Негізгі бет  /  мақалалар  /  Храпатыйды еске алады

Храпатыйды еске алады

Айхан ШӘРІП
852
Храпатыйды еске алады 26-28 мамыр аралығында Қарағандыда Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының жеңімпазы, бес дүркін әлем чемпионы Анатолий Храпатыйды еске түсіруге арналған республикалық турнир өтеді.

Бұл есім Қазақстан халқы үшін ерекше қастерлі. Ақмола об­лы­сының Атбасар өңірінде туып-өскен Анатолий жастайынан дара та­лантымен оқшауланып, өз қатарының алды болды. Уақыт оза Кеңес Одағы құрамасына қабылданып, төрткүл дүниедегі ең белді зіл­теміршілердің біріне айналды. Ол екі рет Олимпиада ойын­дарында жеңіс тұғырына көтерілді. 1988 жылы Сеулде алтын алса, 1996 жылы Атлантада күміс медальді мойнында жарқыратты. Әлем чем­пионатында бес рет топ жарып, екі рет қола жүлдені иеленді. Еу­ропа чемпионатындағы нәтижесі де дәл сондай. Азия ойын­дарын­да үшінші орынды олжалады. Әлемдік рекордты бес рет жаңартты. Спорттық карьерасы аяқталғаннан кейін бірер жыл Қа­зақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды. 2008 жылдың 11 тамызында Храпатый Ақмола облысына қарасты Аршалы ауы­лы­ның маңында жол апатынан қайтыс болды.  

Даңқты спортшының құрметіне жыл сайын дүбірлі дода ұйым­дастырылып тұрады. Биылғы бәсекеге Қазақстанның әр өңірінен кел­ген 60-тан аса спортшы қатысады. Солардың арасында Жасұлан Қы­дырбаев, Владимир Седов, Вячеслав Ершов, Ибрагим Берсанов, Ан­на Нұрмұхамбетова Рүстем Сыбай, Маргарита Елисеева, Карина Горичева және Гүлназ Наурызова сынды белді зілтеміршілер бар. Ал атақты Илья Ильин мен Майя Манеза Храпатыйды еске түсіруге арнал­ған турнирге құрметті қонақ ретінде тамашалау үшін арнайы ке­леді.