекеттік қыз­метке қабылданудың әділетті негіздерін қамтамасыз етуді қолға алу керек. Дәл сол секілді бесінші қадам ретінде көрініс тапқан, «мемлекеттік қызметкер­лердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байла­нысты өсіру» тетігі де ойы басшысынан өзге, өз көз­қарасы бар білікті мамандарды жұмыстан төмен жалақы тағайындау арқылы мемлекеттік қызметтен қудала­нуына жол берілмеуі керек. Яғни мемле­кеттік қызметкердің жоғары тұрған басшылықтың қуыршағына айналдыруға жол берілмеуі тиіс.

Төртіншіден, мемлекеттік қызмет­кердің еңбек тиімділігін айқындайтын нақты критерийлер анықталуы тиіс. Қай жағдайда мемлекеттік қызметкер өз жұмысын тиімді жүзеге асырды деуге негіз бар деген сауалға нақты жауап болмай, қызметкердің еңбек тиімділігін арттыру қиын. Тиімділік осы екен деп беталды барлық рұқсат қағаз­дарға қол қойып, мөр соғып беру ме, жоқ әлде керісінше, еш­қандай қағазға қол қоймай, жұмысты жүргізбей тастау ма? Тиімділік ұғымы қай шек­тен пайда болады? Осы сауалдарды саралай келе мемлекеттік қызметтегі айқындалған нақты көрсеткіштерге қол жеткізу арқылы сапалы мемле­кеттік қызметке қол жеткізуге бо­лады.

Біз тізбелеп жазған төрт жағдай еске­рілер болса, Елбасымыздың төр­тінші және бесінші қадамда­рының тиімділігі артып, ел мүддесіне жұмыс істейтін кәсіби мемлекеттік қыз­меткерлер институты қалып­тасады деп ойлаймыз.