Басты  /  мақалалар  /  Құрылыс компаниясымен қырқысып жатыр

Құрылыс компаниясымен қырқысып жатыр

Айхан ШӘРІП
1482
Құрылыс компаниясымен қырқысып жатыр "Кикілжіңге себеп болған құрылыс! Алматыда бір топ тұрғын аулаларында үй салуға қарсы шықты",- деп хабарлайды КТК арнасы.

Айтуларынша, ешқандай рұқсатсыз құрылыс жұмыстарын бастаған фирма 9 қабатты тұрғын үйді заңсыз салмақ. Қоршалған биік дуалдардың кесірінен көпқабатты үйлерге кіріп-шығуы да қиындаған. Сондықтан жұрт құрылыстың дереу тоқтатылғанын талап етіп отыр.

Мамырдың келуімен көпшілік жазғы демалысын жоспарлауға кіріссе, Алматының мына ауласындағы жұрт кезекті мердігермен алысуды бастайды.  Себебі 9 қабатты екі тұрғынүйдің ортасындағы 3 сотықтай жер 2008 жылдан бері 6 мәрте сатылып, зәулім ғимарат салынуға оқталғандар жыл сайын бой көрсетеді екен.

“Бұрын бұл жер көше болатын. Қоршау жұма күні сағат екіден кейін қойылды. Жел құлатып тастап еді оны алды да бүгін қайта көтеріп тастады. 9 қабатты  үй салады. Біздің суымыз, құдықтардың барлығы осы жерде. Телефон, ыстық су мен суық су, септик барлығы өтеді”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Топаргул Түстікбаева.

Жердің ендігі иесі «KAYRA» деп аталатын серіктестік екен. Жер телімін былтыр сатып алған фирма биыл 9 қабатты үй көтеруді жоспарлап отыр. Бірақ маңайдағы елмен келісуді олар да естен шығарған сияқты. Тіпті тұрғындардың кіріп-шығатын жолын бітеп, жұмысқа да кірісіп кеткен.

“Ешбір құжатты көрсетпейді. Меншік иесі екенін растайтын бірде-бір құжаты жоқ. Тіпті бізбен тілдесуден бас тартып отыр. Бейресми түрде анықтап көріп едік, бізге сәулет жоспарлау жобасының берілмегенін айтты”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Айгүл Райымбаева.

Бірақ компания өкілдерінің өз уәждері бар. Айтуларынша, құрылысты бастауға барлық тиісті мекемеден рұқсат алынған. Тіпті көрші үй тұрғындарына қолайсыздық тудырмас үшін жерасты көлік тұрағын да саламыз деп отыр.

“Мен оларға кәріз құбырын немесе газ желісін зақымдасақ өз қаражатымызбен жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп түсіндіріп жатырмыз. Өз тарапымыздан қолайсыздық тудырмай, кешкі уақытта жұмыс жүргізбейтіндігіне уәде етемін”, – деді «KAYRA» ЖШС өкіліЕрлік Сағындықов.

9 қабатты мұндай нысанды тұрғын үйге тақап салуға қалай және қай заңға сүйеніп рұқсат берілгенін тұрғындар әлі ұға алмай жүр. Сондықтан дау ұзаққа созылатын сынды. Олар прокуратура шағым түсіріп, мәселені енді сотта шешпек.

КТК