Негізгі бет  /  мақалалар  /  Мәдениет қызметкерлері жарысты

Мәдениет қызметкерлері жарысты

Айхан ШӘРІП
1295
Мәдениет қызметкерлері жарысты Мәдениет және өнер қызметкерлерінің төл мерекесіне орай Алматыдағы республикалық мәдени мекемелер арасында спорт түрлерінен жарыс өтті.

Шараны Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей бастамасымен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі ұйымдастырды. 

«Шаңырақ» шағын ауданын­дағы Спорттағы дарынды балаларға ар­нал­ған республикалық мектеп-ин­тернаттың алаңында жүзеге ас­қан сайыстың мақсаты – сала­уатты өмір салтын насихаттау, өнер ұжымдары арасында үздік спорт­шыларды анықтау және әріптестік тығыз қарым-қатынас орнату. 

Салтанатты рәсімді Спортта­ғы дарынды балаларға арналған рес­публикалық мектеп-интер­на­ттың директоры Қанат Сыздықов және қыздар арасында бокстан әлем чемпионы Назым Қызайбай, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері Еркебұлан Мүсіреп құт­тықтау сөз сөйлеп ашты. Одан кейін қатысушылар арасында жеребе тас­талды. Өтініш білдірген 16 ко­манда шағын футбол, шахмат, 100 м қа­шық­тыққа жүгіру, кір тасын көтеру, волейбол, арқан тарту ойындары бойынша өзара бақ сынасты. Бас төреші – Қазақстан спорт шебері Жақыпбек Өмірбеков. 

– Бұл мереке Елбасымыздың жарлығымен 2012 жылдан бері тойланады. Айтулы күнге сәйкес, кеше Мәдениет және спорт ми­нистрлігі жер-жерде түрлі шаралар­ды қолға алып, ойдағыдай аталуына айрықша көңіл бөлді. Алматыда бірінші рет барлық республикалық мәдениет ошақтары бас қосты. Үнемі гастрольде, концертте жүре­тін­діктен, стадионға жиналып, бір-бірімізбен жолдастық кездесу өткізуге мүм­кіндік бола бермейді. Сондықтан барлық әріптестеріміз Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасын қуана қабыл алды. Бір кісідей атсалысып, жоғары деңгейде өтуіне күш салды. Өнер адам­дарының басын бірікті­ріп, көтерiңкi көңіл күй сыйлаған Арыс­танбек Мұхаме­диұлына және ұйым­дастыру мәсе­лесінде жауапкершілік танытқан мекеме басшыларына алғыс айта­мыз, – дейді Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық халық аспаптары оркестрінің ди­ректоры Нұрғиса Дәуешов. 

 

Жарыс соңынан жүлдегерлерге арнайы диплом, кубок және ме­даль­дер тапсырылды. Жеңімпаздар тізімі төмендегідей: 

Футбол

І орын: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

ІІ орын: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы.

ІІІ орын:Ұлттық кітапхана.

Волейбол

І орын: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

ІІ орын: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры

ІІІ орын: Ұлттық кітапхана.

Арқан тарту 

І-орын:М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры.

ІІ-орын: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

ІІІ-орын: Ұлттық кітапхана.

Жүгіру

Қыздар арасында

І орын:Республикалық неміс театры. 

ІІ орын: Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры.

ІІІ орын:М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры.

Ерлер арасында

І орын: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры.

ІІ орын: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры

ІІІ орын: Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры.

Шахмат

І орын: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы

ІІ орын: Мемлекеттік орталық мұражай.

ІІІ орын: Ұлттық кітапхана.

Кір тасын көтеру

І орын: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры.

ІІ орын: Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театры, Ұлттық кітапхана.

 

ІІІ орын: Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы.