Басты  /  мақалалар  /  Экономикалық көштің бағыты түзу

Экономикалық көштің бағыты түзу

Айхан ШӘРІП
1950
Экономикалық көштің бағыты түзу Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысы индустриалық аймақ­тарды жобаларды іске қосуда өзге өңірлерге үлгі көрсетіп отыр. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысы алғашқылардың бірі болып индустриалдық аймақ ашты.

Тоз-тозы шыққан «Фосфор» зауыты­ның 337 гектар аума­ғы қайта қалпына келтіріліп, үлкен өндірістік орынға айналды. Бүгінде «Оңтүстік» индустриалдық аймақта 45 кәсіпорын жұмыс істеуде. Онда 3,3 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 19 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бүгінде 26 жобаның құрылысы жүргізілуде. Жалпы, аймақта 76,8 млрд. теңге игеріліп, 6,7 мың жұмыс орны бар 71 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, бюджеттік 1 теңгеге 13,2 теңге жеке инвестиция тартылған. Жаңа ашылған кәсіпорындар бюджетке 3 млрд. теңгедей салық төледі. Демек, инфрақұрылымға жұмсалған 5,8 млрд. теңгенің жартысын беріп қойды деген сөз. Алдағы жылдары бұл аймақ өзін-өзі толық ақ­тайды деген сенім бар. 

Бұдан бөлек, Шымкентте «Тассай» индустриалдық аймағының құрылғанын айтуға болады. 89 гектар алқапты алып жатқан бұл аймақта құны 27,1 млрд. теңге тұратын 4 мың жаңа жұмыс орнын қамтитын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Олардың ішінде 144 жұмыс орны ашылатын «инфузиялық ерітінділер шыға­ратын фармацевтикалық зауыт», «НПО Зерде» ЖШС – дәрі-дәрмек шығаратын фармацевтикалық және «Marai E7 Group» ЖШС – медицинаға арналған бұйымдар шығаратын зауыт құры­лыстары, «Asiatrafo» АҚ – қуаттылығы 220-500 кВ трансфор­маторлар өндірісі, «Жібек жолы транс логистик» – тігін бұйым­дарын шығару, «Мега Смарт» ЖШС – жылтыр МДФ плиталарын шығару, «РАМ» ЖШС – «элиталы жиһаз шығару өндірісі», «Дал Қазақстан» – диализатор және гематологиялық регенттер өндірісі, «Шымкент Автоматика» ЖШС – электр қосалқы станса­лары мен жәшіктерін шығару өндірістері бар. Техникалық-эко­номикалық негіздемесі аяқталған құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын инфрақұрылым жұмыстары биыл басталады. 

Сондай-ақ халықаралық әуежай жанынан үшінші Қазақ-Түрік индустриалдық аймағы құрылды. Аумағы 50 гектар болатын жер телімдерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 2,2 млрд теңгеге техникалық экономикалық негіздеме және жо­балық-сметалық құжаттама әзірленді. Бұл аймаққа құны 34,9 млрд. теңге, 600 жұмыс орнын құрайтын 10 инвестициялық жоба бекітілді. Атап айтқанда, «Embawood» ЖШС – панельдік, жұмсақ және кеңселік жиһаздар, «Отан Кабель» ЖШС – кабель, «Строй Сегмент» ЖШС – бояғыш заттар, «Gold Aliminum» ЖШС – радиаторлар, «Ege plast» ЖШС – тамшылатып суаруға арналған полиэтилен құбырлар, «Emek boru Kazakhstan» ЖШС – болат құбырлар, «Kaz Aliminum» – аллюминдік қаңылтыр және Түр­кияның бірнеше компаниясы фольга мен ортопедтік бұйымдар, мұздатқыштар шығаратын жобаларды пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Төртінші, бадам индустриалдық аймағы құрылуда. 153 гектар жерге орналасатын аймаққа құны 46,7 млрд. теңге тұратын, 2140 жұмыс орнын құрайтын 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде 1 жоба 2015 жылы іске қосылады. «KAZKIOTI» ЖШС корейлік Daedong компаниясымен бірлескен тракторлар өнді­рі­сінің құны 11 млрд. теңге болып, онда 400 жұмыс орны ашылады.

Бұл индустриалық аймақта 100 адам жұмыспен қамтылатын жүк машиналарын шығаратын «Kazakhstan Automobile Industry» ЖШС жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ «РТ-Оңтүстік Энерго» – өнеркәсіпте пайдаланылатын насостар шығару зауытта 300 жұ­мыс орны, «Арт Тек Кран» ЖШС – Камаз базасындағы арнайы техника шығаратын орында 140 жұмыс орны, «Karlskrona LB AC» ЖШС – болат балқыту зауытында 300 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге келешекте инвестициялық жобасы іске асатын «Центрально-Азиатский автомобильный завод» ЖШС – VolksWagen және ГАЗель, NEXT миниавтобустарын шығарумен 300 адам, «Оптимо» ЖШС – YTONG маркалы автобустарын құрастырумен 600 адам айналысады. 

Құжаты дайын бұл жобалардың жүзеге асуы оңай болған жоқ. Облыс әкімінің бастамасымен инвесторлар табу үшін шетелдерге барды, 17 қалада Оңтүстік Қазақстан облысының форумы өткі­зілді. Форумда шетелдіктерді облыстың ішкі ресурстарымен та­ныстырды. Нәтижесінде, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея, Түркия және басқа елдердің ірі компаниялары келіп жұмыс істей бастады. Олар облыстың өнеркәсібі үшін 1,5 млрд АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құйып отыр.