Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жастарға ақ жол тіледі

Жастарға ақ жол тіледі

Айхан ШӘРІП
1127
Жастарға ақ жол тіледі Жуырда еліміздің белді теңбіл доп шеберлері – Евстафий Пехлеваниди мен Фанас Сәлімов Тимур Сегізбаев атындағы «Қайрат» футбол клубы академиясына арнайы ат басын бұрып, сол команданың тәрбиеленушілерімен кездесті.

Қос футболшы да кезінде Ал­ма­тының «Қайрат» клубының намы­сын қорғап, өздерінің өрелі өнерімен қазақстандық жанкүйерлердің жүрегін жаулаған болатын. Пех­лева­ниди – Шымкенттің тумасы. Ол 1980 жылы «Қайраттың» жейдесін киіп, бақандай тоғыз жыл бойы сол ко­манда сапында тапжылмай өнер көр­сетті. Оның соққысынан Одақ­тың барлық қақпашылары қаймы­ға­тын. Ол әркез шабуыл өтінде жүре­тін. Жанкүйерлер Евстафийді ер­­ке­летіп «Пеха» деп атап кетті. Сол «Пехаға» екі рекордтық көрсеткіш тиесілі. Біріншісі, келмеске кеткен КСРО чемпионаты тарихындағы ең жылдам соғылған доп. 1986 жылдың 3 қыркүйегінде Пехлеваниди әйгілі Виктор Чанов қорғаған Киевтің «Ди­намосының» қақпасын бәсе­кенің 10-секундында дәл көздеді. Екіншісі, КСРО чемпионатында өнер көрсеткен «Қайраттың» са­пындағы ең үздік шабуылшы.  Алма­тылық команда құрамында 226 рет жа­сыл алаңға шыққан «Пеха» 69 гол­дың авторы атанды. 

Фанас Сәлімов те қара жаяу емес. Ол да Шымкентте дүние есігін аш­ты. 1982–1990 жылдар аралы­ғын­да Фа­нас «Қайраттың» сапында ой­­на­ды. Оның да өнері көпшілік көңі­лінен шықты. Жартылай қор­ғаушы болған Сәлімов бозбала ша­ғында КСРО-ның жасөпірімдер мен жас­тар құрамасында ойнады. 

Жиын барысында футбол арда­герлері жас өрендерге «Қайраттың» өткен тарихы жайында сыр шертіп, өздері бастан кешірген түрлі оқиға­лар жайында қызықты әңгімелердің тиегін ағытты. Соңында атақты фут­болшылар Тимур Сегізбаев атын­дағы академияның тәрбиелену­шілеріне сәттілік тілеп, «Қайраттың» даңқын шығаруына барынша күш салуларына тілектестік білдірді.