Негізгі бет  /  мақалалар  /  11 сағат бойы тоқтамай сөз сөйледі

11 сағат бойы тоқтамай сөз сөйледі

Айхан ШӘРІП
1164
11 сағат бойы тоқтамай сөз сөйледі АҚШ президенттігіне үміткер, Республика партиясының өкілі Рэнд Пол Конгресстің жоғарғы палатасы – сенатта Патриоттық актінің қолданыс мерзімін ұзартуға қарсы 11 сағат бойы тоқтамай сөз сөйледі.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі лаңкестік әрекеттен кейін қабылданған федералдық заң билік өкілдеріне азаматтарды қадағалауға, оның ішінде олардың телефон әңгімелерін жасырын тыңдауға, электрондық поштасын бақылауға заңды түрде рұқсат береді. Конгресс осынау Патриоттық актінің жарамдылық қолданыс мерзімін ұзарту мәселесін заң күші жойылғанға дейін, яғни 1 маусымға дейін қарастырып бітуі керек. 

 «Адамзат тарихында қорқыныш пен бейқамдық биліктің қолына қосымша құзырет беретін кезең келіп жетті, ол тұлғаның еркіндігі мен жеке өмір сүру құқығына зиянын тигізуде», - деді алғашқы сөзін жергілікті уақыт бойынша 13:20-да бастаған Кентукки штатының сенаторы. Полдың айтуынша, қазір сол уақыт келді, сондықтан Патроттық актіні қайтадан тексермей қабылдауға жол бермеу керек. 

 Осылай жалындап сөйлеген Рэнд Пол баяндамасын бірде-бір рет отырмастан түнгі 23.50-де бірақ аяқтаған.

 Алайда ол Оңтүстік Каролина штатының сенаторы Стром Термондтың бұған дейін орнатқан рекордын жаңарта алмады. 1957 жылы ол америкалықтардың түрлі топтарына сайлауға түсуде тең құқық беретін заңға қарсы ойын жеткіземін деп 24 сағат бойы сөйлеген екен. Әлемдік көшбасшылар ішінде сөз сөйлеудің һас шебері деп Уго Чавесті айтуға болады. Ол 2012 жылы Ұлттық ассамблеяға жыл қорытындысы бойынша баяндамасын 11 сағат бойы жасаған. 

 Рэнд Пол Ақ үйге үміткер болу ниетін осы жылдың 7 сәуірінде мәлім етті. «Мен мемлекетімізге еркіндік пен құзіреті шектеулі үкімет қағидаларын оралту үшін президент сайлауына түспекпін», - деп түсіндірді бұл ниетін саясаткер. 

BNews.kz