Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қызылорда тұрғыны қызын көруге зар болып жүр

Қызылорда тұрғыны қызын көруге зар болып жүр

Айхан ШӘРІП
872
Қызылорда тұрғыны қызын көруге зар болып жүр Қызылордалық Меруерт Рысбекова «он айдан бері қызымның жүзін көруге зар болдым» деп отыр. Айтуынша, бұрыңғы күйеуі үш жастағы бүлдіршінді серуенге алып шығып, сол күйі ғайып болған.

Қолында «бала анасының қамқорлығында қалсын» деген сот шешімі бар екен. Бірақ, оның орындалуы қиынға соғып тұрған көрінеді.

Ұялы телефоннан бұрыңғы күйеуі жіберген видео Меруерттің жалғыз ғана жұбанышы. Осы арқылы қызының аман екендігін  біледі. Ал «аурып қалмады ма, аш па, тоқ па» ана жүрегіндегі мұндай сан сауалға жауап жоқ. Себебі, он айдан бері қызы Асияның дидарын көруге зар болып жүр .

Айтуынша, ерлі-зайыптылар ажырасқан бойда қалалық сот баланы анасының қамқорлығына қалдыруға шешім шығарған. «Ал қызымның әкесі істің соңғы нүктесін күтпестен оны менен алып қашып кетті» дейді.

“Қазіргі таңда білмеймін қайда екенін. Қызымның да, оның да. Маған ашық айтып отыр, «қызымды бермеймін» деп. Бүкіл заңды белшесінен басып отыр. Анасына 10 ай бойы баланы көрсетпей отыр. Мен соған ойланып отырмын, ананың құқығын, баланың құқығын кім қорғайды деп. Жылап жылап, көз жасым таусылды. Тек қызыма психологиялық әсері қатты тиіп жатыр деп ойлаймын”, – дейді Меруерт.

Мереуерт 18 жасында отбасын құрып, төрт жыл Қырғыстан азаматымен бір шаңырақтың астында тұрған. Былтыр заңды түрде ажырасыпты. Алайда, арадағы жалғыз қыз ата-ана үшін дауға айналып отыр.

“Алдында көрсетіп жүрдік сөйтіп сенімімізге кіріп алды да ұрлап кетті ғой. Өзім де сағындым, түсімізде көреміз. Ол қызда жылайды түнде шошып оянып, қызым. Кейде тіпті қайғыға түсіп кетеді”, – дейді Меруерт Рысбекованың анасы Ләззәт.

Анасымен қызы бұл мәселеге орай құзырлы орындарға хат жазып, талай табалдырықты тоздырған. «Алайда, әзірге нәтиже болмай отыр, тіпті сот орындаушылардан да қайран жоқ» дейді.

Ал сот орындаушылар болса, заңға сай жұмыстар жасалып жатыр дегенді айтады. Былтыр желтоқсанда қолдарына тиген құжат негізінде қырғызстандық азаматқа іздеу де жарияныпты. 7 мамыр күні ұстап, оның құжаттарын тәркілеген. Енді сот шешімін уақытылы орындамағандықтан әкімшілік шара қолдануға істі қайта сотқа жолдамақ.

“Бала өзімен болмауына байланысты, әкімшілік шара көруге құжаттар толықтырылуда. Алдағы уақытта қылмыстық іс қозғау мақсатында қалалық ІІБ-на жолдану мақсатында құжаттар жинақталады. Қазіргі уақытта бір әкімшілік шара қолдану мақсатында, сонымен ғана шектелеміз. Заңның олқылықтарына байланысты”, – дейді  Қызылорда облыстық Сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы Руслан Ержанов.

«Істі құқық қорғаушыларға тапсыру үшін  заңға сай әлі 6 ай уақыт керек» дейді сот орындаушылар. Жұмысты жеделдетуге оның шетелдік азамат екендігі кедергі келтіріп отырғанын айтты. Қызының тағдырына алаңдаған Меруерт болса, Сыртқы істер министрлігіне арнайы хат жолдапты. Енді сол жақтан жағымды хабар күтіп, үміттеніп отыр. 

7 арна