Басты  /  мақалалар  /  Қазақстанда заттар арзандауы ықтимал

Қазақстанда заттар арзандауы ықтимал

Айхан ШӘРІП
1969
Қазақстанда заттар арзандауы ықтимал Еуразиялық экономикалық одақтың басты органы, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірге, адал емес бәсекелестікпен күресетін болды.

Кеше Астанада осы екі құрылымның бірлескен кеңесі өтіп, онда Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және антимонополиялық реттеу жөніндегі министрі Нұрлан Алдабергенов ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Осы меморандумға сәйкес, енді бірлескен жұмыс тобы құрылып, ол қазақстандық кәсіпкерлерге қарсы бағытталған адал емес бәсекелестік, сыбайластық мәмілелер, сон­дай-ақ Еуразиялық одақтың трансшекаралық нарықтарында өндірушілердің үстем жағдайын теріс пайдалануы фактілерін әшкерелеумен айналысады. Соның негізінде жиналған материалдар тергеу-зерттеу жүргізуі, шара қабылдауы үшін Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) тапсырылатын болады. Осылайша, Одақта отандық өндірушілердің құқығы мен мүдделері қорғалмақ.  

– Қазақстан үшін электр қуаты, темір жол қызметі, азық-түлік өнімдері, өнеркәсіптік өндіріс салалары аса маңызды, – деді ЕЭО-дағы өкіліміз, министр Н.Алдабергенов. – Бұл ретте біз өнімдердің көбін Ресей мен Беларусьтен, үшінші елдерден аламыз. Сондықтан өз нарығымызды мықты қорғауға тиіспіз. Төл нарығымызға өзге елдерден әріптестеріміздің енуіне рұқсат еткен екенбіз, онда тең жағдайлар туғызылуға тиіс. Олардың алпауыттары тарапынан теріс пайдалану, кемсіту-дискриминация фактілеріне жол берілмеуі керек!

Оның мәліметінше, адал емес бәсекелестік жүргізген ком­панияларға 3,7 миллион тең­ге айыппұл салынады. Транс­шекаралық нарықтарда ымыраласу арқылы жергілікті өндірушіні жолдан шығаруға күш салған компаниялар тауарды өткізуден түскен пайдасының 15%-ына  дейінгі қаржысынан айырылады.

Еуразиялық одақ 2015 жылғы 1 қаңтарда құрылғандығы мәлім. Сонымен бірге оған мүше елдердің ұлтүстілік монополияға қарсы органы да іске қосылды. Оның қызметін ЕЭК атқарады. Бұған қоса, Минскіде ЕЭО соты жұмысқа кірісті, ол Одақ туралы келісім мен осы Одақ органдарының шешімдерін орындау кезінде туындайтын дауларды қарайды.

Бұл ретте, әсіресе, мүше елдердің шекаралас аймақтарындағы жағ­дайға үлкен мән беріледі екен. Кеше айтылғанындай, Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аудандарында шамамен 20 миллион адам (оның 5 миллионы – біздің елімізде) тұрып жатыр. 

Олар «ұялы байланыс роу­мин­гінің қымбаттығы проблемасына жиі маңдай соғады» екен: 

– Қазақстандық абонент өз Отанында ұялы телефонмен 1 минут тілдесу үшін 7 теңге төлейді. Алайда Ресей шекарасын кесіп өте салысымен, ол осы қызмет үшін 20 есе қымбат – 150 теңге төлеуге мәжбүр, – деді Нұрлан Алдабергенов. – Бүгінде төрт ел арасында жұмыс тобы құрылған. Ол осы мәселені қарап, жұмыс жүргізуде. Біз ұялы байланыс операторларымен келіссөз жүргізетін боламыз. Олардың еш ұтылмайтынын айтамыз: роуминг бағасын бірте-бірте төмендетсе, трафик өседі де, эксперттік бағалау бойынша олардың табысы 79 миллиард теңгеге артады. Соның ішінде қазақстандық операторлардың табысы шамамен 24 миллиард теңгеге өсуге тиіс.    

ЕЭК жүргізген ғылыми-зерттеу жұ­мыстары көрсеткеніндей, роу­минг тарифтерінің халықаралық деңгейге дейін төмендеуі нәтиже­сінде үш ел тұтынушылары 5,5 миллиард теңгеге дейін ақшаларын үнемдей алады. Соның ішінде 2,2 миллиарды – қазақстандық абоненттердің үлесіне тимек. 

Тағы бір алаңдатып отырғаны – өзара әуе байланысы екен. Еуразиялық одақ министрінің дерегінше, мысалы, өзара бәсе­келесетін «Эйр Астана» мен ресейлік «Трансаэро» әуекомпаниялары «Мәскеу-Астана» бағытындағы билет құнын 50-60 мың теңге шамасында бағалайды. Ал ара-қашықтығы бұдан ұзақтау «Мәскеу-Қарағанды» бағытында сол «Трансаэро» отандасы «Аэрофлотқа» бәсеке құрайды және ұшу құны екеуінде 22-25 мың теңге тұрады. Тұтынушылар үшін тарифтердегі мұндай айырмашылықтың себеп­тері еш түсініксіз! 

Елімізде кір жууға арналған ұнтақ өндірісін дамыту қажет. «Синтетикалық кір жуу құралдары нарығында Қазақстанның төл өн­дірісі небәрі 6%-ды ғана құрайды, ал 70%-ы Ресейден жеткізіледі. Қалғаны – өзге елдерден әкелінеді. Мұндай жағдайда жоғары баға белгілеп, соны ұстап тұру, нарықты аумақтарға бөліп алу бойынша картельдік келісімдер жүруі ықтимал. Мәселен, Еуропалық одақта 2002-2005 жылдары ұнтақтар шығаратын ірі өндірушілер Procter & Gamble, Unilever және Henkel арасында бағалық ымыраласу орын алған. Оны Еуропалық комиссия 300 миллионнан астам евро айыппұл салу арқылы ақыры тыйды» дейді ЕЭК министрі.  

Сонымен бірге Еуразиялық одақтың басты органы сырттан импортталатын тауарлардың ресми дилерлер мен тәуелсіз жеткізушілердегі бағаларының алшақтығына да назар аударуда. «Мысалы, Қазақстандағы танымал көлік түрі «Тойота Камри 40»-тың отын сүзгісі (топливный фильтр) ресми дилерде 22 мың теңге, ал өзге сауда орындарында 12 мың теңге тұрады, – деді Нұрлан Алдабергенов. – «Катерпиллар» маркалы арнайы техниканың «С-27 10R7244» қозғалтқышы Ресейде, Қазақстанға қарағанда 55 мың долларға арзан! Бұл баға айырмашылығы қайдан туған? Бұл қаралуы керек. Шетелдік дәрі-дәрмектер де елімізде ең кем дегенде 2 есе және одан да қымбат сатылады» деді ол. 

 

Сондықтан республика «па­раллельді импортқа» жол ашпақ. Яғни Қазақстан тіркелген дистрибьюторлық желілерді айналып өтіп, шетелдік өндіру­шілердің өнімдерін өз бетінше сатып алуға қол жеткізбек. Н.Алдабергеновтың айтуынша, осының нәтижесінде елімізде алда біраз заттың бағасы арзандай бастауы мүмкін.