Басты  /  мақалалар  /  Алаш жұрты Астанада алтын медальдың сыңғырын ести ме?

Алаш жұрты Астанада алтын медальдың сыңғырын ести ме?

Айхан ШӘРІП
1277
Алаш жұрты Астанада алтын медальдың сыңғырын ести ме? Биыл дзюдошылардың әлем чемпионаты Астанада өтетіні баршаға мәлім. Айтулы жарыстың мәні де маңызы да зор.

Өйткені осы бәсекелер барысында Олимпиада ойындарының жолдамалары сарапқа салынып, 2016 жылы Рио-Де-Жанейрода алауы тұтанатын ғаламдық додаға қатысатын балуандар анықталады. Бұл жарыс 24-30 тамыз аралығында «Алау» спорт кешенінде өтеді. 

Қазақстан дзюдошылары ХХІ ғасыр табалдырықтан аттағалы бері ғана дүбірлі додаларда азды-кемді табыстарға қол жеткізе бас­тады. Олимпиада ойындарында Асхат Житкеев қана жүлде алды. 2008 жылы Бейжің Олимпиа­дасында жерлесімізге күміс медаль бұйырған болатын. Әлем чемпионаттарында да олжалаған жүлделеріміз де санаулы. Атап айтсақ, 2011 жылы Мюнхенде қос Асхат – Шахаров пен Житкеев қола медальді кеуделерінде жар­қыратты. 2009 жылы Роттердамда әлем чемпионы атанған Максим Раков арада екі жыл өткеннен кейін Парижде 2-орынды иеле­неді. 2013 жылы Рио-Де-Жа­нейрода Азамат Мұқанов күміс жүлдені қанжығасына бай­лады. Төрткүл дүниенің теңдес­сіздері бас қосқан жарыстарда Қазақстан дзюдошыларының қол жеткізген табысы осымен ғана шектеледі. Егер еліміз тәуелсіздік алғалы бері Олимпиада ойын­дарының алауы 5 рет тұтанып, әлем чемпио­на­тының жалауы 13 мәрте жел­бірегенін ескерсек, әрине, бұл көрсеткішке көпші­ліктің көңілі толмайтыны анық. 

Қазіргі кезде отандық дзю­доның тізгінін ұстап отырған аза­маттар осы спорт түрінің көсегесін көгерту үшін ерінбей еңбектенуде. Жапондар ойлап тапқан күрес түрінің көсегесін көгертеміз деп жанталасып жүрген майталман мамандар мен білікті бапкерлер де жетерлік. Былтыр Инчхонда алауы тұтанған Азия ойындарында Елдос Сметов алтын тұғырға көтерілгенде барша Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуанды. Өйт­кені осы күнге дейін сары құр­лықтың басты додасының бас жүлдесі біздің дзюдошыларға бұйыр­маған еді. Сол жеңісті жолды алтын асықтай ұлымыз бастағанына қатты риза болдық. Сол кезде біздің жігіттер енді Азияның алды болып, әлемдік додаларда да атой салатынына қатты сендік. Дәл осындай көңіл күймен Парсы шығанағына аттандық.

Кувейтте жалауы желбіреген Азия чемпионатына ұлттық құра­маның бас бапкері Ермек Иман­беков еліміздің ең үздік дзюдо­шыларын апарды. Құрамада тек 66 келі салмақта белдесетін Аза­мат Мұқанов қана болған жоқ. Әлем чемпионатында күміс жүл­дені иеленген қандасымыз был­тыр жарақат алып, соның әлегі­мен біраз уақытын жоғалтқан екен. Сол себепті де, бапкерлер оның «сәл тыныстап» алуына рұқсат беріпті. Ал қалған мық­тылардың төрт көздері түгел.

Төрт тұяғын тең басқан тұл­пар­лардай жер тарпып тұрған жеті белді балуан Эль-Кувейт қала­сына келіп тоқтады. Бұл сапардан Қазақстанның ерлер құрамасы 1 күміс және 2 қола медальмен оралды. Максим Раков ақтық сында ұтылса, Елдос Жұмаханов пен Ержан Шынкеев 3-орынға табан тіреді. Әйелдер командасы екі жүлде алды. Екеуі де қола. Оның иегерлері – Ма­риям Ордабаева мен Гүлжан Иса­нова. Бұл, әрине, біз күткен нәтиже емес еді. Астанада өтетін әлем чемпионаты қарсаңында отан­дық дзюдо­шылар Азия чем­пионатының алтын тұғырынан қол бұлғап, өз жанкүйерлерін шаттық пен қуанышқа бөлейтін шығар деп үміттендік. Бірақ бұл жолы олай болмады. Бір сөзбен айтсақ, спорт десе, ішкен асын жерге қоятын сан мың жан­күйердің үкілі үміті ақталмады. 

Осыдан бірер ай бұрын «Ай­қын» газетінің бетінде «Моңғолия дзюдошылары қазақ балуан­дарының «бас ауруына» айналып отыр» деген мақала жазған едік. Мақаланың тақырыбы айтып тұрғандай, соңғы кездері айтулы елдің өрендеріне жиі есе жіберіп жүргенімізді тілге тиек еттік. Одан бөлек, жапон жігіттерін жыға алмай жүргеніміз жайында да әңгімеледік. Сонымен қатар «Теддидей тұлға, Майклдай мар­қасқа өз қандастарымыздың арасынан қашан шығады» деп мақаламызда дзюдо және өзге де, спорт түрлерінде орын алған өзекті мәселелерге кеңінен тоқ­талдық. 

Ал күні кеше ғана аяқталған Азия чемпионатында қалай болды? Біздің жігіттердің жолын қиған кімдер? Енді осы сауалдар төңірегінде ой өрбітіп көрейік. 

Бұл жолы Жапонияның жігіттерімен біздің балуандар төрт рет жолығып, барлық бәсекеде ұтылды. Елдос Сметов (60 келі) Синджи Кидодан, Елдос Жұма­ханов (66 келі) Томофуми Такад­жодан, Дастан Ықыбаев (66 келі) Сойши Хасимото, ал Максим Раков (100 келі) Кайхан Такад­жиден жеңілді. Бір қарағанда таңданыс тудыратындай түк жоқ. Себебі дзюдоның отаны – Күншығыс елі. Олар өздері ойлап тапқан күрес түрі бойынша еш­кімге оңайлықпен есе жібере қоймайды. Және де Жапония құрамасы дзюдодан әлемдегі көшбасшы команда екенін барша жұрт әлдеқашан мойындаған. Бірақ үнемі осындай ойдың же­тегінде жүре беретін болсақ, еш уақытта еңсе тіктей алмайты­ны­мыз анық. Сондықтан да жа­пондардың «ығына жығылып» олардың алдында дәрменсіз күй кешуді доғару қажет. 

Жоғарыда айтылған әңгіме ең бірінші кезекте Елдос Сметовке қа­тысты. Өйткені ол әлемдік рей­тингте өз қарсыласынан әлде­қай­да жоғары тұр. Аса жеңіл сал­мақта бақ сынап жүрген Елдос үздік ондықтың қатарында болса, Синжи Кидо 24-орынды ием­денуде. Тіптен, ол өзінің бірінші нөмірлі балуаны да емес. Жапо­нияда бұл салмақтың үздігі Наохисо Такадо екенін жанкүйер­лер жақсы біледі. Ол әлемдік рейтингте 4-орында тұр. 2-орында – Тору Шишиме (№12). Тек содан кейін барып қана Кидо. Ал біздің мақта­нышымыз, Азия ойын­дарының жеңімпазы Сметов Күншығыс елінің үшінші нөмірлі дзюдо­шысынан ұтылды. 

Кезінде 100 келі салмақ дәре­жесінде көш бастаған Максим Раков бұл күндері сол тізімде 12-орында тұр. Әрине, бұл жаман көрсеткіш емес. Және де Азия чемпионатында күміс медальді иеленудің өзі де оңай шаруа емес­тігін жақсы білеміз. Бірақ жер­лесіміздің кімнен жеңілгенін білсеңіз, төбе шашыңыз тік тұруы мүмкін. Ал қараңыз, Кайхан Такаджи – әлемдік рейтингте небәрі 88 сатыға табан тіреп тұрған Жапонияның бесінші нөмірлі балуаны.

Дастан Ықыбаев та өзінен шеберлік деңгейі әлдеқайда төмен дзюдошыдан ұтылды. 73 келі салмақтағы төрткүл дүниенің мықтылары тізімінде қазақ жігіті 31-орынды иемденуде, ал Сойши Хасимотоға бұйырғаны небәрі 107 саты. Тіптен ол Күншығыс еліндегі үздік бестіктің қатарынан да енбейді. Осы орайда тек Елдос Жұмахановқа өкпе жоқ. Ол әлемдік рейтингте үздік ондық­тың қатарында жүрген Томофуми Такаджо сынды белді балуанға ұтылды. 

 Сол секілді қазақ жігіттері Өзбекстан мен Тәжікстанның өкілдеріне екі реттен ұтылды. Өзбектердің жайы белгілі. Бұл елде дзюдо күресінің даму барысы өте керемет. Олимпиада ойын­дары мен әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделерінің саны жағынан олар қазақтардың алдын екі орайды. Бұл жолы Дастан Ықыбаев пен Ислам Бозбаев (90 келі) «ала тақиялыларға» есе жіберді. Ал тәжіктердің алдында тізе бүгетіндей жөніміз жоқ еді. Памир тауы етегінен келген ерлерге Ислам Бозбаев пен Ержан Шынкеев (+100 келі) есе жіберді. Ол аз десеңіз, былтырғы жылғы Қазақстанның ең үздік дзю­дошысы атанған Елдос Сметов Қырғызстан спортшысынан жеңіліп қалды. 

 Бірақ бұл чемпионат біз үшін тек осындай көңілсіз жайт­тармен ғана есте қалды деп айтудан ау­лақпыз. Әсіресе, көп­шілік Елдос Жұмахановқа риза болды. Ол бастапқы бәсекелердің бірінде әйгілі Ришод Собировты ұтқанда баршамыз қатты қуандық. Өзбек дзюдошысының атағы алысқа жайылған. Ол – әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері, Гранд Слам, Гран-при және әлем кубогы секілді додаларда 8 рет жеңіс тұғырына көтерілген сақа спорт­шы. Міне, осындай азулы қар­сыластан қаймықпаған Елдос бұл бәсекені өз пайдасына шешті. 

 Елімізде аса ауыр салмақ дәрежесінде халықаралық аре­нада табысты өнер көрсетіп жүрген бір ғана балуан бар. Ол – Ержан Шынкеев. Алайда соңғы кездері оның да қарқыны бә­сеңдеді. Шынкеевтің орнын бас­қан өзге өрендер сыртқа шықса болды, жеңілістен бір бас көтер­меді. Есесіне бұл жолы Ержан ерледі. Азия чемпионатында қола медальді иеленген нар тұлғалы азамат өзінің қайта бабына келе бастағанын байқатты. 

 Ислам Бозбаевқа да айтар өкпеміз жоқ. 2013 жылдың қа­раша айында абайсызда аяғына оқ тиген өреніміз ұзақ уақыт бойы емделді. Сол аралықта бірнеше балуан 90 келі салмақ дәрежесінің тізгінін ұстауға ұмтылды. Бірақ ешқайсысы жарытып өнер көр­сете алмады. Ал Ислам болса, 14 ай бойы ем-дом қабылдап, тата­миге қайта оралды. Оралған бетте Гран-при додасының қола ме­далін еншіледі. Кувейтте ол төрт белдесу өткізіп, екеуінде жеңіске жетті. Нәтижесі – бесінші орын. Бірақ біз Исламның қандай жанкешті әрі жігерлі жігіт екенін  жақсы білеміз. Сондықтан да оның жеңісті күндері алда екеніне сенімдіміз. 

 Жоғарыда есімдері аталған жігіттерден бөлек, Азамат Мұ­қанов бар. 2013 жылғы әлем чем­пионатының күміс және 2014 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері жарақатынан енді ғана айықты. Өзінің алғашқы тур­ниріне ол келесі айда қатысады. Қал-жағдайын білу үшін арнайы жолыққанымызда: «Жазылғаннан соң жаттығуды қайта бастадым. Қазір көңіл күйім жаман емес. Алда біздің жігіттерді үлкен сы­нақтар күтіп тұр. Сол жарыс­тарда мен де барынша нәтижелі өнер көрсетуге күш саламын. Бәрі Алланың қолында. Бұйыртса, өзімнің өрелі өнеріммен қазақ жұртын әлі талай қуантамын»  деп Азамат жылы ғана жымиды. 

 

Міне, енді бізді Астанадағы өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр. Осы жарыста Қазақ елінің өрендері өз жанкүйерлеріне қуаныш пен шаттық сыйлайды деп үміттенеміз. Төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан додада Алаш жұрты алтын медальдің сыңғырын естуге тиіс.