Негізгі бет  /  мақалалар  /  Эр-Риядтқа атом бомбасы неге қажет?

Эр-Риядтқа атом бомбасы неге қажет?

Айхан ШӘРІП
1710
Эр-Риядтқа атом бомбасы неге қажет? Әлемде ядролық қаруды әрі қалқан әрі шоқпар ретінде пайдаланғысы келетін елдер көбейіп келеді. Ядролық қару қолданылған соғыстың соңы ақырзаманға алып келері белгілі. Мұны адамзат түсінбейді емес, түсінеді.

Бірақ солай болатынын біле тұра, ядролық қаруға деген «құмарлық» кейбір елдерде басылар емес. Жақында ғана британдық басылымдар Сауд Арабия елі Пәкстаннан ядролық қару алу жөнінде стратегиялық шешім қабылдады деп жазады. Бұл қаншалықты шындық? Саудиттерге қаһарлы қару не үшін қажет бола қалды? Ойлағандары не?

Бұл мәселенің астарына үңілетін бол­сақ, Эр-Рияд Вашингтонның Теһранмен жүргізіп жатқан келіссөздеріне риза емес. Өйткені АҚШ Иранның ядролық бағдар­ламасына «тым жұмсақтық» танытып, тіпті алдағы уақытта ол елге салынған барлық санкцияны алып тастауға бейіл таныта бастаған. Бұған Иранның ата жауы – Сауд Арбиясы көнгісі жоқ. Тіпті «АҚШ бізге сатқындық жасады» деп сынға ала бастады. Бір ескерте кететін жайт, Сауд Арабиясы – АҚШ-тың аймақтағы страте­гиялық одақтасы. Екі елдің саяси және экономикалық байланысы мықты. Әсі­ресе, мұнай-газ саласында. АҚШ-тың ең ірі әскери базалары да осы саудтықтардың жерінде орналасқан. Солай бола тұрған­мен, Иранның ядролық бағдарламасын тұзақ­тау үшін Вашингтон Эр-Риядты кері ысырып қойып, Иранмен келіссөз бары­сында ол елге бірқатар жеңілдіктер жа­сауға ынта танытқан. Оның ішінде санкцияларды алып тастау да бар. Егер де сондай тарихи шешім АҚШ және Еуропа елдері қатарынан қабылдана қалса, Иран мұнай мен газын әлемдік нарыққа мо­лынан шығаруға мүмкіндік алады. Мұның өзі де саудтықтарға үлкен бәсеке­лестік тудырар еді. Бұдан тыс, «бейбіт атом ретінде пайдаланамыз деп отырып, Иран ядролық қаруды жасап алуы мүмкін» дегенде саудтықтардың көкейінде қауіп жоқ емес. Егер Иран ядролық қаруға ие болатын болса, аймақтағы тепе-теңдік бұзылып, Теһран үстемдікке ие болып шыға келері анық. Эр-Рияд содан қор­қады. Сондықтан Ираннан бұрын ондай аждаһа қаруға ие болғысы келетіні белгілі. Сонымен, Британ басылымдарының жазғаны қаншалықты шындық? Дегенмен сарапшылар «бәрі мүмкін» деген болжам жасауда. Мәселен, Ресейдегі Таяу Шығыс және Орта Азияны зерттеу орталығының директоры Семен Багдасаров: «Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа тек бес ел – Ресей, АҚШ, Қытай, Франция және Ұлыбритания ғана қол қойған. Ал Үндістан, Пәкстан және Израильде де ядролық шоқпар бар. Бірақ бұл елдер шартқа қол қоймаған. Ұмытпасам, 2003 жылы Батыс басылымдары Пәкстан мен Сауд Арабиясы ядролық келісімге келді деген ақпарат таратты. Осында бір шын­дық болуы мүмкін. Өйткені Сауд Арабия­сы Пәкстанның ядролық бағдарламасын қаржыландырып келгені ақиқат. Енді соның өтемақысы ретінде даяр қаруды алуы әбден мүмкін. Қажет болса, Эр-Рияд ондай қаруды өздері де жасауға мүмкіндігі бар. Мәселен, жақында бұл ел өз жерінде ядролық өндірісі үшін екі нысан салдыруға Оңтүстік Кореямен 52 миллиард долларға шартқа отырды. Оның ішінде уран байыту, плутон өндіру де бар... » десе, Ресей саяси және әскери сараптама орталығының өкілі Александр Храмчихин: «Сауд Арабиясы қазірдің өзінде ядролық қаруға ие. Неге десең ол елдің қарулы күштерінде Қытай­дың орта қашықтыққа ұшатын DF-3А деп аталатын баллистикалық зымыран­дары бар. Саны шамамен 120 дана. Бұл 3 мың қашықтыққа ұшатын зымырандар ядролық оқтұмсықпен жарақтанған болуы ықтимал. Әйтпесе мұндай зымырандар Сауд Арабиясына не үшін қажет? Бұл зымырандар елдің оңтүстік батысындағы әл-Ватах, әл-Сулайюл және әл-Жуфайр базаларында орналасқан. Бірақ бұған дейін мұны саудтықтар құпия ұстап келді. Енді Иран мәселесін алға тарта отырып, «Пәкстаннан сатып аламыз» деп жалған ақпарат таратып, сол қолда бар қаруды заңдастыруға күш салып жатыр» дейді. Кім білсін? Егер Сауд Арабиясы расында, ядролық гүрзіге ие болатын болса, Иран да тек жатпасы белгілі. Мұның арты тек Таяу Шығыс елдері ғана емес, әлемнің өзге де елдерін ядролық қару жасауға итермелері анық. Тіпті бұдан біраз бұрын рас-өтірігі белгісіз, неміс барлау қызметі «бір жиында Түркия басшысы Ердоған «Түркияға ядролық қару керек» дегенді айтты. «Оны бейбіт атом арқылы өндіру қажет депті-мыс» дегенді келтіреді. Кеше ғана Ресей «Егер АҚШ қоқан-лоқысын қоймаса, біз амалсыз ядролық қаруды күшейтуге барамыз» деп мәлімдеме жасады. Егер әлемде жағдай өстіп ушыға беретін болса, онда түбі бір ядролық қақтығысқа алып келері анық. Ал одан адам баласы аман қала ма, жоқ па? Белгісіз.