Негізгі бет  /  мақалалар  /  Монроны «маңыратып» жіберді

Монроны «маңыратып» жіберді

Айхан ШӘРІП
788
Монроны «маңыратып» жіберді Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин өзінің кезекті жекпе-жегін АҚШ-тың Калифорния штатындағы Инглвуд қаласында өткізіп, сенбіден жексенбіге қараған түні ринг қожайыны Вилли Монроны алтыншы раундта ұрып жықты.

Сөйтіп, отандасымыз WBA (Super), WBC (Interim) және IBO нұсқаларының орта салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. 

Америкалық боксшының жерлесі­мізге жарытып қарсылық көрсете ал­майтыны әу бастан-ақ белгілі болған. Се­бебі GGG өзіне қарсы шыққан жі­гіт­тердің барлығын бет қаратпай ұтуда. Бүгінгі таңда орта салмақта оған тең ке­лер ешкім жоқ екенін барша жан­күйер­лер мойындауда. Дуалы ауыз ма­мандардың өздері де Головкиннің тең­дессіз өнеріне тамсануда. 

Ал Монрода ондай қауқар жоқ. Ол осыған дейін 21 кездесу өткізіп, 19 рет же­ңіске жеткенімен, сол бәсекелерде небары 6 нокаут тіркелген екен. Бұл жайт айтулы боксшының соққысы әлсіз екенін аңғартады. Және де Вилли бұған дейін тек орта деңгейлі былғары қолғап шеберлерімен күш сынасып келген. Бірақ барлық АҚШ спортшыларына тән тәкаппарлық пен кеудемсоқтық мінез бұл жігіттің де бойында бар екен. Кез­десу қарсаңында Монроның да көпіре сөйлегенін құлағымыз естіді. БАҚ өкіл­деріне берген әр сұхбатында ол: «Мен қатырамын! Мен қырып-жоямын! Мен Головкиннің бет-аузын Қиыр Шығыс-қа қаратамын!» деп бөсті. Ал ақыры не болғаны өздеріңізге мәлім. 

Бәсеке тізгінін Гена бірден қолға алды. Алғашқы минуттардан бастап, жұ­дырығын оңды-солды сілтеген ол аме­ри­калық боксшының бас көтеруіне мүм­­кіндік бермеді. Екінші раундта Вилли екі рет есеңгіреп барып, есін әзер жиді. Сол мезетте және содан кейін де жек­-пе-жекті мерзімінен бұрын аяқтау­ға Головкиннің талай мүмкіндігі болды. 

Бірақ жерлесіміз асыққан жоқ. Ол Мон­роның да кеңінен көсілуіне мүмкіндік берді. Алайда беті қайтып, жүрегі шай­лығып қалған қарсыласы құлап қал­маудың қамын ойлап, барлық уақытын тек қорғанумен өткізді. Ең болмағанда ер жігітке тән мінез көрсете алмады. Көп ұзамай Генаның шыдамы тау­сыл­ды. Алтыншы раундта ол қарқынын күрт күшейтті. Бір мезетте GGG-ның солақайы Виллидің басына дәл тиді. Монро еденге құлады. Төреші онға дейін санағанша, АҚШ боксшысы ор­нынан әзер тұрды. Бірақ жағдайдың мән-жайын жақсы түсінген қазы жек­пе-жекті тоқтатты. Техникалық нокаут! 

Осыдан бір ай бұрын ғана 33 жасқа толған Геннадий Головкин кәсіпқой ринг­те 33 жекпе-жек өткізіп, 33 рет же­ңіске жетті. Ол 30 қарсыласын есінен тандырды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Вилли Монроны жеңгеннен кейін жер­лесіміз Майк Тайсонның рекордын жа­ңартты. АҚШ-тың атағы жер жарған боксшысы кезінде қатарынан 19 кезде­суде өз қарсыластарын нокаутқа жі­берген болатын. Ал Головкин қатары­нан 20 жекпе-жекте айқын жеңіске қол жеткізді.